Судья мінбері | Судебная система

«Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады»

Сот – елдегі тура төреліктің, әділдіктің кепілі. Ақ пен қара анықталатын сот алаңында талай тағдыр тоғысып жатыр. Олардың бәрі еліміздің Конституциясында айқындалған құқығы мен бостандығының сот арқылы қорғалғанын қалайды. Бұл дұрыс та. Өйткені құқықтық, зайырлы мемлекеттегі барлық дау-жанжалдың, келіспеушіліктің сот арқылы шешілуі қалыпты жағдай.

Әрине, кез келген заңсыздыққа сот процесінде төрелік айтылғаны орынды. Дегенмен, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, даулы, даусыз істің бәрін сот қарауына ұсыну қаншалықты қисынды? Былтырғы жылғы қазақстандық соттың жұмысын қорытындылаған Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың: «Сот төрелігі дегеніміз – республика бойынша күн сайын шығарылатын 6 мың шешім мен үкім. Бір судья орта есеппен төрт, ал елорда мен Алматыда – 10-ның үстінде сот актісін қабылдайды. Бұл күн сайынғы көрсеткіш» деген сөздері есімізде. Шынында, еліміздің соттары осындай үлкен жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Елімізде пандемияға байланысты төтенше жағдайдың жарияланып, карантиннің енгізілуі де сот жүктемесін азайтуға айтарлықтай әсер ете алмады. Мұның ең басты себебі – азаматтарда бір-біріне деген кешірім, түсіністік азайған. Ашуға мінген адамдардың барлығы мәселенің түп-тамырына үңілмей жатып, сотқа арыз-шағым жолдауға әуес.

Сөз қадірін түсінетін ел бұлай істемес еді. Дала данышпандары «Жол қуған кәдеге жолығады, сөз қуған бәлеге жолығады», «Оқ жарасы бітер, сөз жарасы бітпес» дегенді ұрпағының санасына құйып өскен. Дәл осы тәмсілді біз сотқа жүгінген азаматтарға да жеткізуге тырысамыз. Өйткені, сот үшін қос тараптың жауығып кеткенінен, келісімге келіп, достасып кеткенін көру үлкен жеңіс. Болмашы дау үшін бет жыртысқан жандарды ақылға шақырып, кешірімді болуға үндеу – әр судьяның міндеті. «Медиация туралы» заңды басшылыққа алған судьялар тараптарға дұрыс жол сілтеуді мақсат етеді. «Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады» демекші, орынсыз айтылған бір ауыз сөздің дауды ушықтыруға ықпал ететін кезі аз емес.

Ұрыс тұрған жерде ырыс тұрмайтынын ескеріп, еліміз даукестіктен бойын аулақ салса дейміз. Бейбіт елімізде бір-бірімен соттасатын емес, бір-бірін бауыр, дос тұтатын жандар көп болса екен.

 

Әсет Боранбаев,

Алматы қаласы

Медеу аудандық сотының төрағасы

Комментарий