Жаңалықтар | Новости

Қазақстандықтар Абхазиядан көліктерді заңсыз кіргізіп жатыр – МКД

Елімізде Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралдарын республика аумағына заңсыз өткізу және пайдалану жағдайлары өскен. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Автокөліктер Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік аумағына Ресейдің өткізу пункттері арқылы уақытша әкелінеді, өз мәртебесі бойынша шетелдік тауар саналады (яғни ЕАЭО тауарлары емес) және кедендік бақылауда болады.

“Көлік құралының иесі Абхазия, Оңтүстік Осетия заңды тұлғасы болса, көлік құралының кедендік декларациясы (КҚКД) немесе көлік құралының иесі осы республикалардың резидент жеке тұлғалары болса, жолаушылар кедендік декларациясы (ЖКД) уақытша әкелуді растайтын құжат саналады“, – делінген хабарламада.

Абхазияда және Оңтүстік Осетияда тіркелген уақытша әкелінген көлік құралдарын Қазақстанға негізінен Абхазия Республикасының азаматтары және аз дәрежеде Ресей Федерациясының азаматтары әкеледі.

“Абхазия және Оңтүстік Осетияның тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралдарын ЕАЭО кедендік аумағына әкелуді және Қазақстан Республикасының резиденттеріне беруді жүзеге асырған тұлғалардың, сондай-ақ мемлекетке келтірілген залал сомасына қарай кедендік төлемдерді төлемей және бастапқы мемлекеттік есепке қоймай Қазақстан аумағында заңсыз пайдалану мақсатында осындай көлік құралдарын сатып алған тұлғалардың әрекеттерінде қылмыстық кодексте көзделген қылмыс орны не құрамы, не Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы болады. Екі құрам да жазадан басқа көлік құралын тәркілеуді көздейді”, – деді МКД өкілдері.

Комментарий