Елең еткізер | АктуальноЖаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ЖҮРГІЗУШІЛЕР – ЕКІНШІ МҰНАЙ МА?

Мемлекет пен азаматтардың арақатынасы – күрделі мәселе. Тұрғындар түрлі салықтар мен алымдар төлейді, ал мемлекет сол алымдар есебінен азаматтардың Ата Заңда бекітілген құқықтарын, қауіпсіздігін, білім, ем алуын және тағы басқаларды қамтамасыз етуі тиіс. Бірақ, бұл мәселе өзгере бастағандай. Мемлекет ең бірінші зейнетақыны толықтай азаматтардың өз мойнына іліп қойды. Зейнетіңе өзің жинайсың, мемлекет бюджеттен ештеңе бөлмейді. Жақында медициналық көмек те соның кебін киді. Медициналық сақтандыру қорына әрбір азамат және әрбір жұмыс беруші жарна төлеуге көшті. Ал енді кезек автокөлік жолдарына да келіп жетті. Биылдан бастап еліміздегі маңызды жолдардың бәрі дерлік ақылы болмақ.

Қай жолдар ақылы?
Енді бір-екі айдан соң еліміздің негізгі деген жолдарымен тегін жүре алмайсыз. Атап айтқанда, Шымкент–Өзбекстан шекарасы (Ташкент), Орал–Ресей шекарасы (Саратов), Орал–Ресей шекарасы (Самара), Ақтөбе–Ресей шекарасы (Орынбор), Щучинск–Петропавл, Шымкент–Қызылорда, Шымкент–Тараз, Тараз–Кайнар, Капшағай–Талдықорған, Қостанай–Ресей шекарасы (Троицк), Нұр-Сұлтан–Павлодар, Ақтөбе–Орал, Атырау–Бейнеу –Өзбекстан шекарасы, Ақтау–Бейнеу, Нұр-Сұлтан– Қостанай, Павлодар–Омбы, Павлодар–Семей–Қалбатау жолдары әне-міне ақылы болғалы тұр. Бір сөзбен айтсақ, егер осы шешім күшіне енсе, еліміздегі жаңадан салынған, заманауи жолдардың барлығы дерлік ақылы болады. Қатты қымбат деп айту қиын, аталған жолдармен жүру құны жеңіл көліктерге әр шақырым үшін 1-2 теңге, жүк көліктеріне 15 теңгеден жоғары болады. Жалпы, мемлекеттің бұл бағыттағы жоспары тау қопарарлық. Алысқа ұзатпай-ақ 3 жылдан кейін, яғни 2025 жылдан бастап жолдарды ұстап тұруға бюджеттен көк тиын бөлмейміз деп отыр. Оған кететін қаражат толықтай ақылы жолдардан түскен, яғни жүргізушілердің қалтасынан алынған қаржымен жабылмақ. Салыстырып көру үшін айтайық, былтыр жолдарды ұстап тұру шығыны 46 миллиард теңге болған екен.

Салық екі рет төлене ме?
Негізі автокөлігі барлардың барлығы жылма-жыл көлік салығын төлеп отыр. Ал бұл не үшін салынатын салық? Әрине, жолдарды жөндеу мен жаңа жолдар салу үшін көлік иелерінен бюджетке төлейтін алым. Салық комитетінің мәліметіне салсақ, елімізде қазір 4,5 млн шамасында көлік құралы бар
екен. Солардан 2019 жылы 73 млрд теңге салық жиналған. Бұл қыруар қаражат. Біз ақылы жолдардан жиналған қаражат қайда жұмсалады деген сұрақпен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ-на хабарласқан едік. Басқарма төрағасы Ұ.Әліповтен келген жауап хатта «Автомобиль жолдары туралы» заңға сәйкес аталған қаражат:
1) ақылы автомобиль жолдарын жөндеуге және күтіп-ұстауға, жүріп өту үшін ақы алудың бағдарламалық-аппараттық кешенін күтіп-ұстауға;
2) жүріп өту үшін ақы алудың бағдарламалық-аппараттық кешенін енгізу және орнату мақсаты үшін тартылған инвестицияларды қайтаруға;
3) автомобиль жолдарында ақылы қозғалысты ұйымдастыруға;
4) ақылы автомобиль жолдарын күтіп-ұстау үшін жол-пайдалану техникасын сатып алуға және оған қызмет көрсетуге байланысты шығыстарды қаржыландыруға бағытталады», – деген жауап алдық.
Бір сөзбен айтқанда, қаражат тағы да сол – жолды күтіп-ұстауға жұмсалады екен. Осы арада сұрақ туындайды. Жүргізушілер жылма-жыл мемлекетке көлік салығын төлеп отыр, ал ол салықты жинаудағы басты мақсат – жолдарды ұстап тұру шығынын жабу. Енді жолдар ақылы болады, оған ақы жинаудағы мақсат тағы да сол. Сонда жүргізушілер бір мақсат үшін екі рет ақы төлей ме?

Балама болуы міндетті емес
Ақылы жолдар еліміздің барлық аймағын қамтыған және көбі сол маңдағы елді мекендерді байланыстыратын бірден-бір автокөлік жолы болып табылады. Қарапайым тілмен айтқанда, жүргізушілерде ешқандай таңдау жоқ, ақылы жолды айналып өте алмайсың. Не төле, не мүлде көлігіңді қаңтарып қой. Осыдан келіп тағы сұрақ туындайды. Бір бағыттағы жолды ақылы ету үшін дәл сол бағыттағы балама, ақысыз жол болуы тиіс емес пе? Біздің бұл сауалымызға да «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ жауап берді. Онда «Автомобиль жолдары туралы» заңға сәйкес, автомобиль жолдары бойынша ақылы қозғалысты ұйымдастыру үшін балама жолдардың болуы міндетті шарт болып табылмайды», – делінген. Яғни, жолдың бойындағы елді мекендерде тұратын азаматтар үшін ешқандай таңдау жоқ. Ауылдан аттап шықсаң болды ақылы жолға ақша төлейсің. Дегенмен, бұл арада ұлттық компания мұндай азаматтардың жағдайын ойластырған екен. Үйі аталған жолдың бойындағы азаматтар үшін жылына 1000 теңге
шамасындағы жеңілдетілген абоненттік төлем енгізу жоспарланған.

Адам өмірі неге құнсыз?
Автожолдар үшін ақы төлеуде тағы бір дүдәмал мәселе бар. Әуе, темір жол көлігіне мінген жолаушының өмірі сақтандырылады. Көп жағдайда сақтандыру құны билет ақысының ішіне енгізілген және сақтандыру автоматты түрде жасалады. Біздің жолдарда, оның ішінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-на қарасты жолдарда да апатты жағдайлар кездеседі. Әйтсе де, жолды пайдаланғаны үшін ақы төлегенмен, жүргізуші мен оның жолаушыларының өмірі сақтандырылмайды екен. Біздің бұл туралы сұрағымызға компания басшысы қысқа ғана «ҚР заңнамасына сәйкес, жол пайдаланушылардың өмірін сақтандыру ақылы жолдар бойынша жол жүру құнына кірмейді», – деп жауап берді. Бұл жерде, мысал үшін 1991–2019 жылдар аралығында Қазақстан бойынша 432 мың жол-көлік апаты болып, оның кесірінен 84 мың адам қаза тапқанын айта кетейік.

Жол – ақшаның көзі
Осы уақытқа дейін елімізде төрт бағыттағы жол ақылы болып келді. Олар Нұр-Сұлтан–Щучинск, Нұр-Сұлтан–Теміртау, Алматы– Қапшағай, Алматы–Қорғас учаскелері. Олардың ұзындығы көп те емес, бар болғаны 680 шақырым. Әйткенмен, осы жолдардан былтыр 5,7 миллиард теңге қаражат түсіпті. Яғни, жолдың әр шақырымы бір жылда 8,4 млн теңге табыс түсірген. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жоспары бойынша, алдағы уақытта ақылы болатын жол ұзындығы 11 мың шақырымдай. Олардан ақша алу басталған кезде тек ақылы жолдың өзінен жылына 60-72 млрд теңге түсім түсіп тұрады екен. Әділін айту керек, еліміз бойынша жол салу қарқынды жүріп жатыр. Тақтайдай жақсы жолдар жүргізушілердің көз қуанышына айналып қана қоймай, экономикамызға да оң әсерін тигізіп жатқаны ақиқат. Бірақ, осы арада бұл жолдар қандай қаражатқа салынған деген мәселе бар. Қазбалай келгенде, осы жолдардың дені шетелден қарызға алған қаражатқа салынғаны анықталды. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының» жауабына сенсек, тек қана республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын реконструкциялауға 2017–2021 жылдары Еуропа қайта құру және даму банкінен, Азия даму банкінен, Қытайдың Экспорт-импорт банкінен АҚШ долларымен 2,6 млрд, ал теңгемен 202,0 млрд қарыз алыныпты. Барлығы шамамен 3,1 млрд АҚШ доллары. Бұл аз ба, көп пе деген сауалға жауап беру үшін осы соманы автокөлік жолдарынан жылына жиналатын 60-72 млрд теңгеге бөлейік. Сонда ақылы жолдардан жиналатын бар ақшаны осы несиеге беріп отырғанның өзінде қарызды жабуға 20 жыл керек екен. Немесе осы 3,1 млрд долларды Қазақстандағы барлық 4,5 млн көлікке бөліп көрейік. Сонда әрбір көлікке 688 доллардан келеді екен.

Жауапты «ҚазАвтоЖол» ма?
Келесі мәселе – осы ақылы жолдардағы қызмет. Әр көліктен әжептеуір ақша алынғанымен, осы ақылы жолдар жолаушыларға мүлтіксіз қызмет ұсынып отыр ма? Биылғы қыстың өзінде жүргізушілер «ҚазАвтоЖол» тарапына өткір сын айтты. Басқасын айтпағанда, жолды қардан тазарту, көктайғақ кезінде жолға тұз, құм себу жұмыстары көңіл көншітпеді. Сол кезде компания өкілдері қажетті техниканың жетімсіздігін алға тартқан еді. Біз бұл мәселе бойынша да компания басшылығына сұрақ қойдық. Олардың жауаптары мынадай:
– Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын ұстауды «Казахавтодор» ЖШС жүзеге асырады. 2019 жылы жекешелендірудің екінші толқынының аясында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мен «ARAI OIL» ЖШС арасында кейіннен сатып алу құқығымен (2022 жылғы 14 ақпанға дейін) «Казахавтодор» ЖШС-мен 3 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға беру туралы шарт жасалды. Сенімгерлік басқару шартының талаптарына сәйкес, «Arai OIL» ЖШС өз есебінен «Казахавтодор» ЖШС мұқтаждығы үшін 300 бірлік жол-пайдалану техникасын және 200 бірлік арнайы жабдықты сатып алды. Қазіргі уақытта қоғам ақылы жолдарды өз күшімен ұстауды тоқтатады. Оларды тендерлік негізде аутсорсингке береді. Яғни, осы жолдарды ұстап тұру жұмыстарын «ҚазАвтоЖол» АҚ толықтай аутсорсингке немесе тендер арқылы жеке компанияларға таратып бермекші. Бұл қаншалықты дұрыс? Ақысын төлеген жүргізушілер дұрыс қызмет талап еткен жағдайда «ҚазАвтоЖол»
жауапкершілікті тендерді ұтып алған компанияға ысырып салатыны айқын. Сосын әдеттегідей ол компания техника беру туралы тағы бір фирмамен келісімшарт жасасқан болып шығады, ол тағы біреумен. Делдалдан кейін делдал. Ал қойшы көп болса, қойдың не болатынын бәріңіз білесіздер. Бұл арада «ҚазАвтоЖол» АҚ орталық аппаратында 118 бірлік барын айта кету де орынды. Егер барлық жұмыс аутсорсингке берілетін болса, бұл компанияға сонша қызметкер не үшін керек? Оның үстіне компания қызметкерлерінің жалақысы да жаман емес екен. Бізге берген жауабына қарасақ, компания қызметкерінің орташа жалақысы 256 000 теңгені құрайды.

Жұрт электромобильге мініп жатса, біз дәретхананы армандап жүрміз
Біздің жолдардың ең басты дертінің бірі – сервистік қызмет. Жолда жүру ақысын төлеген соң, жүргізушілер тиісті сервис талап етуге құқылы, әрине. Бірақ ол қалай болады? Біз компания басшыларына бұл сауалды да қойдық. Алынған жауап мынадай:
– 2021 жылы жеке инвесторлардың есебінен 38 бірлік заманауи қызмет көрсету кешендерінің құрылысы жоспарлануда. Ол үшін биылғы жылдың басында ҚР СТ 2476-2014 Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келетін заманауи жол кешендері мен жанармай құю бекеттерін салу бойынша іс-шаралар жоспары жасалды. Шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін ақылы автокөлік алаңдарында жайлы дәретханасы бар модульдік қызмет көрсету павильондарын орнатуға арналған демалыс орындарын қауіпсіз сақтауды ақысыз қамтамасыз ету механизмі әзірленді. Кәсіпкер демалыс аймағының тазалығын қадағалап, жайлы дәретханасы бар модульдік павильондарды орнатуы керек. Сонымен бірге «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-на тиісті қаржы бөлінген жағдайда, электр қуатын, құдықтар мен септиктерді тартып береді. 2021 жылы инвесторлар есебінен 40-тан астам СМУ орнату жоспарланған. Сонымен, жолдардың дені ақылы болмақ. Тиісті органдар одан түсетін табысты да есептеп қойыпты. Жылына 60-72 млрд теңге. Ал,
бензин бағасының қалай құбылатыны белгілі. Мұнай құны былтырғыдай барреліне 10 долларға дейін төмендесе де қыңқ етпей литріне 150 теңгеден түспей тұрып алды. Ал, биыл баррель 60 доллардан сәл аса бастап еді, лезде литрі 10-20 теңгеге қымбаттап отыр. Осымен тоқтаса жақсы, сарапшылар әлі де қымбаттайды деп болжауда.

Алматы көшелерінің бәрін басып алған ақылы тұрақтардың жылына қанша ақша тауып жатқаны әзірге жұмбақ. Дегенмен, ол да жүргізушілер қалтасына миллиардтаған шығын болып жатқаны анық. Ал, «Сергек» камералары бөлек әңгіме. Жақында «Литер» басылымына сұхбат берген Алматы қалалық полиция департаментінің басшысы Қ.Таймерденов тек Алматының өзінде 2020 жылдың 9 айында «Сергек» камералары арқылы жүргізушілерге 3 млрд теңгеден астам айыппұл салынғанын хабарлады. Осыдан кейін қазір таксистер айтып жүрген «Мемлекет жүргізушілерді екінші мұнайға айналдырды» деген сөздің жаны жоқ деп көр.

Жәнібек КӘРІМ

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА:
«ҚазАвтоЖол» басшысы Ұ.Әліповтің
қызметінен алынғаны мәлім болды.

Комментарий