Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАН БАЛАЛАР КӨБЕЙДІ

Бір жылдан бері дүние жүзін дүрбелеңге салған коронавирус дерті кейінгі кезде елімізде өрши түсті. Ересектерді баудай түсіріп жатқан қауіпті індет балаларды да аяйтын емес. ҚР Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының мәліметіне сүйенсек, биыл наурыз айынан бастап Қазақстан бойынша 0 мен 18 жас аралығында 1961 бала коронавирус індетіне шалдыққан. Ал бүгінде 164 бала аталған індеттен ем алып жатыр.

Қауіпті дертті жұқтырған балалардың басым көпшілігі әлі күнге дейін «қызыл аймақта» орналасқан Алматы қаласында тіркелген. Мұны мамандар
соңғы кезде коронавирус инфекциясының жаңа британдық штамының пайда болуымен байланыстыруда. Алматыдағы балалар клиникалық жұқпалы
аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айнұр Уәлиеваның мәлімдеуінше, бүгінгі таңда аталған денсаулық сақтау мекемесінде 71 бүлдіршін ем алып жатыр. Олардың ішінде 20 нәресте бір жасқа толмаған, 17-сі – 1-4 жас аралығындағы сәбилер, 24-і – 5-14 жас аралығындағы жеткіншектер, ал 10 бала 15-18 жас аралығында екен. Абырой болғанда, барлығының жағдайы қанағаттанарлық, жансақтау бөліміне түскендер жоқ.
Жалпы, коронавирустың балалар арасында өршуі наурыз айындағы мерекелерден кейін басталған.
– Наурыздың екінші жартысында біздің мамандар 72 баланы емдеп шығарды. Ал сәуір басталғалы 176 бала дертінен сауықты. Сәуір айының алғашқы онкүндігінде 139 бүлдіршін науқасынан айығып, үйге шығарылса, 11-19 сәуір аралығында жазылып шыққан балалардың саны 107-ні құрады, – дейді Айнұр Уәлиева.
Нұр-Сұлтан қаласында да жағдай мәз емес. Наурыз айында коронавирус жұқтырғандардың арасында 14 жасқа дейінгі балалардың көбейгені байқалған. Олар науқастардың жалпы санының 20,3%-ын құрайды. Соның ішінде 2-6 жас аралығындағы балдырғандардың індетке шалдығуы 1,6 есеге өскен. Өткен аптада 210 жағдай тіркелсе, соңғы жеті күнде олардың саны 339-ға жеткен. Дәрігерлер 18 жасқа дейінгі балаларға вакцина салынбайтындықтан, ата-аналарды барынша сақтануға шақырып отыр. Сонымен қатар балаларды түрлі вирустық аурулардан қорғап, иммунитетін көтеру үшін алдымен тамақтану жағын қолға алған дұрыс. Яғни, дұрыс және уақытында тамақтану. Жаз мезгілінде жеміс-жидек пен көкөністерді
көбірек жеу керек. Сол секілді ет жеген және сұйықты мол ішкен иммунитет үшін пайдалы. Одан бөлек, ойнап, жүгіріп-секіруі де қалыпты және қажетті нәрсе. Тағы бір айтып өтетін маңызды дүние – егер баланың бұрыннан қандай да бір дерті болса, оның да алдын алып, ерекше қорғанған жөн. Себебі, вирустың таралуы кезінде бір ауру екінші ауруға теріс ықпал етеді екен. Баланың бойында COVID-19 жұқтырғандағы алғашқы белгілері – қызу көтерілу, әлсіздік, тәбеті азайып, мұрын біту, жөтел, көзінен жас ағу, жүрегі айну, іш өту пайда болғанда, бірден медициналық көмекке жүгіну қажет.
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий