Судья мінбері | Судебная система

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу қоғамның басты міндеті

Соңғы жылдары елімізде тұрмыстық заң бұзушылық мәселесі өзекті мәселеге айналып, оның алдын алуға құқық қорғау орындары белсене кірісуде. Тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде көбінесе әйел адамдар зардап шегеді. Осы орайда мемлекет тарапынан нәзік жандылардың құқығын қорғауға ерекше көңіл бөлініп, қоғамның барлық саласында гендерлік теңдік мәселесінің алдыңғы орынға шығуы, тұрмыстық зорлық зомбылықтың да алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. 

Сөзіміздің дәлелі Елбасының өзі қоғамдағы әйелдердің құқығы туралы көзқарасын білдіре келе, “Қоғамның өркениеттік деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді…» деп тұжырымдауында үлкен мән жатыр. Осы орайда еліміздегі әйелдердің құқығын қорғауға барынша көңіл бөліну үстінде. Қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдік қағидаттарын іске асыру мақсатында қабылданған «Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын бекіту туралы ҚР Президентінің 29 қараша 2005 жылғы Жарлығында «отбасы мүшесінің заңды құқықтары мен бостандықтарына қысым көрсететін, оның тәнін немесе жан дүниесін қинап, моральдық зиян келтіретін отбасының бір мүшесінің екінші мүшесіне кез-келген қасақана іс-әрекеті отбасындағы зорлық-зомбылық болып танылатыны” көрсетілген. Демек қоғамымыз әйел адамдардың құқығының барынша қорғалуына мүдделі деп айта аламыз.

Өкініштісі сол, зорлық-зомбылыққа ең көп ұшырайтын адамдар – сол құқық бұзушы­ның ең жақыны, жанашыры, бірге тұратын отбасы мүшелері болып жатады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген мұндай адам дене, психикалық, моральдық зардаптан бөлек қорғансыздық сезімде болып, тығырыққа тіреледі. Оның санасында «мемлекет менің құқығымды қорғай алмайды» деген түсінік пайда болады. Сондықтан қоғамымыздағы нәзік жандылардың құқығын қорғауға қатысты профилактикалық жұмыстарды күшейте отырып, ешбір адамның тапталған құқығы қорғаусыз қалмайтынын көрсететіндей іс-шаралар жасалуы керек. Жалпы, еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылық­тың алдын алу жөнінде қабылданған заңдар келесі міндеттерді көздейді: шұғыл түрде тұр­мыс­тық зорлық-зомбылықтың жолын кесу; жәбірленушіге қауіпсіздік жағдайларын жасау; жәбірленушіге көмек түрлерін көрсету, оның ішінде ақпараттық, құқықтық, психоло­гиялық және т.б. көмек түрлері,  және құқық бұзушыға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану. Сондықтан заңдық тұрғыдан тұрмыстық құқық бұзушылық кезінде іске асуы тиіс жұмыстар қамтылған деп айта аламыз. Соңғы уақытта отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесімен  айналысатын түрлі үкіметтік емес ұйымдардың саны мен белсенділігі артып келеді. Олар үкі­мет­­тік емес ұйымдармен тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қиянат көрген адам­дар­ға түрлі көмек көрсету бойынша үлкен жұ­мыстар атқарып жатыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ал­дын алу мәселесінде ең маңыздысы құқық бұзушыны жазалау емес, отбасын қолдау және сақтау. Жазалау шараларынан гөрі алдын алу шараларын қарастыру, құпиялы­лық, өмірлік қиын жағдайда жүрген әрбір адаммен жеке жұмыс жүргізу сияқты прин­цип­тер басшылыққа алынуда.  Жасөспірімдер мен отбасына қатысты істерді қарайтын арнайы мамандан­дырыл­ған соттар да құрылып жатыр. Демек тұрмыстық зорлық-зомбылық шараларының себеп салдарына тереңірек ұңіліп, алдын алу жұмыстарының арқасында оның деңгейін төмендетудің барлық шаралары жасалуда.

Жанболатов Жайық Какеұлы, Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының судьясы

 

Комментарий