Жаңалықтар | Новости

Марат ТӨЛЕБАЕВ, Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі: «ЖҰМЫСЫМЫЗДЫҢ НЕГІЗГІ ӨЛШЕМІ — ХАЛЫҚ СЕНІМІ»

– М а р а т С а ғ ы н т а й ұ л ы , алғашқы сауалымызды облыстың криминогендік ахуалынан бастасақ.

– Солтүстік Қазақстан облысы республикадағы криминогендік жағдайы ең тұрақты аймақ. Бізде қылмыстың
ұйымдасқан түрлері мен резонанстық қылмыс жоқ. Соңғы бес жыл ішінде қылмыс саны анағұрлым төмендеген. Мәселен, былтыр қылмыс деңгейі 25%-ға азайса, ашылуы 76%-дан асты. Бұл – елімізде енгізілген шектеу және карантин шараларының ғана емес, сонымен қатар облыс полицейлері жүргізіп отырған профилактикалық жұмыстардың нәтижесі. Оның артында жеке құрамның ерен еңбегі жатыр.
Ал былтырмен салыстырғанда, биыл қылмыстың барлық түрлері, соның ішінде, көшелер мен қоғамдық орындардағы құқықбұзушылықтар, бұрын сотты болған адамдардың қатысуымен болатын, маскүнемдікпен жасалатын қылмыс түрлері анағұрлым азайды. Өкінішке қарай, ақпараттық технологиялар мен жаһандық желінің қолданылу аясы кеңіген сайын алаяқтарға тосқауыл бола алмай жатырмыз. Алаяқтықтың артуына қоғамдағы әлеуметтік жағдай септігін тигізіп отыр. Құқық қорғау саласындағы алғашқы жылдары көшеде құндыз бөріктерді шешіп әкететін рэкеттердің қылмысы орын алды. Ол сол уақытта қоғамның нағыз қасіреті және сол кездегі милицияның бас ауруы еді. Қазір мұның бәрі артта қалды. Елімізде цифрландыру процесі белсенді дамып келеді. Заманына қарай адамы, яғни қылмыс та түсін өзгертті. Алдаудың жаңа тәсілдері пайда болуда. Халықтың төлем жүйелерін онлайн түрде жасап, сату мен сатып алу секілді есеп айырысуларды қолма-қол емес, әртүрлі сервисті пайдалануына байланысты құқық бұзушылықтардың
түрлі құрылымын трансформациялау процесі жүріп жатыр. Бұл, әсіресе, пандемия кезеңінде, тұтыну нарығының едәуір бөлігі онлайн-сатып алуға бет бұрған кезде өзекті бола түсті. Цифрландыру процесінің теріс жағымен кешенді күресу қажет. Ішкі істер министрлігі IT технологиялар саласындағы қылмысқа қарсы күрес бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама іске асса, бұл қылмыспен нақты және тиімді күресуге мүмкіндік болатыны сөзсіз. Қылмыстың себебі көп. Ал қылмысты болдырмаудың басты екі шарты – жүйелі жұмыс пен әділ жаза. Әйгілі кинорежиссер Глеб Жеглов айтқандай, ұры түрмеде отыруы керек!

– Қазір аймақтардағы департамент басшылары, оның ішінде өзіңіз де халықпен онлайн байланысқа шығып, арыз-шағымдарына,талап-тілектеріне құлақ асып жүрсіз. Осы уақытқа дейін қанша адамнан арыз-шағым түсті?

– Біздің бүгінгі басым бағыт – ашықтық, айқындық, сервистік жұмыс моделіне көшу. Ішкі істер министрлігінің басшы құрамымен кездесуінде Президентіміз де қадап айтты. Ішкі істер министрі Ерлан Заманбекұлы да
«Халыққа жақын полицей» қағидатын қатаң сақтау керектігін үнемі айтып жүр. Өз тарапымнан азаматтардың
өтініштерін қабылдап, арыз-шағымын тыңдау басты қағидама айналды. Қазіргі пандемия жағдайында да орынбасарларым, аудандық бөліністердің басшылары, өзім онлайн-режимде халықтың шағымын тыңдауды дәстүрге айналдырдық. Биыл үш айда 102 адамның өтінішіне құлақ түрсем, орынбасарларым 40-тан аса арыз-шағым қабылдады. Жыл басынан бері облыстағы 13 ауданға барып, шалғайда елді мекендердегі азаматтарды қабылдадым. 57 адамның арызын тыңдап, заң аясында жанжақты шаралар қабылдап, құқықтық
аспектілерді түсіндіріп қайттым. Мен үшін азаматтардың шағымдары ерекше бақылауда. Олардың басым бөлігі қылмыстық істерді тергеу барысына, учаскелік полиция инспекторлары мен әкімшілік полиция жұмысына қатысты. Әрбір өтініш назардан тыс қалмайды. Биылғы бірінші тоқсанда департаментке азаматтардан 80 шағым түсті. Осындай проблемалық шағымдарды азайту үшін қалалық және аудандық полиция органдарының басшылары ІІМ және СҚО ПД бақылауындағы қылмыстық істердің тергелуі жайлы тұрақты негізде есеп беріп тұрады. Апта сайынғы аппараттық кеңесте адамдардың облыстық департаментке жүгінуінің басты себебі мен салдары талданады.

– Арыз-шағым айтушылардың артуына не себеп? Азаматтардың бастыққа жүгінуі полицейлердің халықпен жұмыс істеу тәсілінде түйткіл бар дегенді білдірмей ме?

– Бізге тек арыз-шағыммен келмейді. Адамдардың белгілі бір бөлігі ризашылықтарын білдіре келеді. Кез келген мемлекеттік органның жұмысына шағымданушылар бұрын да болған, қазір де бар және болады да.
Нақты біздің өңірімізде шағым айтушылар артты дей алмаймын. Қабыл – д а -уыма келгендердің арасында түрлі себептермен аумақтық полиция бөлімше басшылығына жүгінгілері келмейтін жағдайлар бар екендігін жоққа шығармаймын. Мұндай сенімсіздіктің себебі, жоғарғы сатыдағы басшылар жағдайды бақылауға алсын дегенінен болар. Сол үшін де БАҚ пен әлеуметтік желілерде тұрғындармен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша үнемі кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырып жүрмін. Қазір қалалық және аудандық бөліністердің барлық басшысы бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде азаматтарды қабылдау күндерін жариялады. Сонымен қатар, департамент басшылығының азаматтарды қабылдау кестесі де жаңартылды, ол туралы ақпарат ресми порталымыз бен әлеуметтік желілердегі парақшаларда құлағдар етілді.

– Ішкі істер министрі де арыз-шағым арқалап келгендерді қабылдап жүр. Жақында Ерлан Тұрғымбаев адамдардың министрлікке жүгінуі жергілікті полицияның өтініштерді қараудағы олқылықтары мен наразылықтарынан деген еді. Солардың ішінде Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары да бар. Бұл нені көрсетеді?

– Былтыр Ішкі істер министрінің қабылдауына облысымыздан 4 адам жүгінді, ал жыл басынан қылмыстық істі
тоқтату туралы шешіммен келіспеуіне байланысты бір арызданушы жүгінген. Бұл іс бойынша біз арызданушыға толық түсініктеме берген болатынбыз, облыс прокуратурасынан істі тоқтату туралы келісім де бар. Бұл жағдайда полицейлердің жұмысында шикілік бар деп ойлау әбестік. Себебі, біз қылмыстық істер бойынша заңды шешімдер қабылдаймыз. Шешімді алдын ала жазбаша түрде қадағалаушы орган – прокуратурамен келісеміз. Облыс тұрғындарының мәселелерін бірден осы жерде шешуге тырысамыз. Бірақ, жоғарғы сатыдағы басшылыққа жүгінетіндер процессуалдық шешімнің күші жойылатынына сенеді.

– Қандай реформа жасап, талай іс-шаралар атқарылса да, құқық қорғау қызметкерлері халықтың сенімінен шыға алмай келеді. Неліктен деп ойлайсыз?

– Кез келген мемлекеттік орган үшін адамдардың сенімі маңызды. Кейбір жағымсыз жағдайларды айтпағанда,
жалпы, біздің азаматтар полицияға сенім артады. Бұл тек менің ғана пікірім емес. Соның ішінде тәуелсіз ұйымдар, халықтың көп бөлігі бізді қолдайтындығын көрсетеді. Былтырғы деректерге сүйенсек, облыс тұрғындарының 75%- дан астамы ішкі істер органдарына сенеді. Өткен жыл барлық азаматтар үшін де, полиция қызметкерлері үшін де қиын болды. Пандемия жағдайында дәл осы полицейлер халық арасында санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау жөніндегі талаптардың орындалуын қадағалады. Мұндай шаралар ешкімге ұнамайды. Бұл полицияға деген сенімді ішінара төмендеткені рас, бірақ біздің тараптан жасалған шаралар коронавирустық инфекцияның одан ары таралып кетпеуіне тосқауыл болды. Біздің жұмысымыздың негізгі өлшемі – халық сенімі. Қазір біз сервистік полицияны белсенді түрде дамытып,
жұмыс сапасын арттыруға және полицейдің оң имиджін қалыптастыруға басымдық бердік. Биыл Ішкі істер
министрі Ерлан Заманбекұлы құқық бұзушылықтың алдын алу және «Халыққа жақын полиция» қағидатын қамтамасыз ету жылы деп жариялады. Бұл бағытта бірқатар жобалар жүзеге асырылды, атап айтқанда, желтоқсан айында біз полицияның екі модульдік бекетін аштық. Онда кез келген азамат көмек сұрап, өтініш бере алады. Биыл облыстың және шалғайдағы шағын аудандарда тағы да осындай 4 полиция бекетін орнату жоспарда бар. Министрліктің тағы бір ноу-хауы – «102» мобильді қосымшасы іске қосылды және сәтті жұмыс істеп тұр. Халық арасында оның міндеті мен мүмкіндіктері жөнінде үлкен ақпараттық жұмыс жүргізілді. Қазірдің өзінде жаңа мобильді қосымша құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын іске асыруда тиімді құралға айналды.

– Соңғы кездері әлеуметтік желіде парақша ашуды халыққа жақындаумен шатастырып жүрген басшылар бар. «Ашықтық керек» деп ашып алып, халықтан бойымызды аулақ саламыз. Өзіңіз әлеуметтік желідегі парақшаңызға күніне қанша рет кіресіз?

– Facebook-тегі ресми жеке парақшамды екі жыл бұрын аштым. Бүгінгі күні парақшамда 4250-ден астам қолданушы, сондай-ақ 1041 адам тіркелген. Жалпы, аудиториям 5 мыңнан астам адамды құрайды. Көпшілігі өңіріміздің тұрғындары. Жеке ресми парақшам ашылған күннен бастап ведомствомыздағы қоғамдық және қызметтік жұмыстарға қатысты өткізілген әр ауқымды оқиға жайлы посттарды ұдайы жазуға тырысамын. Парақшама күніне бірнеше рет кіремін. Онлайн шығуға белгіленген бір уақыт жоқ, барлығы жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты. Алғашқы кезекте түскен хабарламалармен танысамын, пікірлерді де назардан тыс қалдырмаймын. БАҚ жарияланымдарының сілтемелерімен бөлісемін. Әр жазбамның астына қолданушылар өз пікірін қалдырып, сұрақтар қойып жатады. Жеке хаттар да келіп түседі. Бірде-бір сұрақты жауапсыз
қалдырмаймын. Шағым түскен бойда жеке бақылауыма алып, қызметкерлерге жауап әзірлеуді тапсырамын. Бір айда, орташа алғанда, бес хаттан келіп түседі. Оның ішінде түрлі өтініштер, полицейлерге алғыс айтушылар да бар. Желі қолдану, өзіңіз айтпақшы, отырғаныңды білдіру үшін емес, азаматтармен
ашық диалогқа шығатын алаң. Осындай алгоритмді барлық қызметкерлеріме міндеттеймін. Былтыр барлық қалалық және аудандық полиция бөліністері басшыларының Facebookта ресми жеке парақшалары ашылды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде басшы құрамның ғана емес, департаменттің ірі бөліністері, қалалық полиция басқармасы мен аудандық полиция бөлімдерінің аккаунттары бар. Қазір әлеуметтік желі – халықпен қарым-қатынас орнатуға қолайлы платформа. Сондықтан, әлеуметтік желілердегі жұмыс аптаның жеті
күні, тәуліктің 24 сағатында үздіксіз жұмыс жасауы тиіс. Сізге айтайын, соңғы жылдары облысымыздағы журналистердің өзі полиция департаментін «ең ашық ведомство» деп айтады.

– Бүгінде қызметкерлердің адалдығына көз жеткізу үшін полиграфтың көмегіне көп жүгінетін болдық. Алайда адамнан айла артылмаған ғой… Жол үстіндегі полицейлер пара алмасына қандай кепілдік бар?

– Полиграф аппараты аттестаттау шеңберінде және қажет болған жағдай да қызметтік тергеу жүргізу үшін қолданылады. Мамандар құрылғыны жасау кезінде оны алдаудың түрлі жолдары қолданылғанын айтады. Бірақ «өтірік детекторын» алдау мүмкін емес екен. Өйткені, бұл құрылғы адамның физиологиялық реакцияларының динамикасына әсер ету арқылы жұмыс істейді. Детектор бойынша жүргізілген зерттеулер, ең алдымен, полиция қызметкерлерінің бұрын және қазіргі кезде жасалған ықтимал құқық бұзушылықтарын анықтауға бағытталған. Рас, патрульдік полиция қызметкерлерінің пара алмайтындығына кепілдік жоқ, бірақ бұл фактілердің алдын алуға болатын әдістер бар. Солардың бірі – бейнежетондарды қолдануды енгізу. Олардың бірқалыпты жұмыс істеуіне қатаң бақылау бар. Бұл ретте патрульдік полицияның жұмысын тексеру ашық жария түрде де жүзеге асырылады.

– Бір сұхбатыңызда әр түрлі деңгейдегі 60-тан астам басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 21 қызметкер жұмыстан босатылды деп айтыпсыз. Қарамағыңыздағы қызметкерлерге қандай талап қоясыз?Өзіңізге ше?

– Жыл басында біздің қызметкерлерге қатысты екі қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бір іс бойынша 3 полиция қызметкері, ал екінші іс бойынша 2 қызметкер
күдікті деп танылуда. Полиция департаментінің басшылығы жеке құрам арасындағы сыбайлас жемқорлықты жою үшін жүйелі жұмыс жасайды. Жақында ғана Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның қызметкерлері құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін 300 мың теңге алған СҚО ПД патрульдік полиция батальонының екі қызметкерін ұстау фактісі бойынша қызметтік тергеу жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша тәртіптік комиссия отырысы өтті. Комиссия шешіміне сәйкес, екі қызметкер жұмыстан шығарылды, ППБ командирінің орынбасары лауазымынан босатылды. Полиция патриот болуы керек. Антына адал болып, азаматтардың мүддесін қорғауға мүдделі болуы тиіс. Заңдылық, әділдік пен бейтараптық қағидаттарын мүлтіксіз ұстануға міндетті. Өзім де осы қағидаларды қатаң ұстанамын және қарамағымдағы қызметкерлерден өзінің кәсіби деңгейлерін арттыруды, тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысуды, психологиялық тұрақтылығын дамытуды, үнемі өз білімін жетілдіруді талап етемін.

– Жөн-ақ, бірақ бізде құқық қорғау қызметкерлері өзін балағаттап, қол көтергендерге қарап сөйлеуден қалып бара жатқан секілді. Полицейлердің құқығын қаншалықты қорғай алып жүрміз?

– Жеке құрамды қорғау және ішкі істер органдары қызметкерлерін қылмыстық процеске негізсіз тартуға жол бермеу мәселесі, сондай-ақ ІІО қызметкерлеріне қатысты жасалған жалған
айыптау, қарсылық көрсету, бағынбау және қорлағаны үшін жазадан бұлтартпау қағидатын қамтамасыз ету департаменттің ерекше бақылауында. Қолданыстағы заңнамаға сай, ІІО қызметкерінің ар-намысы мен беделін қорғау, сондай-ақ, полиция имиджін қолдау бойынша жұмыстар жасап жатырмыз. Интернет-ресурстарға тұрақты мониторинг жүргізетін топ құрылды. Болған жағдайды объективті саралай отырып, түсініктер дайындалады. Қажет болған жағдайда кінәлі тұлғаларға шара қолданылады.

– Өзіңіз білесіз, солтүстікте мемлекеттік тілді қолдану аясы өзекті. Ал аймақтағы полицейлердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі қалай?

– Әрине, өзекті. Осы бағытта көптеген жұмыстар атқарып жатырмыз. Департаментте 2007 жылдан бері іс жүргізу мемлекеттік тілге көшірілген. Полицейлердің мемлекеттік тілді меңгеруі үшін қажетті жағдай жасалған. Жыл сайын мемлекеттік тілді оқыту процесі мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, қызметкерлер оқу курстарына қатысуда. Оқу жылының соңында емтихан қабылданып, ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тест тапсырады. Одан бөлек, департамент қызметкерлері облыстық және республикалық деңгейде өтетін іс-шараларға қатысып тұрады. Мәселен, республикалық «Парасатты полицей» байқауында біздің команда жүлделі орындарға ие болып жүр. Қазір пандемияға байланысты барлық іс-шаралар онлайн өткізіледі. Полицейлеріміз бен балалары қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа оқудан алдына жан салмайды. Бұл өзге ұлт өкілдерінің тіл үйренуіне, ең бастысы, күнделікті
жұмыс барысында мемлекеттік тілді қолдануға барынша ынталы болуға итермелейді. Бізде 20-ға жуық ұлт өкілдері қызмет етеді. Олардың арасында мемлекеттік тілді еркін меңгергендері де бар. Мәселен, әзірбайжан Гариф Хамзаев, беларусь Денис Матевич, орыс Денис Каморов секілді полицейлер қазақшаға ұста.

– Жастар арасында кеңінен танымал отандық «Патруль» дейтін кинокомедияда полицейлердің облыс әкімінің құжатын толтыра алмай қиналған әрекетін көрсетеді. Басшысының бауырын жолда тоқтатқаны үшін таяқтың астында қалатын, тіпті ереже бұзған тоқалын тоқтатқан тәртіп сақшыларын басшысы жазалайтын эпизодтар бар. Сіз де басшысыз, осындай бастықтар бар ма?

– Кез келген киноның сценарийін жазғанда, басты мақсат көрермен жинау. Әсіресе, кинокомедияларда келемеждеу мен әсірелеу басым. Шынайы өмірдің кейбір қырларын ғана байқауға болады. Сондықтан кинодағы көріністі полицейлердің келбеті деп қарау дұрыс емес. Өзім де, қармағымдағы барлық жеке құрамды, оның ішінде халықпен етене араласатын полицейлерді адал қызмет етуге үндеймін. Заң алдында қара да, хан да тең.

– Сынды қалай қабылдайсыз?

– Сын шамға тию үшін немесе әділ баға беру үшін айтылады. Сын дұрыс болса, шындықтан аттап кете
алмаймын. Кемшілік болса, күресуге, әділ айтылса, әрі қарай әрекет етуге дайынмын. Сонда ғана жұмыс нәтижелі болады. «Сыннан қорықпаймын» деп айту шынайы болмас. Мемлекеттік органның басшысы ретінде сынның себеп-салдарына бей-жай қарамаймын. Мұхтар Әуезовше айтсақ, «сын шын болуы керек».

Сұхбаттасқан
Жадыра МҮСІЛІМ

Комментарий