Судья мінбері | Судебная система

Гендерлік теңдік кемсітушілікке жол бермейді

Гендерлік саясат ел дамуының басты бағыттарының бірі. Тәуелсіздік алғалы 30 жыл ішінде еліміз ер мен әйелдің құқығын, заңдық мүддесін қорғауда елеулі жетістіктерге жетті. Қазақстандық гендерлік саясатты қалыптастыруда халықаралық тәжірибелер қолданылды. Конституцияда мемлекеттің басты қазынасы – адам екені айқындалып, әйел мен ердің теңдігі нақты көрсетілді. Заң мен сот алдында барлық адамның теңдігі, соның ішінде жыныстық белгілері бойынша ешкімнің де дискриминацияға тартылмайтындығы, сондай-ақ, ана мен әкенің тең деңгейде қорғалатындығы бекітілді.

Гендерлік теңдік адам құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқаратындықтан, бұл мәселеге қоғам тарапынан барынша назар аударылды. Қазақстан Республикасында Әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі мемлекеттік саясат тұжырымдамасын бекіткен Тұңғыш Президент тең құқықтар мен мүмкіндіктерге қол жеткізу мақсатында гендерлік теңдікті қамтамасыз ету институттарын қалыптастырып, бұл тұрғыдағы заңдарды жетілдіру, әйелдердің құқықтарын қорғау жұмыстарын жалғастыру, т.б. ауқымды міндеттер қойды. Елімізде әйелдер, оның ішінде аналар мен балалар құқығын қорғауға байланысты қоғамдық ұйымдар құрылды. Қазақстан БҰҰ-ның әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтіп, қорғау саласындағы құжаттарына қосылды. Солардың бірі БҰҰ-ның «Әйелдерге қатысты дискриминацияның барлық формаларын жою туралы» конвенция. Президент әкімшілігі жанынан Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Бұл комиссия елдегі әйелдер мүддесін көздейтін, мемлекеттік органдар мен халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар арасын байланыстыратын дәнекерге айналды.

Отбасы институты мемлекетімізде әлеуметтік қорғаудың айрықша нысаны ретінде қаралады. Себебі, дамудың жаңа кезеңінде адами капиталдың сапасына әсер ететін барлық әлеуметтік институттардың арасында отбасының рөлі қашан да маңызды. Гендерлік теңдік отбасы мүшелерінің тұрмыстық, экономикалық, тәрбиелік және басқа да маңызды функцияларын орындау жауапкершілігін қамтамасыз етеді. Алайда, отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайлары түбірімен жойылды дей алмаймыз. Статистика орта есеппен алғанда әрбір үшінші әйелдің өз өмірінде ұрып-соғуға, сексуалдық мәжбүрлеуге, басқа қатыгездік түрлеріне ұшырайтынын көрсетіп отыр. Бұл тұрғыда мемлекетімізде арнайы заңдар, атап айтқанда, «Ерлер мен әйелдердің тең құқығы мен тең мүмкіндіктеріне берілетін мемлекеттік кепілдіктер туралы», «Тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдар қабылданды. Отбасылық және гендерлік саясат бағдарламасының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы жұмыс істейді. Аталған құжат қоғамдағы олқылықтарды жойып, гендерлік саясатты жан-жақты дамытуға бағытталған.

Қазақстанда гендерлік саясат Президент пен мемлекет қолдауына ие. Өзге елдерден басты ерекшелігі де осында. Мемлекетімізде гендерлік саясатты ұстанатын, қолдайтын басты заңнамалық құжаттардың негізі қаланып, нормативтік база жүйелі түрде жетілдірілуде. Соңғы жылдары билік пен шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлес салмағы артты. Ғылым мен білім, денсаулық, т.б. салаларда да бұл көрсеткіш жоғары. Әйелдер қауымы мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласында еңбек етуде. Гендерлік теңдік саясаты мемлеттік тұрғыда жоғары деңгейде жүзеге асып жатқандықтан Қазақстанда отбасыға, ана мен балаға қолдау көрсетудің кешенді жүйесі нық қалыптасқан деп сеніммен айта аламыз.

Мұхит Мұқашев,

Ақтау қалалық №2 сотының судьясы

Комментарий