Жаңалықтар | НовостиСаясат | Политика

Азамат ӘБІЛДАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: АУЫЛДЫ ҚОЛДАЙТЫН ҚОР САҚТАЛУЫ КЕРЕК

Мемлекет басшысы өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «ҚазАгро» мен «Бәйтерек» холдингтерін біріктіруді тапсырды. Бүгінгі таңда бұл шара аяқталды, алайда шешімін таппаған мәселелер бар. «Бәйтерек» холдингі өз құрылымын оңтайландыруды жалғастыруда. Жоспар бойынша «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы «Аграрлық несие корпорациясының» еншілес ұйымына айналады.

Ал, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мүлдем жойылмақ. Оңтайландыру ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бұл мәселе терең әрі жан-жақты қарауды қажет етеді. Себебі ауыл шаруашылығын қолдау қорын тарата отырып, біз ауылдағы ұсақ фермерлердің, қосалқы шаруашылықтардың, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің тұтас бір шоғырынан айырылып қалуымыз мүмкін. Өйткені, ол қордың негізгі міндеті – шағын несие беру, яғни шағын бизнесті дамыту. Қор 2005 жылдан бері шағын несие берумен айналысады. Осы кезеңде 385 млрд теңге шағын несие берілді, басым бөлігі ауылдық жерлерде тұратын 167 мың шағын кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болды. Бұл жай ғана сандар емес, олардың артында тұрған қарапайым ауыл тұрғындары, кешегі жұмыссыздар, фермерлер, кәсіпкерлер және көп балалы отбасылар. Қор ауыл шаруашылығымен байланысты жобаларды ғана несиелендірмейтінін атап өткіміз келеді.
Олардың қатарында ауылдағы қызмет көрсету мен сауда саласы бар. Бұның бәрі – тек қана қордың қаржыландыратын шағын бизнестері. Банк саласы үшін бұл сегмент іс жүзінде қызығушылық тудырмайды. Бүгінде республика халқының шамамен 41 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Олардың үштен бірі дара кәсіпкерлер немесе жеке қосалқы шаруашылықтарда жұмыс істейді. Ірі өндірушілердің емес, дәл осы ауыл тұрғындары, ауыл шаруашылығы мен жалпы ауыл бизнесін дамытудың көзі болып табылады. Жыл сайын қор 12 мыңға жуық қарыз береді – бұл 60 млрд
теңгеге жуық қаражат. Егер отбасы орта есеппен 4 адамнан тұратынын ескерсек, қор жыл сайын шамамен 50 мың адамды жеңілдетілген несиемен қамтиды. Қарапайым ауыл азаматы шағын бизнесін қаржыландыру үшін банкке бара алмайды. Өйткені, сіз кез келген банкке кіріп, өз жобаңызды ұсынып, сіздің жалғыз кепіліңіз ауылдағы үйіңіз екенін айтсаңыз, олар сізбен сөйлеспейді де.
Ал, қорда ол үй кепілдікке алынады, тұтынушы төмен пайызбен несие алады және ауыр шарттарға құлдыққа түспейді. Сондай-ақ, қор агроөнеркәсіпті сақтандырумен айналысады, бұл құрғақшылық немесе жаңбырмен шаю жағдайында тәуекелдерді төмендету дегенді білдіреді. Қордың функциялары мен тұтынушыларын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға беру нұсқасы неге әкелуі мүмкін? Бүгінгі таңда аграрлық несие корпорациясы ірі бизнес-жобаларға бағытталған. Осылайша ресурстардың жетіспеушілігіне байланысты ауылдық жерлерде шағын бизнесті несиелеу көлемі айтарлықтай қысқарады. Бұл Президенттің ауылдағы шағын несиелермен бизнесті қолдау қажеттілігі туралы тапсырмаларын ескермеу деп санаймын. Шағын бизнес ешқандай жағдайда зардап шекпеуі керек, осы саланың ерекшеліктері мен артықшылықтары ескерілуі тиіс. Өкінішке орай, қажетті құрылымдар қайта құрылған немесе толығымен жойылған кезде туындаған көптеген мысалдарды білеміз, бірақ уақыт өте келе оларды қалпына келтіруге тура келген болатын. Жұмыссыздықты азайтуды, жаңа жұмыс орындарын құруды, ауыл тұрғындарына олардың кәсіпкер ретінде қалыптасуы, ауылдық инфрақұрылымды дамытуға көмектесуді ескере отырып, «Бәйтерек» холдингінің құрамында әлеуметтік міндеттерді шешетін қор қызметіндегі әлеуметтік құрамдас бөлікті сақтап қалу керек.
Дайындаған А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий