Жаңалықтар | НовостиСаясат | Политика

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА ДЕГЕН ҚҰРМЕТТІ ҚАЛАЙ АРТТЫРАМЫЗ?

Соңғы кездері ұлт намысына тиетін түрлі әрекетімен көзге түсіп, қоғам наразылығын туындатып, артынша кешірім сұраған видеосымен жауапкершіліктен оңай құтылып кететіндердің қатары артып барады. Бұл ұлт намысын төмен бағалағанымыз ба, әлде тәртіп бұзушыларға қатысты жазаның жеңілдігі ме? Мамандар пікірімен тақырыпты талқыға салып көрген едік…

 

Өмірәлі Қопабаев, заңгер:

Тұтас ұлттың тіліне, мәдениетіне, жеріне жалпы халқына тіл тигізушілерге жаза қатаң болуы керек. Негізі бізде әлеуметтік, ұлттық, рулық, діни араздықты қоздырғандарды жауапқа тарту туралы арнайы заң бар. Егер адам қандайда бір араздықты қоздыру үшін әрекет етсе, онда ол осы аталған бап бойынша жауапқа тартылуы керек. Мәселе осы заңның орындалуында болып тұр. Бәрін кешірім сұратып, кешіре берсек әрине ұлтты сыйламаушылардың қатары арта береді. Сондықтан әлі де болса осы заңды күшейту керек. Ұлттың намысын ойнатуға болмайды.

«Сондай-ақ өз өзіңді жаттай сыйла жат жаныңнан түңілсін» деген сөз бар. Бір сәт «осы неге кез келген адам қазақ халқына, тіліне, жеріне тіл тигізгісі келіп тұрады» деп бір сәт өзіміз де ойланып қоюымыз керек. Өзіміз өзге тілде шүлдірлеуді сән санасақ, басқалар неге біздің тілімізді үйреніп, құрметпен қарап, сыйлауы керек?! Әрине қазағына керек болмаған тіл басқаға керек емес. Алдымен қазақ өз ана тілін сыйламай тұрса өзгеден жауапкершілік, сыйластық күту дұрыс емес. Сондықтан бір мәселенің ұшы өзімізде де жатыр. Ел ішінде ұлттық салт дәстүрімізді, ана тілімізді, белгілі тұлғаларымызды жас ұрпаққа көбірек насихаттап, ел ішінде осындай ұлттық құндылықтарымызды қадірлей білуіміз керек. Содан кейін барып, «тіл үйренгім келмейді», немесе «Қазақстан маған керек емес» деген адамдарды елден шығарып жіберуге, қомақты айыппұл төлеттіруге болады. Қазір Абайдың кім екенін білмейтін жастар көп. Демек идеология саласында да ақсап жатырмыз.

Осыған дейін де елімізге келген шетелдік туристердің ұлт бола тұра, ұлттық дүниелерімізге, ана тілімізге қырын қарағанымызға, көшеде барлық адамның орыс тілінде тілдескеніне таң қалып қайтқанын естіп жүрміз. Мемлекетіміздің ертеңі жарқын болсын десек осындай нәрселерге мұқият болу керек. Бәлкім кешірім сұратып, қоя салуымызға да осы бір ең алдымен өзіміздің ұлттық дүниелерімізге немқұрайлы қарағанымыз себеп болып отыр ма деп ойлаймын.

 

Дос Көшім, саясаттанушы:

Кешірім сұрап жатса да, кешірім бермеуімізге де болады ғой. Өзімізге де сол кешірім сұрай салғаны, сөйтіп істі тезірек жылы жауып қоя салғанымыз керек болып отырған секілді ғой. Әйтпесе «намысымызға тиді» деп сотқа бергендер, әлеуметтік желіде наразылық танытқандар істің жылы жабылғанын қаламаса қайтадан үстінен арыздануларына болады ғой. Бірақ біз көбінесе мұндай істерге самарқаумыз. Соттасып жүргіміз келмейді. «Арызқой» деген сөзден қашамыз. Ал шетелде соттасу деген өз құқығыңды қорғау саналады. Біз үшін істің тезірек біткені керек болып тұрады. Сондықтан намысқа тиюшілер де көбейіп барады деп ойлаймын.

Кешірім сұрай берсін, ол кішкене де болса жазасын жеңілдететін қадам ретінде қарастырайық. Ал негізгі жазасы басқа болуы керек. Жаза болмаса бұл басқаларға сабақ болмайды. Сосын қайталана береді. Ал тілге қатысты соңғы кездескен жағдайға орай айтарым, «қазақ тілін үйренгім келмейді» деген сөзі арқылы ол ешкімге тіл тигізіп отырған жоқ. Ол солай тәрбиеленді. Тілді үйренгісі келмеуі оның өзіндік көзқарасы, өз құқығы. Қазақ тілі әлі күнге белгілі бір деңгейге жеткен жоқ. Ол анық. Бар болғаны соны ол басқаша жеткізіп тұр. Орыс тілділердің 90 пайызы осылай ойлайды. Солай ойлауға өзіміз жеткізіп отырмыз. Тіл білмегені үшін емес, ақымақтық жасап, қасына басқа да сөздерді қосып айтқаны үшін ғана жазаға тартуға болады. Жалпы кейде мұндай пікірлер де қоғамымызға керек деп ойлаймын. Қазақты бір сілкіп ұйқысынан оятып тұру үшін мұндайлардың, Жириновскийлердің кереғар пікірі керек.

Қазақ тіліне қатысты осы уақытқа дейін қандай да бір қажеттілік тудыра алғанымыз жоқ. Әлі күнге көшеде қазақ тіліндегі қате жазулар қаптап тұр. Өзіміз осылай істеп отырып, басқалардан қалай жауапкершілік күтеміз?! Жалпы тілге, жерге, тұлғаларымызға, ұлттық басқа да құндылықтарымызға қатысты жеке жеке жауапкершілік қарастыруымыз керек. Әйтпесе өзіміз ренжіген нәрсенің бәрін бірдей сот алдына тарта алмайтын да жағдайлар бар.

Қуаныш Әбілдәқызы

Комментарий