Жаңалықтар | НовостиСудья мінбері | Судебная система

Гендерлік теңдік – ел саясатының өзекті қыры

Зайырлы, құқықтық мемлекеттің барлығы гендерлік саясаттан бұрын, азаматтар теңдігіне маңыз береді. Өркениетті елдерде айнымайтын бір принцип бар – ол адамдардың теңдігін қамтамасыз ету, заң алдында бірдей құқыққа ие екенін белгілеумен өлшенеді. Қазақстанда да халықты алалауға, қандай да бір артықшылық беруге тыйым салынған. Дегенмен, жаратылысы нәзік қыз-келіншектерге қолдау көрсету, қызметте өсуіне, өз бастамаларын жүзеге асыруына жағдай жасау мемлекеттің басты ұстанымы саналады.

Гендерлік теңдік – ел саясатының өзекті қыры. Оның түпкі мақсаты ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізу. Гендерді кейде тек әйелдерге жасалған қамқорлық деп тар шеңберде түсініп жатады. Шын мәнінде бұл әйелдердің ғана емес, ерлердің де тұлғалық ерекшеліктерін қорғайды. Бұл жұмысқа ерекше серпін беру мақсатында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Дәл осы тұжырымдама аясында көптеген іргелі істер қолға алынды. Құжатқа сәйкес елімізде арнайы заңдар қабылданып, өзекті мәселені зерттеу үшін түрлі ұйымдар мен институттар жұмыс істеуге кірісті. Бұл ұйымдар гендерлікті теңдікке қол жеткізудің тетіктері, жыныстық кемсітушілікті жою секілді мәселелерді зерделеп, қорытынды жасауды, соның негізінде іс-шаралар жоспарын белгілеуді көздейді. Гендерлік зорлық-зомбылықты оның барлық көріністерінде жою, әйелдер мен қыздардың, ерлер мен ер балалардың білімге, денсаулық сақтауға, экономикалық ресурстарға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету және саяси өмірге қатысу үшін тең мүмкіндіктер жасау өте маңызды.

Гендерлік теңдік стратегиясында Қазақстандағы ерлер мен әйелдердің теңдігін қамтамасыз ету үшін нақты міндеттер қойылған. Соның ішінде гендерлік саясат саласындағы заңнаманы жетілдіру және оны халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша іргелі жұмыстар жасалды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрылуы бұл бағыттағы іс-шаралардың сапалы атқарылуына серпін берді. Сонымен біргебүгінге дейін «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдар қабылданып, гендерлік кемсітушілікті жоюдың құқықтық іргетасын қалады.

Тұжырымдама аясында еңбек нарығына, қаржы және басқа ресурстарға тең қол жеткізу арқылы әйелдердің экономикаға қатысуын кеңейту; әйелдер кәсіпкерлігін дамыту тетіктері арқылы ауылдық жерлердегі әйелдерге қолдау көрсету; ерлер мен әйелдердің орташа еңбекақысындағы гендерлік алшақтықты қысқартуға ықпал ететін жағдайларды қамтамасыз ету бағытында да ауқымды істер ретімен өз шешімін тауып келеді.

Жұмыс жасалған жерде, нәтиже болады. Гендерлік теңдік бойынша жүргізілген кешенді шаралардың арқасында қоғамда үлкен өзгерістердің орын алғаны мәлім. Бүгінде қыз-келіншектер өз мамандығымен жұмыс істеп қоймай, өз саласының көшбасшысына айналуда. Министрден, әкімнен бастап, түрлі басшылық салада ерлермен теңдей еңбек етіп жүрген ханымдардың мемлекеттік қызметтегі үлесі де бірте-бірте көбейіп келеді. Қолдаудың арқасында өз бизнесін бастап, жұмысын үйлестіріп, талай адамға нәпақа тауып беріп отырған қыз-келіншектердің де шоғыры қалыптасты. Осының өзі әйелдердің өзіне, біліміне, қабылетіне сенімділігінің арта түскенін аңғартады.

А.Ихласбайқызы,

Алматы қаласы Жетісу аудандық №2 сотының судьясы

Комментарий