Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

«Төрт баласы қалды»: Арыста қаза тапқан әскеридің туысы мән-жайды айтып берді

Арыста қаза тапқан әскери қызметкер кеше жер қойнына тапсырылды.

33 жастағы Бауыржан Мұсабекұлы Әлімбеков – Арыс қаласының тумасы. Сол жердегі әскери бөлімде келісімшартпен жұмыс істеген. Sputnik Қазақстан сұхбат берген жездесі Қуаныш Нарыбаев қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді.

Оның айтуынша, бірден анық ақпарат түспей, туған-туыстары суық хабарды тек кешке қарай естіген.

«Олар азанда жұмысқа баратын кезде «стройда» тұрған ғой. Сол кезде өртті көрген. Барлығы жүгіріп барды. Сөйтіп, снарядтар жарылған ғой. Қашқан кезде сондай жағдай болып, қайныма тиген. Ол хабарды кешке естідік, әртүрлі мәлімет болды. Ешкім дұрыс ақпарат бере алмады. Кешке анығын естідік», – деп әңгімеледі Қуаныш Нарыбаев.

Кеше, маусымның 25-сінде Бауыржанды жер қойнына тапсырды. Оның артында төрт баласы қалды. Үлкені сегіз жаста болса, кішісі – алты айлық нәресте. Бауыржан отбасымен бірге Арыста әке-шешесінің пәтерінде тұрған.

«Әкесі ерте қайтыс болып кеткен. Анасы ғана бар. Сол кісілердің пәтері ғой. Барлығы бірге тұрған. Жарылыстардан кейін қалада барлық пәтерлердің терезелері сынған дейді», – деді ол.

Бауыржан отбасындағы жалғыз ұл болған. Өзінен үлкен екі апасы және бір қарындасы бар. Туған жері – Арыс қаласы. Туған-туыстары да сол жерде тұрады.

«Бауыржан ақкөңіл жігіт. Ешкімге зияны жоқ… Біз оған, ол бізге келіп тұрды. Мен қазір Шымкенттемін. Арысқа барған жоқпын. Ол жақта жағдай тынышталды деп отыр. Әркім әртүрлі айтып жатыр», – дейді Нарыбаев.

Оның айтуынша, министрлік тарапынан көмек беру жайын әлі ешкім қозғаған жоқ.

«Әзірге ешкім ешнәрсе деп жатқан жоқ. Қиын жағдай болып жатқасын…Содан кейін қозғалмаса әңгіме», – деді Нарыбаев.

Қазақстандықтарды дүрліктірген жарылыс 24 маусым күні таңертең болды. Түркістан облысы Арыс қаласындғы әскери бөлім аумағында өрт шығып, оқ-дәрілер жарылған.

Сол күні Түркістан облысында төтенше жағдай жарияланды. Қауіпсіздік мақсатында қала тұрғындары жақын маңдағы елді мекендерге көшірілді.

Соңғы мәліметтер бойынша төтенше оқиға салдарынан қаза тапқандардың саны үшке жетті. Бүгін ауруханада тағы бір әскери қызметкер көз жұмды. Медициналық мекемелерде тағы 2 әскери қызметкер ауыр халде жатыр. Бұдан бөлек, 9 әскери адам сан алуан жарақат алған.

Жарылыстан кейін қару, басқаларға қауіп тудыратын заттар мен нәрселерді сақтау ережесін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Комментарий