Судья мінбері | Судебная система

Кодекстің жаңашылдықтары көп

Әкімшілік әділет – дамыған елдерде өзін дәлелдеген, қоғамға қажеттілігін айқындаған институт. Мемлекеттік құрылымдар жауаптылығын көтеріп, қарапайым азаматтардың жария-құқықтық даулардағы теңдігін қамтамасыз етуді көздейтін бұл жоба шілде айынан бастап біздің елімізде де тәжірибеге енгізілмек. Оның заңдық негізі жаңадан қолданысқа енгізілгелі отырған Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте (бұдан әрі ӘРПК) толық көрініс тапқан. Француз жазушысы Виктор Гюго «Күштің кімнің жағында екені маңызды емес, маңыздысы – заңның кімнің жағында екенінде» деген екен. Осы биіктен өлшейтін болсақ, ӘРПК – қарапайым халықтың мүддесін қорғап, сөзін сөйлейтін заң. Бұған заңнамадағы жаңашылдықтарға қарап отырып көз жеткізу қиын емес.

Қазіргі кезде жаңа кодекстің артықшылығы, тиімділігі, жаңашылдықтары жан-жақты таныстырылып, түсіндіру жұмыстары кең ауқымда жүргізілуде. Өйткені, жаңа заңның бірден қолдау тауып, азаматтардың оң ықыласына ие болуы насихат жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылуына байланысты.

Бұл құжатта сот құзыреті кеңейіп, соған орай судьялардың енді тараптар ұсынған дәлелдермен шектеліп қалмай, өз бастамасымен құжат, анықтамалар талап ете алатыны дәйектелген. Ал бұрын судьялардың екі тарап ұсынған дәлелдер мен айғақтар шеңберінен шыға алмағаны мәлім. Судьяның артық сұрақ қойып, іске қатысты пікір білдіруі тараптар құқығын шектеу болып танылған еді. Енді құжаттарды зерделеп, әр дерекке үңілген судья істің ақ-қарасын анықтау үшін қосымша сауал қойып, мәліметтер жинатуға толықтай құқылы.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен дүдәмал тұстар азаматтардың мүдделерін ескере отырып, түсіндірілуі тиіс екенін тапсырған болатын. Соған орай жаңа кодекстегі барлық күмән, қайшылықтардың әкімшілік рәсімге қатысушы пайдасына шешілуі де оң бастама болып отыр. Ең маңыздысы, енді жеке тұлғалардың өзінің дұрыстығын дәлелдеуі міндетті емес. Керісінше, жария-құқықтық дауларда істерінің заңды екенін дәлелдеу мемлекеттік органдарға жүктелді. Бұл да ел игілігі үшін жасалған ізгі амалдың бірі.

Осыдан көріп тұрғанымыздай, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі – халықтық заң. Тек соның игілігін көру үшін қарапайым халыққа құжаттың жаңашылдықтарын жеткізу білу маңызды.

 

Д.Әкетаев,

Алматы қаласы

Медеу аудандық сотының судьясы

Комментарий