Аптадағы сұхбат | Интервью неделиЖаңалықтар | Новости

«АҚПАРАТТЫҚ ПАНДЕМИЯ» ПСИХОЛОГТАРҒА ДЕГЕН СҰРАНЫСТЫ КӨБЕЙТТІ

Әлем жұртшылығын бір түйір қауызға сыйдырған коронавирус дерті 2020 жылдың наурыз айында Қазақстанға да жетіп, елімізде төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Екі айдан астам уақыт бойы өзін-өзі оқшаулап, төрт қабырғаға қамалған тұрғындар үйдегі көк жәшікке телміріп, ғаламторға үңілді. Күн сайын өрши түскен COVID-19 туралы үздіксіз таралып жатқан түрлі ақпарат халықтың арасында дүрбелең тудырып, уайымын күшейтіп, психологиясына әсер еткені де жасырын емес. Осындай қиын-қыстау кезеңде тұрғындарға психологиялық көмек пен қолдау білдірген мамандардың әсері зор болды. Коронавирус індетіне байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде ел тұрғындарына психологиялық көмек көрсету бойынша атқарылған жұмыстар «Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы» ШЖҚ МК бөлім жетекшісі А.ӘБЕТОВАМЕН болған сұхбаттың өн бойына өзек боп өрілген еді.

– Айгүлім Әбдірасылқызы, жер-жаһанның ел-жұртын есеңгіреткен осы бір қатерлі індеттің өмірімізге енгеніне бір жылдан астам уақыт
өтті. Әлемді дүрбелеңге салған коронавирус індеті елімізге келген алғашқы айларда карантин жарияланып, жұртшылық жаппай оқшауланды. Екі айдан астам уақыт бойы төрт қабырғаға қамалып, жұмысынан, күн көрісінен қағылған, бизнесі тұралаған, дертке шалдыққан, жақындарынан айырылған жандарға карантин қалай әсер етті?
– Бұрын-соңды адамзат тарихында болмаған жаппай оқшаулау күнделікті тұрмыс-тіршілігімізді өзгертті. COVID-19 пандемиясының қоғамға әсерінің бірі түрлі деңгейдегі психикалық бұзылыстардың көбеюі түрінде көрініс тапты. Бұл бұзылыстар әрбір адамға тән базалық немесе негіздік сезімдерге қатысты болды. Талдап айтатын болсақ, олар бақыт пен қуаныш, ашулану мен каһарлану, жиіркену, таң қалушылық, қорқыныш, мұңаю, менсінбеу, көзге ілмеу сезімдері. Ал адамның жалпы өмір салтындағы кез келген өзгерістер белгілі бір себептерге
байланысты осы атап өтілген сезімдердің бір-бірімен ауысуымен айқындалып отырады. Пандемияның салдарынан көрініс тапқан бұзылыстардың ішіндегі ең негізгілері мазасыздық және депрессиялық болып табылды. Әрқайсысына нақты тоқталып айтар болсақ, пандемияның ең бастапқы кезеңінде COVID-19 жайлы түрлі ақпараттар үздіксіз таралып, кейбір адамдарда күйзелістің туындауына түрткі болды. Бұл жағдай мамандар тілінде «Ақпараттық пандемия» деп аталып кетті. Кез келген дистресс жағдайында адамның бастапқы жауап реакциясы оны жоққа шығару, мойындамау болып табылады. Бұл заңдылықты барлығымыз да айқын көріп-естіп отырдық. Халықтың көпшілігі басында сенбей, ешқандай вирус жоқ, барлығы ойдан шығарылған дүние, әдейі елді қорқыту үшін ойлап тапқан әлемдік саясат, т.б. әңгімелерді айтып жүрді. Келесі кезең – дүрлігу, қорқу, қашуға ұмтылу болды. Алғаш карантин жарияланған кезде, қаладан далаға қарай бас сауғалап қашқандардың бірнеше шақырымға созылған көлік кептелісінде тұрғаны алматылықтардың есінде шығар. Дүкендер жабылады дегенді естіген қала тұрғындары азық-түліктерді, дәрі-дәрмектерді молынан алып қалуға тырысқан жағдайлар да болды. Қызу көтеріліп, дем жетпей, тынысы тарылса да, ауруханаға барудан қорқып, үйде емделіп жатқан науқастарда неше түрлі деңгейдегі эмоционалдық бұзылыстар айқындалып, кейбіреулеріне психиатрдың көмегі қажет болды. Кейін айналасындағы ағайындары, ет жақындары ауырып, олардан айырылған тұрғындардың бойында уайым күшейді. Оларда бұл індетке деген қаһар пайда болды. Келесі деңгейде індеттің ұзаққа созылуынан, оқшауланудан мезі болған жұрт үйреншікті шаруасымен айналыса алмағандықтан, жақындарымен жүздесуге мүмкіндік болмағандықтан, қаржылық күйзелістен қынжылу пайда болды. Адамдар дүрбелеңнен аздап болса да ес жиып, жан-жағына көз салып, әрі қарай қалай болары белгісіз жағдайдан қажи бастады. Үйде отырып зеріккеннен өзін қайда қоярын, күшін қайда жұмсарын білмей қалғандар да жеткілікті болды. Олардың ішінде маскүнемдікке салынып, отбасы мүшелерінің мазасын алу, күш көрсету, қол жұмсау, яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары орын алғанын да атап өткен жөн. Басқа өзгерістер жалғыздық проблемаларына байланысты болды. Жанында көңіл бөліп, қол ұшын созатын жақындары жоқ жалғызілікті адамдарда үрейлену, қорқу, ұйқысы бұзылу, сіркесі су көтермеу, тез шаршау, ызақорлық сезімдері кездесе бастады. Кейбір адамдарда санасының тұңғиығында жатқан, бұған дейін басқаларға көрсетпеген мінез-құлық бұзылыстары көрініс бере бастады.
– Төтенше жағдай кезінде психологиялық орталықтың көмегіне қанша адам жүгінді? Жас ерекшеліктері мен әлеуметтік топтары бойынша үлес салмағы қандай? Оларға қандай көмек көрсетілді?
– Коронавируспен ауырып тұрған адамдар да, психологиялық тұрғыда жан күйзелісіне ұшырағандар да психологтардың көмегіне мұқтаж болды. Қайғыны көтере алмағандар қайда барарын, кімнен көмек аларын білмеді. Жалпы, өмір сүру салтындағы кез келген өзгеріс белгілі бір күйзелістің туындауына түрткі болады. Әрі мұндай жағдайда арнайы мамандардың көмегі қажет. Міне, осындай қысылтаяң шақта, дәлірек айтсақ, 2020 жылдың 4 сәуірінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің және ЮНИСЕФ қорының көмегімен халыққа психологиялық көмек көрсету мақсатында Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының https:// covid-19.mentalcenter.kz/ сайты іске қосылды. Еліміздің барлық өңірінен, түрлі ведомостволарда, мекемелерде жұмыс істейтін 60-тан астам тәжірибелі психотерапевтер мен психологтар бір кісідей үн қатып, психологиялық көмек көрсетуге жұмылды. Бұл сайт арқылы өзін-өзі оқшаулау кезінде психологиялық проблемалары ушығып, үрей, қорқыныш мазалап, дегбірі қашқан адамдар, қашықтан оқу кезінде қиындыққа тап болған ата-аналар мен оқушылар, ұстаздар, медицина қызметкерлері психологиялық кеңестер алды. Кәсіби мамандар төрт қабырғада қамалып, түрлі психологиялық шиеленістерден араша сұраған барлық тұрғынға көмек көрсетті. Нақтырақ айтсақ, бір жылдың ішінде сайтқа 62 мың 160 адам кіріп, қажетті ақпаратты, психологиялық кеңестерді оқыған. Олардың басым бөлігі – отандастарымыз. Сонымен бірге 69 мемлекеттің тұрғыны біздің сайт арқылы тәжірибелі психолог пен психиатр көмегіне жүгінді. Сайтқа жиі кіріп, оның игілігін пайдаланушылардың тізімінде АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Германия халқы да бар. Коронавирус өршіген кезде психологиялық кеңес алуға жүгінгендердің басым бөлігі эмоционалдық жағдайдың тұрақсыздығына, ұйқысыздық, үрейдің мазалағанына шағымданған. Олардың ішінде 364 тұрғын онлайн арқылы кеңес алса, 155 адамның хат түріндегі өтініші қаралды. Психологиялық көмекке жүгінгендердің арасында 18-35 жас аралығындағы адамдар басым болып отыр. Көмек сұрағандардың ішінде жасы ұлғайған жандар аз болды. Бұл үлкен адамдардың ғаламторды жеткілікті меңгермеуімен де байланысты болуы мүмкін. Жасөспірімдер мен мүгедек жандар да болды. Көбінесе әйелдер көмек сұрады (83%). Бойындағы қорқынышты жеңе алмағанын мойындай қоймаса да, дәрігердің көмегіне жүгінген ер-азаматтар да аз кездеспеді. Мыңдаған адамға көмек көрсеткен сайтқа бір жылда 2300-ден астам адам тіркеліп, қаралым көрсеткіші 100 мыңға жеткен.
– Сайт әлі жұмыс істеп тұр ма?
– Сайт қазіргі таңда да жұмысын тоқтатқан жоқ. Тек оның атауы мен дизайны өзгерді. Психологиялық көмекке мұқтаж жандардың https://onlinehealth. kz/ сайтына хабарласуына болады. Сайттың қызметі тегін. Егер кәсіби маманның көмегі қажет болса, үйде отырып, біздің сайт арқылы психологиялық кеңес алуға болады. Тұрғындарды мазалаған сұрақтарға тәжірибелі психологтар кез келген уақытта қазақ және орыс тілдерінде жауап береді және олар туралы мәліметтер құпия сақталады. Қазіргі кезеңде халықтың эмоциялық жағдайы бір қалыпқа түскенімен, басқа да психикалық бұзылыстар, оның ішінде әртүрлі сандырақ ойлар мен елестер мазалайтын науқастар көмекке жүгіне бастады. Вирустың зардабынан бас-ми аурулары, оның ішінде деменция көріністері де кездесіп жүр. Көп уақытқа дейін аурудың белгілерінен арыла алмай жүргендер, ұйқының бұзылуы бар науқастар қабылдана бастады. Осы топтағы науқастарға кешенді оңалту орталықтары көмек көрсетіп жатыр.
– Мүмкін болса, орталық мамандарының жүйкесі жұқарған жандарға көрсеткен көмегін нақты мысалдармен айтып бере аласыз ба?
– Осыдан шамамен жарты жылдай уақыт бұрын, коронавирус күшейіп, ел арасында өлім-жітіп көбейіп, ет жақындарынан айырылып, халық үрейленіп, дүрліге бастаған тұста бір бойжеткен кеңес сұрап, біздің сайтқа өтінім қалдырыпты. Этикалық нормаларға сәйкес, қыздың атын Айдана деп алайық. Мамандар келесі күні кері байланысқа шығып, мәселенің түп төркініне үңіліп көрді. Сөйтсе, тәжтажалдың құрығына іліккен бойжеткен екі өкпесі қабынып, ауруханаға жатып, емделіп шығыпты. Анасының жағдайы тіпті қиын, хал үстінде жатыр екен. Ең жақын адамының ауруханада қиналып жатқанына Айдана өзін кінәлі сезінеді. «Жұмысқа барып жүріп, атың өшкір індетті үйге әкеліп, анама жұқтырмағанда, ауырмайтын еді» деген ой жанын жегідей жеп барады. Оның үстіне көңіл жарастырып жүрген жігітінің де жалт берген сатқындығы соққы болып тиді. Өзін нашар, әлсіз сезініп, ұйқысы бұзылып, іс-қимылы баяулап, еңбек өнімділігінің де төмендеп кеткеніне шағымданған Айдана жұмыс істеуге құлшынысының жоқ екендігін айтты. Тіпті «Мамандық таңдаудан қателестім бе?» деген ойдың мазалап жүргенін де жасырмады. Біздің мамандар жас қыздың басындағы көптеген мәселелерді анықтап, оларды шешуге кірісті. Алдымен өмiр сүру салтын өзгертудi талап еткен психолог оған жаңа күн тәртібін жасауға, белсенділікті арттыруға, ең қажетті деген істерді жоспарлауға көмектесті. Нәтижесінде Айдананың бойына күш-қайраты орала бастады. Мәселенің екінші бөлігі – өзін кінәлау сезімі. Мұндай сезімді соңғы айларда тек Айдана ғана емес, қанша адам бастан кешірді десеңізші!? Айдананың бойында анасына деген қамқорлық сезімі және оның алдында өзін кінәлі сезіну бар. Жалпы алғанда, психологтардың пікірінше, қорқу – дұрыс сезім. Ол жауапкершілікті арттырып, қамқорлық көрсетуге көмектеседі. Бұған Айдананың өзі айтатын «Бұл бір керемет жылы сезім, қамқорлық жасаған тамаша, сондықтан мен уайымдаймын, қорықпасам да қобалжимын» деген сөзі куә. Мамандардың пайымдауынша, кінәнi нақтылау үшін біртектес, стереотиптік ойларды бөлшектеу қажет болды. Талдау нәтижесінде Айдананың «анасына ауру жұқтыруым мүмкін» деген сөзі негізсіз болып шықты. Бұлардың үйіне келіп жүрген және кейін ауырып қалған көршісі немесе немерелерін ертіп келген ағасы, емханадағы кездескен, тілдескен адамдар да ауру тасымалдауы ықтимал еді. Өз кінәсін жауапкершілікпен ауыстыру өте маңызды қадам болды. Проблеманың үшінші бөлігі Айдананың жігітімен қарым-қатынасына қатысты. Сөйлесе келе, оның Айдана ренжитіндей сатқындық жасамағаны анықталды. Ауруханада жатқан кезінде Айданаға қажетті зат, азық-түлік пен дәрі-дәрмекті әкеліп тұрыпты. Сонымен қатар ол Айдананы өздігінен тастап кетпеген екен. Ауруханадан келген соң, өзін кінәлі сезінгісі келмеген бойжеткен болған жайтқа «Вирусты үйге сен әкелдің» деп жігітін айыптап, кетуін өтінген. Айдана біздің орталықтың мамандарының кеңесімен өзінің ой-санасын қалпына келтіріп, қандай қателік жасағанын ұқты. Бірнеше күннен кейін ол жігітті шақырып, оған өзінің мінез-құлқының өзгергенін түсіндіріп, істеген қылығына кешірім сұрап, қайтып келуін сұрады. Жігіт те түсіністік танытып, үйге оралып, қазіргі таңда екеуі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қалған мәселелер де өздігінен шешімін тапты. Адам кейде айнаға қарағандай, өзінің ішкі жан дүниесіне тереңірек үңіліп, ой мен сезімді, кінә
мен жауапкершілікті, іс-әрекет пен әрекетсіздікті шатастырмай, сүйген адамын ренжітпей, керісінше, махаббатын білдіріп, сүйіспеншілігіне бөлеуді меңгерсе, өмірде тығырыққа тірейтін мәселелер болмас еді. Ал туындай қалған жағдайда, сол мәселелерді шешіп беруге біздің мамандар әрқашан дайын.
– Ковидпен арпалысқан бір жылдың ішінде психологтар мен психиатрлардың қызметіне қажеттілік арта түскендей. Мамандардың даярлығы қандай еді?
– Дұрыс айтасыз. Пандемияға дейін біздің мамандарға деген сұраныс аса жоғары болмайтын. Қалыптасқан жағдай адамдарға денсаулықтың қадірін
ұқтырғандай. Қазір көмекке мұқтаж жандарды толығымен қамту мүмкін болмай жатыр. Бастапқыда еліміздің шалғай түкпіріндегі мамандардың өзінің білігі жетіңкіремей, біздің орталықтан кеңес сұрап жатты. Әрине, кәсіби мамандарды бірден дайындап шығару оңай емес. Дегенмен өткен жылы 100-ден астам вебинар дәріс өткізіліп, оған екі мыңға тарта маман қатысты, сонымен қатар 50- ден астам білім саласының мамандарына психологиялық кеңес берілді. Жоғарыда аталған сайтта психикалық денсаулық саласы мамандарына қажетті құнды деректер жариялануда.
– Орталықтың құрылымы және онда қызмет ететін мамандар туралы айтып өтсеңіз.
– Қазіргі кезде Алматы қаласында орналасқан Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығында – 264, Павлодар қаласындағы филиалында – 140 маман бар. Атап айтқанда, Алматыдағы орталықта психосоматикалық, балалар мен жасөспірімдер, тәуелділікті емдеу, ерлердің және әйелдердің клиникалық бөлімшелерінде мамандар емделушілерге медициналық, психологиялық көмек көрсетеді. Бұған
қоса еліміздің барлық өңірінде осындай сырқатқа шалдыққандарға көмек көрсететін 17 психикалық денсаулық орталығы, қалалық деңгейде амбулаториялық емханаларда және аудандық жерлерде 219 психикалық денсаулық кабинеттері жұмыс істейді. Кез келген деңгейде көмекке жүгінушілерге кеңес беру, емдеу шаралары жүргізіледі. Дерттің алдын алудың бір жолы – психикалық денсаулық бойынша халықтың сауатын жетілдіру. Бұл бағытта да бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Мамандар бұқаралық ақпарат құралдарында сұхбат беріп, әлеуметтік
желілерде мақалалар жариялауда. Әр жылдың қазан айында Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні аясында семинарлар өткізіліп, «Дені
саудың – рухы сау» ұлттық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіледі. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – халықты ақпараттандыру және психикалық денсаулықты нығайту, сондай-ақ психикалық ауытқудың алғашқы белгілерін анықтайтын дағдыны қалыптастыру.
– Мазмұнды әңгімеңізге рақмет!
Сұхбатты жүргізген
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий