Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ИНТЕРНЕТТЕГІ АЛАЯҚТАР

Әлеуметтік желідегі сауда-саттықтың қыр-сырын меңгерген алаяқтар қара базардағы әккі алыпсатарлардан асып түсті. Арзан баға мен тегін жеткізу қызметін ұсынушылар күн сайын әлеуметтік желідегі жеке парақшамызға жазылып, түрлі науқан мен жеңілдіктер туралы жарнамасымен қызықтырып қояды. Әрине, ұтымды ұсыныс, қолжетімді баға көпшіліктің көңілінен шығады. Ондайда арзанның құны татымайтынын елей бермейміз.

Бас қаладағы жағдай бас ауыртатын халде
Елімізде интернеттегі алаяқтықтың саны күннен-күнге өсіп келеді. ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, биыл үш айдың өзінде осындай 6824 қылмысты тіркелген. Бүгінде бас қаладағы жағдай бас ауыртатын халге жеткізіп отыр. Нұр-Сұлтанда еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда интернет-алаяқтық ең көп тіркелген. Былтыр өсім 59% -ға жетіп, жартысынан көбі ашылмаған. Өйткені, қылмыскерлердің көпшілігі іс жүзінде өзге елдерде болғандықтан, оларды табу мен жазалау өте қиын.
Пандемияны пайда табудың көзіне айналдырған әккілердің әрекетінде шек жоқ. Өзін Құралай деп таныстырған келіншек дүкен сөресіндегі құнды көйлекті әлеуметтік желіден жүз есе арзан бағада көргенде алғашында өз көзіне өзі сенбегенін айтады. Сондықтан бірден тапсырыс беруден бас тартып, ойланып көргісі келетінін жеткізеді. Бірақ интернет дүкеннің иесі Құралайға күн сайын қоңырау шалып, әртүрлі акциялар туралы әдемі ұсыныстар жасайды. «Таңдаған тауарымды пошта арқылы жіберетіндерін айтқан соң, толық соманы төледім. Бірнеше күннен кейін тауарым келді. Сөйтіп алған затымды көрсем, мен таңдаған көйлектен мүлде басқа. Сапасыз дүниені жіберіпті. Тапсырыс берген телефон нөміріне хабарлассам, қоңырау бармайды. Интернеттегі шағым кітабынан дәл мен секілді сатушыны іздегендердің қарасы көп екенін білгенде, алданғанымды түсіндім. Дереккөздер арқылы іздестіріп едім, қаладағы ескі теміржол бекетінің кассасын көрсетті», – дейді Құралай.

Жеңілдік десе желп ете қаламыз
Интернеттегі сауда жасау және қызмет көрсету қарқыны өскен сайын алаяқтар да сан түрлі айлаға көше бастады. Қазір өздерін банк қызметкері
ретінде таныстырып жеке деректерді иемденіп алған соң, онлайн-несие рәсімдейтіндер көбейген. Сондай-ақ, жалған интернет-хабарландырулар
орналастырып, түрлі сайт жасайтындардың да қармағына ілінгендердің қарасы жетерлік. Мысалы, Instagram әлеуметтік желісінде әйелдер киімін
сату туралы жалған хабарландыру жариялап 40 адамды сан соқтырған Жамбыл облысының тұрғыны ұсталды. Қарағанды облысында да ғаламторда
автобөлшектерді сату бойынша жалған хабарландыру орналастырған 23 алаяқтың қолына кісен салынған. Ал Солтүстік Қазақстан облысында азаматтар құжатының көшірмесін пайдаланып, онлайн-кредит ресімдеу жолымен 50 ұрлық жасаған алаяқ ұсталды. Биыл наурызда WhatsApp мессенджерінде «ставкадан Касса» атты чат анықталған. Онда спорттық оқиғаларға тиімді ставкалар арқылы 50% кіріс алу ұсынылған. Чат әкімшісі Тараз қаласының тұрғыны болып шыққан, оның қитұрқы әрекетінен 30-дан 100 мың теңгеге дейін ақша салған 14 азамат жапа шегіпті. Шымкентте де уатсап арқылы ақшаны көбейтіп беруге кеңес қылған алаяқ тұрғындарға 4 млн. теңге материалдық залал келтірген. Киберқылмыспен күрес қызметінің мамандары қылмыскерлер ақша мен жеке деректерге қол жеткізу үшін әлеуметтік инженерия әдістерін қолданатынын айтады. Бұл азаматтардың ұялы телефондарына «банк өкілі» ретінде хабарласып, азаматтардың карточкалық шотындағы күдікті операциялар туралы хабарлаған кезде тіркеледі. Олар банкке қажетті деген сылтаумен пластикалық картаның дерегін, нөмірін және артқы жағында көрсетілген 3 таңбалы кодты
нақтылауды ұсынады. Кейде алаяқтар кез келген уақытта қоңырау шалып немесе абоненттік нөмірлерге СМС-хабарламалар жібереді де, компанияның бірлесіп жүргізіп отырған шаралары туралы хабарлайды. Одан кейін сізге науқанның байланыс операторымын деп, оның нәтижелері бойынша абоненттік нөміріңіз ұтысты болғанын жеткізіп, сүйінші хабар айтады. Бір қызығы, ұтысты тұрғылықты жерден емес, басқа қаладан алу немесе оның құнын пластикалық картаға аударуды ұсынатындар көп. Мысалы, жыл басында Павлодар қаласының тұрғыны өзін «Самсунг электроникс» ЖШС қызметкері ретінде таныстырып, құнды жүлденің ұтыс билетін беріп жіберу үшін жәбірленушілерден 10 мыңнан 50 мың теңгеге дейін талап еткен.

Әлеуметтік инженерия: ол не?
Қазір алаяқтар қолданатын әлеуметтік желілер арасында Telegram мессенджері алдыңғы қатарға шыққан. Соңғы уақытта өзге адамның әлеуметтік желідегі аккаунтын пайдаланып, қаржылай көмек сұрайтын алаяқтардың әрекеті әлдеқайда көбейген. Бұған дейін танымал тұлғалардың, әлеуметтік желі белсенділерінің жалған аккаунттарын жасау арқылы азаматтардан ақша сұрау жиі кездесетін болса, қазір алаяқтар қарапайым азаматтардың өзіне ауыз салуға көшкен. Алаяқтық схемасы қарапайым. Олар кез келген адамның әлеуметтік желідегі жалған аккаунтын жасап, сол арқылы оның жақын туыстарына, достарына не өзге таныстарына хат жазу арқылы белгілі бір банк картасына ақша аударуын сұрайды. Мұндай деректер, әсіресе, Telegram мессенджерін пайдаланушылар арасында жиілеген. KZ-CERT компьютерлік оқиғаларға әрекет ету қызметінің мамандары шабуылға ұшырағандардың әлеуметтік желілерде байланыс деректерінің дербестігін сақтамағанын, сондай-ақ, байланыс деректерінің еркін таралып кеткенін көреді. «Мәселен, сіз белгілі бір зат не тауарды сату туралы хабарландыруды интернетте орналастырдыңыз делік. Алаяқтар сізге хабарласып, оны сатып алу жөнінде келісіп, банктік картаңызға тауарға ақша аудару үшін сілтеме жібереді. Одан әрі сілтеме бойынша өтіп, банк картаңыздың CVV/
CVC-коды көрсетілген деректерін енгізу ұсынылады, оларды енгізген соң банк картасының шотынан ақша алынады. Осылай алаяқтар әлеуметтік инженерияның көмегімен төлем картасының мәліметін алып, қаржыға оңай қол жеткізеді», – дейді қызмет мамандары.
Нұр-Сұлтан қаласы ПД КПБ киберқылмыспен күрес бөлімінің бастығы, полиция майоры Талғат Бөлегенов елордада өздерін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар азаматтардан банк деректемелері мен СМС-парольдерін түрлі жолмен қолды еткенін айтады. Мәліметтерге оңай қол жеткізген әккілер елорданың 300-ден астам тұрғынын сазға отырғызған. Olx және kolesa жеке жарнама сайтында да алаяқтардың арбауына түскендер көп.
Сайттарда тауарларын сатылымға қойғандарға алаяқтар іс жүзінде жоқ жеткізу қызметін ұсыныпты. Олар сатушыларға осы сайтқа ұқсас сілтемені жіберіп, сауалнама толтыртқанда банк картасының деректемелері бар сұраққа жауап беруін өтінеді. Осындай тауарынан бір, жинақтарынан екі айырылған 600 зардап шегуші алаяқтардың үстінен арыз жазған. Құқық қорғаушылар тұрғындарды интернеттегі әккілердің әрекетінен абай болуға шақырғанымен, кибер алаяқтардан зардап шеккендердің саны азаяр емес. Осы жылдың I тоқсанында елорда аумағында 1200 интернет-алаяқтық тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп.

Оңай олжа опық жегізеді
Оңай олжаға кенелемін деп опық жеп қалмау үшін қарапайым ғана қауіпсіздік шараларын сақтап, дербес деректерді өзіңнен басқа ешкімнің білмеу керектігіне назар аудартқан ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов, құпия мәліметті тіпті банк немесе полицейлердің өзіне айтпауды ескертеді. Оның ішінде, белгісіз сайттарды тексермей тұрып, алдын ала төлем жүргізбеуге шақырады. Қазіргі жағдайда тауарды алғаннан кейін ғана төлем жасамаса, күмәнді мәмілелердің соңы сан соқтыруы мүмкін. Ал смартфонға немесе компьютерге функционалдығы белгісіз қосымшаларды орнатудан аулақ болған жөн. Әйтпесе, күмәнді қосымшалардың өзінен қауіп бар. Бұдан бөлек, телефонға
келетін түрлі сілтемелер мен спам-жіберілімдерді ашамын деп, алаяқтардың арбауына түсіп қалу әбден мүмкін.
Жадыра МҮСІЛІМ

Комментарий