Елең еткізер | АктуальноЖаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

БЕРЕКЕ БАСТАУЫ — БІРЛІК

«Береке бастауы – бірлік, ел іші – тату тірлік» қағидасын ұстанған елімізде 1 мамырда атап өтілетін Қазақстан халқының бірлігі күні мейрамының орны ерекше. Ынтымақ пен бірлікті паш ететін бұл атаулы күн 1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан Президентінің Жарлығы бойынша жарияланып, 1996 жылдан бастап тойланып келеді.

2021 жылы 28 сәуірде «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» күн тәртібіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы өтті. Сессияға төрағалық еткен Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандар алдында сөз сөйледі. Елбасы кең байтақ Қазақстандағы барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуына жұмылдырып отырған бірегей институт
қызметінің қорытындысын шығарып, оның ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында мемлекетіміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық негіздерін қалыптастыру мен нығайтуға қосқан үлесін және тарихи маңызын атап өтті.
– Осы жылдар ішінде мен әрдайым халықтың татулығын, бақуат әрі үйлесімді өмірін, еліміздің қауіпсіздігін, тұрақтылық пен тыныштықты басты
орынға қойдым. Соғыс, діни және этносаралық қақтығыстар халқымыздың тыныш өміріне қауіп төндірмеуін, біздің байтақ Отанымыз бейбітшіліктің
құтты мекені болғанын қаладым. Бүгінде сол арманым орындалды. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға сәйкес, маған Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы лауазымын өмір бойы атқару құқығы берілген. Жалпы, мен сіздермен барлық уақытта бірге боламын әрі одан бас тартпаймын. Дегенмен, Ассамблеяны басқаруға қатысты бірқатар құзырет еліміздің Президентіне жүктелген. Тіпті, бұл да маңызды емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы тірек ретінде іс басындағы Президенттің жанында тұруы тиіс және екінші жағынан Мемлекет басшысы да Ассамблеяға арқа сүйейді. Сондықтан мен Ассамблеяны басқару құқығымды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдадым», – деді өз сөзінде Елбасы. Сессия жұмысына қатысқан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы» мәртебесін беруді ұсынды. Сессия барысында Елбасы Ассамблеяның алдына қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті одан әрі нығайту бойынша нақты міндеттер қойды. Алқалы жиын соңында Үндеу қабылданып, Елбасының татулық пен келісімнің қазақстандық бірегей моделін құрудағы тарихи рөлі айрықша аталып өтілді.

Татулықтың бірегей үлгісі
Елбасы құрған бірегей институт Н.Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатының мәні мен мақсатын ашып көрсете отырып, Қазақстан халқын
біріктіруге басымдық берді. Тағдыр табыстырған, тарих тоғыстырған түрлі этнос өкілдері азаттықтың арайлы таңында ортақ Отанымыздың іргесін бірге қаласты. Алғашқы күннен-ақ, мызғымас бірлік пен татулықтың көрінісіне айналған Ассамблеяға кепілдендірілген Парламенттік өкілдіктің берілуі де оның қоғамдағы рөлін арттыра түсті. ҚХА құрылған сәтінен бастап қоғамдық инфрақұрылымдарды біріктірді. Бүгінде Ассамблея аясында 1025 этномәдени бірлестік жұмыс істейді, оның ішінде 28-і республикалық мәртебеге ие. Сондай-ақ еліміз бойынша 40 Достық үйі тұрақты жұмыс істеп тұр. Әр халықтың төл мәдениетін, тілін, ділін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Толеранттылықты сақтап, елімізді ұлтаралық келісім мен бірліктің мекені ретінде әлемге танытып, бірліктің қазақстандық бірегей үлгісі қалыптасты. Өнегелі ізгі бастамаларымен жаһандық бейбітшілікке зор ықпал еткен Қазақстанның тағылымды тәжірибелері әлем жұртшылығына үлгі болды. БҰҰ Бас хатшылары Кофи Аннан мен Пан Ги Мун Қазақстанға келген сапарлары барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметімен танысып, «Ассамблея принципі БҰҰ-ның жұмыс принципімен толық сәйкес келеді» деп атап өтті.
Қазақстан 1992 жылдың 30 қаңтарында Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) мүшелігіне қабылданғалы бері елімізге табан тіреген ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар жөніндегі Жоғарғы комиссарлары Макс Ван дер Стул (1996 ж.), Рольф Экеус (2005 ж.), Кнут Воллебек (2007, 2009
жж.), Астрид Турс (2015 ж.) Қазақстанның даму үдерістері мен ұлтаралық саяси бағытына жоғары баға берген болатын.«Этникааралық ынтымақтастықтың үздік моделін құру жолында Қазақстанда ауқымды жұмыстар жүргізілгені көрініп тұр. Соның нәтижесі болар, бүгінде Қазақстанды мекендеген әрбір этникалық топтың мүшесі өзін үлкен бір отбасының мүшесі ретінде сезінеді. Мұның барлығы менің өз көзіммен көрген шындық. Сондықтан қазақстандық модель секілді жемісті тәжірибелердің маңызы жоғары. Бұл қоғамдық қақтығыстарға қарсылық танытудың тиімді шешімі болып табылады», – деп баға берген еді ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары Ламберто Заньер.

Ассамблея атқарған шаралар
Әлемді жайлаған COVID-19 індеті басталып, елімізде коронавирус пандемиясына қарсы жарияланған төтенше жағдай кезінде Ассамблея алғашқылардың бірі болып «Біз біргеміз!» республикалық акциясын іске асыруға атсалысты.Акция аясында ҚХА мүшелері жалпы сомасы 1 млрд 497 млн теңгеге көмек көрсетті. 2 млн 200 мыңнан астам медициналық маска таратты. Су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғындарына 335 тонна гуманитарлық көмек және құрылыс материалдары жіберілді. Ассамблеяның «Мың алғыс» қайырымдылық бастамасы аясында 7 мың медицина қызметкерінің отбасына 77,7 млн теңгеге көмек көрсетілсе, «Мектепке жол» акциясы барысында 6 мың
оқушыға ноутбук таратылды. Сонымен қатар Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Жыр орталығы» онлайн-жобалары, «abai175» челленджі, халықаралық онлайн-конференция, «Біз Абаймен біргеміз!» онлайн поэзия фестивалі ұйымдастырылып, этнос өкілдері Абайдың өлеңдерін оқып, әлеуметтік желілерде 1 мыңнан аса бейнеролик жариялады.
Волонтерлар жылында Ассамблея 30 орталық құрып, 12 мың волонтердің қатысуымен 1200 іс-шара өткізілді, 430 мың адамға гуманитарлық көмек
көрсетілді. «Автоволонтерлік» жобасы бойынша облыс орталықтарында 50-80 автокөлік провизорлық госпитальдарға қызмет көрсетіп, көмек таратумен айналысты. Мемлекеттік тілдің рөлін күшейту және оны этносаралық қатынас тіліне айналдыру мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының қазақ тілін үйрену жөніндегі Бірінші конгресі және дәстүрге айналған жыл сайынғы «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы өткізілді. «Даналық әліппесі» және «Абай» интерактивті кешендері енгізілуде, «Қазақтану» және «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобалары іске асырылуда,
«Мәміле» және басқа да қазақ тілін оқыту клубтары жұмыс істейді. Халық бірлігі мерекесі күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді. Ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың алтын бесігін тербетіп отырған діні басқа, тілі басқа болғанымен, бір шаңырақ астына жиналған тілегі бір ұлт пен ұлыс өкілдерінің татулығы жүректерге сенім, көңілдерге қуаныш ұялатады.Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбір Қазақстан азаматының міндеті. Ендеше, бағалай білгеннің ғана басында бақыт тұрақтайтынын естен шығармайық.
Дайындаған
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті» 

Комментарий