Судья мінбері | Судебная система

Жер дауын дер кезінде шешкен жөн

Қазақ халқына жер дауы ежелден таныс. Ежелгі көшпелі қазақ қоғамында жер дауы өте көп болған. Сол кездегі қазақ билері жер дауын барынша ушықтырмай, дала заңымен реттеп отырған. Жер дауының дұрыс шешілмеуі руаралық араздықтың өршуіне, ел бірлігінің бұзылуына апарып соғатындықтан жер дауын мүмкіндігінше тез арада шешкен. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деген атпен белгілі заңдар жүйесінде, Тәуке ханның тұсындағы «Жеті жарғыда» және өзге де бұрыннан қалыптасқан қағидаларда жер дауын шешудің барынша тиімді жолдары қарастырылды. Дауды қарау шарттары мен тәртіптері айқындалды. Қазіргі кезеңде жер дауына қатысты барлық мәселелер Қазақстанның азаматтық заңдарына сәйкес реттеледі, оның ішінде «Жер туралы» заңның «Жерге меншік құқығы, жер пайдалану құқы және жерге өзге де құқықтар» бөлімінде жер меншігіне қатысты барлық мәселелер қамтылған.
Айта кетер жайт, жер даулары, жалпы жер мәселесі халқымыз үшін өзекті екенін байқаймыз. Жерге қатысты кез келген мәселеде қоғамның үнсіз қалмай, өз үндерін білдіріп отыруға тырысуы соның айғағы болса керек. «Жер дауы» ел дауы деп бекер айтылмаса керек. Жер туралы заңнамалар да уақыт сұранысына сай жетілдіріліп келеді. Яғни жер туралы заңнама – бұл жерді меншік құқығының, жер пайдалану құқығының объектісі ретінде де, мемлекеттік басқару мен қорғаудың объектісі ретінде де, нысаналы пайдаланумен байланысты құқықтық кешенін реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығы деуге болады.
Жерлерді пайдалану мен қорғаудың мемле­кеттік бақылауы бойынша жұмыстар жүргізуде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану мәселелері өзекті болып отыр. Жергілікті атқарушы органдардың жерлер­ді пайдалану мен қорғауды бақылау бо­йынша басқармалары жерлерді тиімсіз пайдалану фактілерін анықтаған жағдайда оларға әкімшілік әрекет ету шараларын қабылдайды, тіпті, жерді тәркілеуге дейін бара алады.

Жердің мүмкіндігінше пайдаланылғаны дұрыс. Өйткені пайдаланылмаған жер тозады, өзінің құнарын жоғалтады. ҚР Жер кодексінің 92-бабының 2-тармағына сәйкес егер құрылысқа арналған жер телімі оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жыл бойы егер жобалық-сметалық құжаттамада одан ұзағырақ мерзім қарастырылмаған болса, мақсатына сай пайдаланылмаса, онда мұндай жер телімі Кодекстің 94-бабында қарастырылған тәртіппен мәжбүрлі түрде қайтарып алынуы тиіс. Қазақстан Республикасы азаматтарының жекеменшігіндегі жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер телімдеріне бұл норманың қатысы жоқ. Мұндайда Кодекстің 94-бабының 2-тармағына сәйкес жер телімін мәжбүрлі түрде алу туралы талап-арыз Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінде қарастырылған жазалау шараларын қолданғаннан кейін ұсынылатын болады. Сонымен қатар мәжбүрлі түрде алу туралы талап-арыз берілген жазбаша ұйғарым мерзімі өткен соң ұсынылады. Жер телімін мақсаты бойынша пайдалану шараларын қабылдау үшін берілетін мерзім жер телімінің мақсатына сай пайдаланылмауы туралы факті анықталған сәттен бастап бір жылға белгіленеді. ҚР Жер туралы кодексінің 92-бабының талаптарына сәйкес, жер телімінің нысаналы мақсатына сай пайдаланылмау мерзімі оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап есептеледі. Алдымызға келіп түсетін жер даулары мүмкіндігінше тиімді шешілуі үшін жерге қатысты осындай заңнамалық ерекшеліктерді білген жөн дер едік.

Удербаева Назира Бақытқызы, Тараз қалалық сотының судьясы 

Комментарий