Жаңалықтар | Новости

БИЗНЕСТЕГІ МҮМКІНДІК ПЕН ҚАУІПСІЗДІК

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен, облыс әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров төрағалығымен басқосу өтті. Онда өңір кәсіпкерлеріне індеттің көптеп таралуына байланысты «Қызыл аймаққа» енгендігін, ондағы талаптар түсіндірілді.
«Бизнес нысандардың карантин жағдайында қауіпсіз жұмыс істеуі үшін вакцинациялау шараларының маңызды.Өйткені қыс, күз мезгілдерімен салыстырғанда қазір біршама өсім бар. 100 адамның 65-і науқастармен қарым-қатынаста болғаны белгілі. Бір отбасынан 8-9 адамның ауырғаны бар»,- деді Бекбол Тілеумұратұлы.
«Қызыл аймаққа» ену туралы қаулы ресми түрде жексенбі күні жарияланады. Онда біраз нысандарға шектеу бар.
«Әкімдік бизнеске кедергі келтірді деген түсінік болмауы керек. «Қыз аймақ» талаптарына бағынуға тиіспіз. Азық-түлік емес дүкендер аумағы 200 ш.м артық болса, бөлек тұрған ғимараттар, монша, сауна, спа орталығы, бассейн, базарлар, спорт, фитнес кешендері, сауда орталықтары 5 жұмыс күніне көшіп, сенбі, жексенбі жабылады. Қоғамдық тамақтану орындары сағат 9-20-ға дейін 30 адамнан артық емес сыйымдылықпен жұмыс істейді. Мекемелер штаттық қызметкерлердің 80% онлайн, 20% келіп жасайтын болады. Мешіттерде намаз оқуға, ауызашар беруге тыйым салынады»,- деп ой қорытты облыстың бас санитарлық дәрігері Ғазиз Надуев.
Сонан соң мониторингтік топтардың жұмысы туралы сөз өрбіді. Мобильдік топ рейдпен бизнес нысандарына барғанда келіспеушіліктер жиі болатыны айтылды. Қазір әр ауданнан 24 мобильді топ бар.
Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Тоқбаева: «Олардың қатысуымен 890 рейд шарасы өткен. 6 мыңнан астам бизнес нысандар тексерілген. Солардың 4% айыппұл салынды. Бизнестің тығырықтан тезірек шыққаны бізге де қажет. Сондықтан да кәсіпорындар өз қызметкерлерін екпеден өткізіп, өз өмірлері мен қоғам қауіпсіздігін түсіндіруі керек»,- деді.
Кәсіпкерлердің ісін өркендетуге 26 сәуірден бастап «Ashyk» жобасы бойынша жұмыс істеу іске қосылады. Оның тиімділігі жиналысқа қатысушыларға таратылып айтылды. Бұл мобильді қосымшаның бір артықшылығы- қазіргі «қызыл аймақ» жағдайында «Сары аймақтың» талаптары орындалса, «Сары аймақ» режимінде «Жасыл аймаққа» сай жеңілдіктер жасалады. «Қазір бизнестің 8 бағыты бұл жеңілдікті пайдалана алады. 5 мамырдан бастап мейрамхана, караокелер енеді. Әр кәсіпкер «Infokazakhstan» сайты арқылы QR –код алып, келушілерді сол арқылы тексеріп кіргізеді. Халықтың денсаулық жағдайы ПЦР және Ковид2021 базасынан лезде тексеріледі. Телефондағы мәліметті ғимарат иесіне не әкімшісіне көрсетіп, еркін кіре алады. Бұл бизнестің жабылмауына, көпшіліктің қалаған жеріне кіруіне мүмкіндік береді. Жоба Алматы мен Нұрсұлтан қалаларында сәтті жүзеге асты. Қазір Маңғыстауда 5 мекеме осы қосымшаның көмегімен жұмыс істеуде. Оның үшеуі қоғамдық тамақтану орны, спа орталық пен спорт кешені»,- дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Аққу Айтжан.
Шара соңында іскерлермен сұрақ-жауап алмасты. Облысқа танымал кәсіпкер Ирина Беляева: «Менің жиһаз салоным 200 ш.м асып тұр. 250 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Ай сайын 20 млн тг салық төлеймін. Әр қызметкеріме жұмыс істеуге 100 ш. м жер бөлінген. Сонда халық тығыз орналасатын шағын жерлер ашылады. Қауіптілік жоғары емес пе? Біздің барлық қызметкер ПЦР тапсырып, вакцина алған әрі кең аумақта жұмыс істейді. Рұқсат жоқ. «Ашық» қосымшасына лағашқылардың бірі болып тіркелдік. Сауда үйі болғандықтан жеңілдік жоқ»,- деп көмек сұрады.
Оған облыстың бас санитары Ғазиз Надуев былай деп жауап берді: «Бизнес өз наразылықтарын Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жазбаша түрде немесе штабқа арыздана алады. Олар орталыққа жібереді. Қаулы талабын өзгертуге жоғарыдан тапсырма келсебіз дайынбыз. Бұл мәселе жергілікті жерде шешілмейді. «Ashyk» қосымшасына тіркеліп еркін түрде 500 адамға той жасауға болады деген ойдан аулақ болыңыздар. «Сары аймақ» режимінде жұмыс істеудің жауапкершілігі де жоғары болады. Санитарлық мамандардн рұқсат алу қажет. Қызметкерлердің барлығында ПЦР қорытындысы мен вакцина егілуі тиіс. Сырқат қауіпі бар деп мобильді қосымша көрсетіп тұрса да, ғимаратқа кіргізіп жіберуге тыйым бар. Ең алдымен даяшылар мен сатушылардың сырқаттануы жоғары. Қызметкерлердің қауіпсіздігі бизнес иесіне жүктеледі».
Бизнес өкілдерін толғандырған барлық сауалдар бойынша Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасынан жауап алуға болатыны айтылды.

Жазира Қуанышбекқызы

Комментарий