Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

QAZVAC ҚОЛДАНЫСТА

Қазақстан отандық екпе көмегімен коронавирусқа қарсы егу науқанын бастады. QazVac деп аталатын бұл препарат қазірі таңда клиникалық сынақтың үшінші сатысынан өтуде. COVID-19 індетіне қарсы отандық екпені жасау індеттің алғашқы күнінен бастап қолға алынған болатын.

Ғалымдарға бұл үшін біраз уақыт қажет болды. Медициналық препарат Денсаулық сақтау министрлігінде клиникалық сынақтан өтіп жатқан кезде қазақстандықтар ресейлік «Спутник V» екпесін салдыруға бел байлаған еді. Екпе науқаны басталған үш айдан соң қазақстандық екпе дайын
болды. QazVac екпесі бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау реестріне енгізілді. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының директоры Айнагүл Куатбаеваның айтуынша, қазақстандық екпе қорғаушы антидененің пайда болуына ықпал етеді. Ғалымдардың мәлімдеуінше, мұның сыртында қазақстандық вакцина өзінің шетелдік аналогтарымен салыстырғанда алып жүруге және сақтауға қолайлы, яғни ерекше баптауды қажет етпейді. Мысалы оған арнайы қатал температуралық режим қажет емес. QazVac екпесі Цельция градусы бойынша, 2-8, Фаренгейт градусы бойынша 35-46 аралығындағы температурада сақталады. Бұл оны аймақтарға тасуды жеңілдетеді. Мұндай нәтижеге оны жасаудың алғашқы сатысында ғалымдар таңдаған әдістің арқасында қол жетті.
Бүгінгі таңда отандық екпенің алғашқы 50 мыңы елдің аймақтарында таратылды. Өкілетті органның мәлімдеуінше тағы 50 мыңы мамыр айында
шығарылатын болады. Одан соң құзырлы орын бұл өнімнің өндірістік қуатын жарты миллионға жеткізуді жоспарлап отыр. Денсаулық сақтау министрі
Алексей Цойға екпе тікелей эфирде егілді. Екпеден соң журналистерге Алексей Цой өзін жақсы сезініп тұрғанын айтты. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің твиттердегі парақшасында Қазақстан өзінің отандық екпесін дайындаған санаулы елдің бірі екенін айтып, оны жасауға қатысқан барлық ғалымдар мен мамандарға алғыс айтты. Сонымен қатар, бұл препараттың барлық қазақстандықтарға қолжетімді болуы үшін өндірісі
ұлғайтылатынын жеткізді. Қазақстан өз аумағында ресейлік «Спутник V» екпесінің өндірісін іске қосқан бірінші ел. Цой мырзаның айтуынша, басталған екпе бойынша науқан аясында 1 016 809 адам егілді. 26 сәуірге берілген ресми мәлімет бойынша 19 миллион халық арасында 309 мың адам Ковид-19 вирусын жұқтырып, олардың 3570-і қайтыс болған.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий