Жаңалықтар | Новости

Қазақстанда вакцинация жарнамасына қаражат жұмсала ма?

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда вакцинацияның жарнамасына ақша қалай бөлінетінін айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Денсаулық сақтау министрлігінің қоғаммен байланыс департаменті өкілдері Tengrinews.kz ресми сауалына жауапта 9 ақпанда коронавирусқа қарсы халықты иммундаудың кешенді жоспары бекітілгенін хабарлады. Ол бойынша халыққа COVID-19-ға қарсы вакцинация қажет екені туралы түсіндіру іс-шаралары жоспарланған.

“Сонымен қатар, аталған жоспардағы іс-шараларды іске асыруға республикалық бюджеттен қаржы қарастырылмағанын хабарлаймыз”, – деп мәлімдеді ведомстводағылар.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері “Қазақстанда вакцинация жүргізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысының медиа-жоспары” әзірленіп, бекітілгенін айтты. Алайда оған да ақша қарастырылмаған екен.

Алайда 2 сәуірдегі брифинг кезінде Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Лаура Мырзағали “Алматыда медиа жарнамалық компанияға (қаржы – еск.) салынғанын” айтқан болатын.

“Қазір бұл сұрақ қарастырылып жатыр, қалада вакцинация бойынша жарнамаларды көресіздер, ол жерде: қашан салу керек, қандай жағдайда салдырмау керегі және тағы басқасы түсіндіріледі”, – деген еді басқарма өкілі.

Еске салайық, бұған дейін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халықты вакцинациялауды ескере отырып, Қазақстанда коронавирустың таралуы бойынша оптимистік және нақты болжам айтқан болатын.

Комментарий