Судья мінбері | Судебная система

Сандық технологияның сот саласына берері көп!

Еліміздегі сот саласының цифрлануы ашықтыққа, жариялылыққа жол салып қана қоймай, халыққа сот істерін қолжетімді қыла түсті. Әсіресе мұны пандемияның кезінде анық сезіндік. Карантинге орай бүкіл қоғам онлайн жұмысты қалай жалғастырып әкететінін білмей жатқанда еліміздің сот саласы сот отырыстарын онлайн өткізіп, азаматтардың кез келген жерде отырып онлайн сот отырыстарына қатысуына мүмкіндік берді. Бұл бір жағынан істердің қордаланып көбеймеуіне де жол ашты. Сондықтан сот саласының цифрлануы соттарды дамудың жаңа кезеңіне жол ашты деп айта аламыз. 

Негізі Қазақстан судьяларының VI съезінде мемлекет басшысы әділсот төрелігін дамытуда электронды ресурстарды кеңінен пайдалануды тапсырған болатын. Артынша сот саласы цифрландыруға анық көңіл бөле бастады. Бүгінде соттарда цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, электронды сервистердің арқасында азаматтар үйден шықпай-ақ сот құжаттарымен танысуға мүмкіндік алды. Бұл тұрғындардың уақыты мен қаржысын үнемдеуден бөлек, пошталық шығынға жұмсалатын бюджет қаражатын едәуір қысқартуға жол ашты. Әрине, сандық әлемнен ұтарымыз көп.
Көпшілік сот ісін жүргізуді жеңілдетіп, қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 2014 жылы іске қосылған «Сот кабинетінің» де шапағатын көруде. Сотқа келмей-ақ, ғаламтор арқылы сот құжатын көруге, қажетті сот актісін басып шығарып алуға мүмкіндік беретін сервиске жүгінушілердің қатары артып келеді. Осы орайда, заңды тұлғалардың талап арыздары 100 пайыз электронды түрде түсуі аталған жүйенің өміршеңдігін тағы бір дәлелдейтіндей. Сондай-ақ, «Сот кабинеті» арқылы жіберілген құжат соттың базасына тікелей түсетіндіктен бұл сот қызметкерлері мен азаматтардың байланысына тосқауыл қойып, сыбайлас жемқорлықтың жолын кеседі. Сонымен қатар, «Сот құжаттарымен танысу» сервисі де электронды сот құжаттарын көруге арналған. Сотқа жүгінген әр азамат талап арызының тіркелгені туралы талон алып, ұялы телефонға арызы бойынша сот құжаты шыққаны туралы хабарлама жіберіледі. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 20-қадамына сай, барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шаралары енгізіліп, сот процестері ашықтығына ден қойылды. Сот отырысы барысында қанағаттанбаушылық жағдайлар туа қалса, сот процесіне қатысушылардың пікірлерінің дұрыстығына көз жеткізу үшін электронды жазбаға жүгіну мүмкіндігі қарастырылған.

Қорыта айтқанда, мұның барлығы сот жүйесін цифрландыру мақсатында ел игілігі үшін жүргізілген жұмыстардың бір парасы ғана. Соттағы жаңару мен жаңғыру бағытында жүргізілген мұндай жемісті шаралар, оның ішінде цифрлы технология елімізді әлемдегі дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосатын басты жолға айналмақ.

Шахи Бекзат, Алматы қаласы Бостандық ауданы №2 сотының жетекші маманы  

Комментарий