Жаңалықтар | Новости

ТҮРМЕДЕГІ НАРАЗЫЛЫҚ

Ақтау қаласының іргесіндегі ГМ 172-де 6 түзеу мекемесінде шу шықты. Жазасын өтеушілер ел Президенті мен Бас прокурорға бейне-үндеу жолдап, көмек сұрады. Олар түрме қызметкерлері аяусыз ұрып-соғып, мазақ етіп, қоқан-лоқы көрсетеді деп отыр. Мұндай суыт хабарды естіген сотталушылардың туған-туыстары түрме алдына жиналып, қорлықты доғаруын талап етті.
Жазасын өтеуші:
-Аяғымды бастырмай жүр. Аяқ көрсетейін десем медбөлімшеге шығармайды. Аяғым ісіп кеткен, ісіп қоймай жатыр. Табанымнан ұрып, дубинкамен ұрып. Дымын қалдырмай ұрып тастады. Бүйрегімді, аяғымды.
Қапастан келген осындай сөз жазылған бейне-үндеу шалғайдағы туыстардың мазасын қашырды. Олар сотталушыларды ұрып-соғып, күш көрсететіні туралы жиі естиді. Темір тордағы бассыздықты доғарсын деген талаппен бір топ ата-ана түрме алдына жиналды. Егер қинау әрекеттері жалғасатын болса, онда министрілікке дейін баруға бел буып отыр. Жазасын өтеушінің туысы Тілектес Асылбекқызы: “Осы жерде жұмыс жасайтын жұмысшылар ұрып соғып үсті- басы көк ала. Аяғын баса алмай жатыр. Аяғы ісіп кеткен. Сол видеосы менде бар. Маған жіберді. Мен осы жерге келіп тұрған жайым бар. Жазасын өтеп жатқандар тынышымен өтесін. Ешқандай қорлық, зорлық болмасын. Менің сұратыным сол”,-деді.
Сотталушылардың туыстары абақты қызметкерлері темір торда отырғандардың құқығын таптады деп наразы. Жәбір көргендерге толық медициналық көмек көрсетілмейді деп шағымданып отыр. Сотталушылар осындай жағдай бірнеше рет қайталанған соң қасық жұтуға, өмірімізді қиюға дейін бардық деген хабар берген. Ал, түрме басшылығының өз уәжі бар. Қапастағылар өздеріне назар аударту үшін темірлерді әдейі жұтып қояды, оларға зорлық-зомбылық көрсетілмейді деп ақталды.
Азат Сәдуов ГМ 172/6 түзету мекемесі басшысының орынбасары:
-Ұстау режимін жеңілдету мақсатында ахуалды тұрақсыздандыру мақсатында сондай заңсыз іс әрекеттерге барады. Сотталған Төлетаев та, Жакуповта осындай қасық жұтып алды деп айтады. Оны біздің қызметкерлер жұтқызбайды.
Шу шыққан түзету мекемесіне қоғамдық бақылау комиссиясы барып, 7 сотталушымен жеке-жеке сөйлескен. Қазір бұл іс бойынша тексеріс басталды.
Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюросының директоры Александр Муханың айтуынша,
комиссиямен бірге түзеу мекемесінде сотталушыларды тыңдаған. Енді олар жазбаша арызын беруі керек. Сотталушылардың айтқандары дәлелденсе, бұл іс прокуратураға жолданады.
Тексеріс бір аптадан соң аяқталады. Егер түрмедегі ұрып-соғу расталса, зорлық көрсеткендерге қатысты қылмыстық іс қозғалады. Ал, жазасын өтеушілер жалған ақпарат берген болса, рақымшылықтан айырылады.
Жазира Қуанышбекқызы

Комментарий