Жаңалықтар | Новости

МАҢҒЫСТАУДА ТУРИЗМ ДАМУЫ 10% ҚҰРАЙДЫ

Маңғыстауда туризмді дамытудың екінші кезеңі басталды. Қазір туризмнің үлесі 10% ғана құрайды. Болашақта соны 30% жеткізу үшін кешенді жоспар жасақталды. Жағажай туризмін дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Өйткені Каспийдің жағасында көп жұлдызды қонақүйлерде демалу көпшіліктің қалтасына салмақ боп тұр. Биыл үш инвестордың ірі жобалары жүзеге асса, бәсекелестік туындап, баға төмендеуі мүмкін.

Каспий теңізі жағасында салынатын ірі 3 жобаның бірі- мына біз тұрған тематикалық парк. Бұл облыс орталығынан 19 шақырым қашықтықта орналасқан. Жалпы аумағы 13 гектар жерді алып жатыр. Басты мақсат-туристерді осында тарту болғандықтан жобаны жаз маусымына дейін бітіру жоспарланған.
Елімізде баламасы жоқ атракциондар, яғни тематикалық парктен өзге қонақ үй кешендері, сауда орталығы, гольф клубы, виллалар пайдаға беріледі. Оның құрылысына 2 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Жыл аяғына дейін инвесторлардың қаражаты есебінен 40 млрд тг-нің жобалары іске қосылуы тиіс. Мердігер компанияның бас директорының көмекшісі Қ. Меркамал:
“Күніне 6 мың адам кіре алады. Бағаны қазщір қазақстандық және шетел парктерін салыстырып жатырмыз. Қолжетімді болады. 12 ай жұмыс істейді.Құрылыста 4 жобаға 2300 адам жұмыс істеп жатыр. Олардың 80% -қазақстандық, 20% шетелдік”,-дейді.
Маңғыстауда қазірдің өзінде туризмді дамытуға 200 млрд тг жұмсалды. 2021-2024 жылдары жағалауда 12 тың жоба қолға алынуы тиіс. Бұл-жағажай туризмін өркендетуге бағытталған қадамдар. Осылайша бәсекелестік тудырып, туристердің демалыс құнын қолжетімді етуге ықпалын тигізеді. Әйтпесе қазір төрт жұлдызды қонақ үйлерде бір тәулік демалу 80 мен 300 мың тг аралығын құрайды. Инвесторларға арнайы экономикалық аймақтан жер бөлінді. Бекбол Орынбасаров, облыс әкімнің орынбасары:
– 4 жұлдызды қонақ үйге 600 жұмысорны ашылып, 68 млрд тг инвестиция жұмсалды. Екінші кезеңі бұл.130 гектар жер бөлінді осы мақсатқа. 12 жоба іске асырғымыз келіп отыр. 490 млрд тг инвестицияға. Біз мұнай саласынан кете бастауымыз керек.
Маңғыстауды біртіндеп қара алтын өндірісіне тәуелділіктен босату керек. Каспийдің жағасына жайғасқан өңір үшін табиғи мүмкіндікті тиімді пайдаланып, осы бағытқа басымдық берілетін болады. Сөйтіп қазір 10 процент даму көрсеткішінде тұрған туризмді үш есе арттыру межеленген.
Жазира Қуанышбекқызы

Комментарий