Жаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

АПАТҚА КІНӘЛІЛЕР АНЫҚТАЛҒАН ЖОҚ

ӨМІР ЖОЛЫНЫҢ ТАҚТАЙДАЙ ТЕГІС ЕМЕСТІГІ БАҒЗЫДАН БЕЛГІЛІ ҒОЙ. МЫНА ӨМІРДЕ КЕЗДЕСІП ҚАЛАТЫН ІРІЛІ-ҰСАҚТЫ ОҚИҒАНЫ СОҒАН СЫЙҒЫЗЫП ҚОЯ САЛАТЫНЫМЫЗ ТАҒЫ БАР. ОСЫНДАЙДАН ҚАНШАМА ЖАН ЖАПА ШЕГІП, ОЛАРҒА ЗӘБІР КӨРСЕТКЕН ҚЫЛМЫСКЕР ЖАЗАСЫЗ ЖҮР…

Өз басымнан өткен жағдайды баяндай кетейін. 2019 жылдың 20 қаңтарында кешкі сағат 20:00 шамасында облыс орталығындағы Шевченко көшесінің бойында тұрған 2 адамды көлік қағып, екеуін де ауыр халде тастап, қашып кетеді. Сол екеудің бірі менің балам Нұрбол Абназаров еді. Үлкен ұлыма хабар ертерек тигенмен, денсаулығымды ойлап маған айтпапты. Нұрболымның қалалық аурухананың жансақтау бөліміне түскенін ертесі білдім. Барсам, балам ес-түссіз жатыр екен, сыртынан ғана көрдім. Дәрігерлер де ештеңе айта қоймады. Баламның жағдайы ауыр екендігі жай көзге де көрініп тұр. Тек бар білгеніміз, Нұрболдың қазіргі жағдайы отаны көтермейтіндігі. Дәрігерлер баламның беті бері қараса, отаға кірісетінін айтып жұбатты. Амал не, Нұрболым сол жатқаннан есін жимастан үзіліп кетті.
Баламды жер қойнына тапсырған соң, мәселенің мән-жайын білмекке полиция департаментіне хабарластық. Жол-көлік оқиғасы болған жерге қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерлері барыпты. Ешқандай дәлелдеме таппай тек, «екі адамды маркасы белгісіз көлік қақты» деген ұйғарым жасап қайтқан көрінеді. Адам өліміне соқтырған оқиғаны жасаған «Лада Приора», «Ауди 80» немесе «Фольксваген» автокөлігі деп болжам жасапты.
Артынша баламды көлік қаққан жерге өзім де бардым. Сол маңды байқастап жүргенімде жақын маңдағы үйлердің бірінен шыққан әйел менің зардап шеккен жанның әкесі екенімді білгесін қолыма жаңа ұялы телефон салынған пакет ұстатты. Сөйтсем, балам оны соның алдында ғана сатып алған екен. Оқиғадан кейін жол жиегінде жатыпты. Полицейлердің осыны аңғармағанына қайран қалдым.
Жол-көлік оқиғасы болған жер қуыс-қалтарысы көп, Батыс мөлтекауданындағы көпір арқылы сыртқа да шығып кетуге қолайлы аумақ. Оқиға болған
жерден Мерей, Батыс мөлтекаудандары арқылы қала сыртына қарай 4 көше өтеді, оларды 8 көше қиып жатыр. Осы ауданда 3 мектеп бар. Егер полиция қызметкерлері көшелерді жауып, сабақтан қайтқан оқушылардан сұрау алып, тиісті деректерді дер кезінде жинастырғанда қылмыс істеген көлік алысқа ұзамас еді. Баламды қаққан көліктің бақылау камерасына дұрыс түспегені де көңілімдегі күдікті қоюлатып отыр. Кейін есімізді жиып, сол аудандағы бейнекамераларды қарадық. Бірақ кеш қалыппыз, оқиға болған күні түсірілген таспалар уақыты өткендіктен өшіріліп кетіпті. Осыдан кейін облыстық полиция департаментіне, прокуратураға арыз жаздық, неше мәрте бардық. Бірақ, еститініміз «іздеп жатырмыз» деген бір жауап. Осы аралықта полиция департаментінде неше басшы ауысты. Бәріне де хабарластық.
Құқық қорғаушылардан қайран болмағасын сол тұстағы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа арыздандым. Облыс басшысынан да, оның салаға жетекшілік ететін орынбасары Серік Сүлейменовтен де ешқандай жауап болмады. Әкімдіктегілердің өзі мәселемізге жүрдім-бардым қарағасын басқаларға не жорық?! Бірақ мен ізденуді тоқтатқан жоқпын. Мемлекет басшысына да арыз жазып, Ішкі істер министрлігі арқылы тоқтап қалған істі қайта қозғаттық. Қазір қолыма полициядан келген бір бума қағаз ұстап жүрмін. Осы бір дорба қағаздың орнына «Балаңды қаққан қылмыскер табылды» дегенді естісем, көңілім жай табар еді. Біздің құқығымызды қорғауға тиісті мамандардың мәселеге селсоқ қарауы тіпті кейде көңіліме күдік ұялататынын да жасырғым келмейді.
Балам осыдан бұрын он жыл Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп келген. Кейде «сол Кореяда жүргенде осындй жағдайға ұшыраса не істер едім..» деп өзімді сабырға шақырам. Бірақ өз ортасына сыйлы, әрдайым жарқырап жүретін ұлымды өлтірген қылмыскердің жазасыз қалғаны есіме түскенде жаным шырқырап кетеді. Сөз соңында сұрарым, ұлымды өлтірген қылмыскер қашанғы тайраңдайды? Оқиға болған жерді жүрдім-бардым қараған полиция қызметкерлері жауапқа тартылды ма? Жергілікті полиция департаментінің басшылығы жалтарма сөзбен құтылмай, осы сұрақтарға шын жауап берсе екен.

РЕДАКЦИЯДАН:
Оқырман хатына орай Қызылорда облысының полиция департаментіне хабарласқан едік. Құзырлы орган өкілі жол апатына кінәлілерді әлі де іздестіріп жатырмыз депті. Екі жыл ішінде қозғалмаған бұл істің біздің сұрауымыздан кейін алға жылжитынына сеніміміз аз. Ал қапыда баласынан айырылған ата-ана екі жылдан бері әділдік іздейміз деп құзырлы орындардың есігін қағып, шығарып салма жауап естуден әбден шаршаған. Оларға «жазалаймыз, табамыз» деген сырғытпа сөзден гөрі, нақты іс керек. Жол апатына қатысты бұл істің алдағы қозғалысын «Заң газеті» бақылауында ұстайтынын қаперге салғымыз келеді.
Оспан АБНАЗАРОВ,
Қызылорда қаласының тұрғыны 

Комментарий