Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ҚАРАУСЫЗ БАЛА ҚЫЛМЫСҚА ҰРЫНАДЫ

Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздегі қылмыс түрлері жасарып келеді дегенді естігенде таңқалатынбыз. Бүгінде оған етіміз үйреніп кетті. Өйткені, жасөспірімдер арасында қылмыс өршіп тұр.
Мамандардың айтуынша, кәмелет жасына толмағандардың жұмыссыз қалуы, оларды жұмысқа тұрғызу мәселесінің тиісінше шешілмеуі, өзі ұнататын еңбекпен айналыспау, бос уақытты мазмұнды пайдаланбау мен отбасында қамқорлықтың болмауы – жасөспірімдерді қылмысқа итермелейтін себептер. Кейбір ақпарат көздері бойынша, жасөспірімдер жасайтын қылмыс үлесі – 53% болса, оның ішінде тонау – 10 %-ды, ал қарақшылық
шабуыл – 15%-ды құрап отыр. Жыл сайын ішкі істер органдарына әртүрлі құқық бұзушылығы үшін 100 мыңға жуық жасөспірім жеткізілсе, оның 9 мыңнан астамы немесе жеткізілгендердің жалпы санының 9,4%-ы панасыз және қадағалаусыз қалған балалар. Әлеуметтанушылардың айтуынша,
көптеген жасөспірім қылмыскерлердің күнделікті іс-әрекеттеріне отбасы, оқу орындары, еңбек ұжымдары тарапынан ешқандай бақылау болмағандықтан, соңы қылмыстық әрекетке ұласып жатыр. Ал психологтар кәмелетке толмағандардың криминалды белсенділігі жасөспірімдік жастағы тұлғалардың жас ерекшеліктерімен байланысты дейді.Олар бұл кезеңде жаңалық ашуға, осыған дейін беймәлім нәрсені көріп, білу мен өзінің дұрыстығын дәлелдеп беруге ұмтылып тұрады екен. Сонымен бірге, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың көбеюі балалардың бос уақытын ұйымдастыра алмауы мен олардың нақты бір мақсат-мүддесінің жоқтығынан. Бұл тұрғыда ата-аналардың көпшілігі жұмысбастылық салдарынан балаларына жеткілікті көңіл бөлмейтіндігін де айта кету керек.
Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Осыған байланысты, Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған 19 бейімдеу
орталығы жұмыс істеп тұр. Одан өзге биыл кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және заңды өкілдерінің алып жүруінсіз тұрғын үй-жайлардан тыс жерлерде болғаны үшін 1607 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алайда, Алматының ювеналды полициясының мәліметіне сүйенсек, жасөспірімдер арасында қылмыс, керісінше, азайған екен. Яғни, 2021 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша Алматы қаласында жасөспірімдер қылмысы 36%-ға, оның ішінде ауыр қылмыс түрлері 16,6%-ға төмендеген. Бұл ретте қылмыстың 52,6%-ын сырттан келген жасөспірімдер жасаған. Ал кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар саны 24,3%-ға азайған. Дегенмен, өкінішке орай, кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқығын қорғау аясында атқарылып жатқан іс-шаралардың шамасы жасөспірімдердің қылмыстылығын түбегейлі жоюға келмей тұр.

Эльвира АЛИМОВА, ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясының Қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының доценті, PhD докторы, полиция полковнигі:

– Соңғы үш жылда жасөспірімдер арасындағы қылмыс жиіледі. Атап айтсақ, кісі өлтіру, ұрлық, тонау, бұзақылық, алаяқтық қылмыстары белең алуда. Тіпті, алдын ала жоспарланып, дайындалып, техникамен жабдықталған қылмыстар да бар. Бұл қылмыстарды жасөспірімдер көбінесе топтасып жасайды. Кәмелетке толмағандар жасайтын қылмыстардың арасында ерекше орын алатыны – бұзақылық. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарында мектеп жасындағылар «пышақтап кеткен»,«атып кетті» деген ақпараттарға құлағымыз үйрене бастады. Меніңше, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың көбеюіне әсер ететін бірнеше фактор бар. Мысалы, отбасындағы қолайсыз жағдай, сабаққа бармау, экономикалық жағдайдың төмендігі, өздерінің құқықтарын дұрыс білмеуі деп ойлаймын Жалпы, кәмелетке толмағандардың тұлға ретінде
толық қалыптасып жетілмеуін және қылмыстық жазалаудың тұлғаға өте ауыр әсерін есепке ала отырып қылмыстық жаза тағайындауда кәмелетке толмағандар үшін біраз жеңілдіктер қарастырылған. ҚР заңдарына сәйкес кәмелетке толмағандарға өлім жазасы және өмір бойы
бас бостандығынан айыру түріндегі жазалар қолданылмайды. Сонымен қатар, ҚР ҚК 79-бабына сәйкес кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жазалардың түрлеріне мыналарды жатқызуға болады: айыппұл, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу, қамау, бас бостандығынан айыру. Бұл жазалар тағайындалған кезде де белгілі бір шектеулер қолданылады. Мысалы, айыппұл – кәмелетке толмаған сотталушы жалақы алатын болса немесе оның тәркілеуге жататын мүлкі болса ғана тағайындалады. Шындығында, жасөспірімдер арасындағы қылмыс – бүгінгі қоғамның ауруы. Оны емдеу және алдын алу шараларын қолдану қажет. Ол үшін мемлекеттік органдармен байланыс орнату, жастар арасында патриоттық сезімді, мәдени құндылықтарды дамыту керек. Сонымен қатар жастардың құқықтық сауаттылығын көтерген дұрыс. 

Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ

Комментарий