Судья мінбері | Судебная система

Медиацияның маңызын түсіндіру міндет

Сот саласында жүзеге асып жатқан тың бастамалар бүгінде өз нәтижесін беруде. Дегенімен, жүйе жұмысын одан әрі жақсартып, жаңғырту шаралары тоқтап қалмақ емес. Керісінше, әділ сот төрелігін атқаруда ел азаматтарының құқықтары мен мүдделерінің жоғары деңгейде қорғалуының тиімді тетіктері күннен-күнге жетілдіріле береді. Бұл тұрғыда бізге бабалардан бастау алған билер институтының берері мол десек, солардың ең бастысы – медиация. Дана билеріміздің кез келген дауды бір ауыз сөзбен шешіп, дауласушыларды өзара келісімге келтіруі бізге қашан да үлгі.

Баламалы рәсімдердің басты артықшылығы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да өзара тиімді мәмілеге келе алады. Медиацияның қолданылуына келсек, ҚР Медиация туралы заңының талабына сай, ел заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, өзге де құқықтық, сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар, қылмыстық теріс қылықтар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын дау-жанжалдар мен атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар баламалы тәсілдермен шешіледі. Мұндай істерді бітімгершілікпен, яғни, тараптарды татуластыру, келісімге келтіру, жәбірленушінің кешірім жасауы арқылы шешудің маңызы зор.

Мәселен, қылмыстық істерде тараптар келісімге келсе іс сотта бейбіт келісім ретінде мақұлданады. Ал, ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстық істер бойынша келтірілген залалдың орнын толтыру туралы екі жақты келісім жасалса, іс қысқартылады. Қылмыстық сот ісін жүргізу барысындағы медиация қылмыстық процессуалдық заңында белгіленген сотқа дейінгі және сотта іс жүргізу мерзімдерінде жүзеге асырылады.

Сотта процеске қатысушыларға медиация рәсімдеріне жүгіну, сондай-ақ,  осыған қатысты қылмыстық заңдар ережелері және медиация тәртібінде татуласу құқығы түсiндiріледi. ҚР Қылмыстық кодексінің 67-бабымен процестік келісімнің барлық талабын орындаған адамның қылмыстық жауаптылықтан босатылу мүмкіндігі қарастырылған.  Бірақ, бұл баптың бірінші бөлігінің ережесі, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты он төрттен он сегізге дейінгі адамға қатысты кәмелетке толмаған жасаған жағдайларды қоспағанда, мұндай қылмыс жасағандарға қолданылмайды. Қылмыстық жауаптылықтан босатуда кәмелеттік жасқа жетпегендерге тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары қолданылады.

Осы Кодекстің 68-бабында қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратпайтын онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмысқа барған адамға жәбірленушімен, арыз берушімен медиация тәртібімен татуласып, келтiрiлген зиянды өтеуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылатыны нақтыланған. Мұндай мүмкіндікке кімдердің ие екені аталған бапта жан-жақты айқындалған.  Адам өлімі, сыбайлас жемқорлық, террористік, экстремистік, яғни, дәрежесі ауыр және аса ауыр қылмыстарда медиация қолданылмайды. Сотталушы да, жәбірленуші де баламалы тәсілді таңдай алады. Тағы бір тоқталарлығы,  қылмыстық сот өндірісі барысында жүргізілетін медиацияның ерекшеліктері Медиация туралы заңның 24-бабымен реттелген. Бұл қандай ерекшелік десек, тараптардың медиация туралы шарт жасасуы қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатпайды. Тараптардың бірі кәмелеттік жасқа толмаған болса медиация рәсіміне педагог, психолог немесе оның заңдыі өкіл қатысуы міндетті.

Медиаторды тыңдауға келісу және осындай рәсімдерге жүгіну медиация тәртібінде ғана татуласуды шешуге тараптарды міндеттемейтінін, процеске қатысушылар кез келген уақытта сот отырысының залына қайта орала алатынын тараптардың түсінуі маңызды. Сот медиация туралы келісімнің ерікті түрде жасалғанын анықтап, қылмыстық жауаптылықтан босату туралы сот төрелігін іске асырады.

Қателік жасап, қылмысқа ұрынған азаматтың қатарға қосылуына, өз ағаттығын түсінуіне қылмыстық медиация мол мүмкіндік береді. Қазақ халқы қашан да татулықты ту еткен десек, дала заңында түйткілді мәселелерді өзара келісіммен шешудің баламалы тәсілдері бұрыннан бар. Бізге соларды жаңғыртып, медиативтік келісімге деген оң көзқарасты қалыптастыру маңызды.

А.Жилкибаева,

Түрксіб аудандық сотының судьясы

Алматы қаласы

Комментарий