Жаңалықтар | Новости

Медиация мәселесі онлайн-режимде талқыланды

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында ұйымдастырылған “Сотта татуластыру рәсімдері – талап-арызды қабылдау сатысында” тақырыбындағы дөңгелек үстел онлайн-режимде өтті. Аталған іс-шараға судьялар мен БАҚ өкілдері, Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаттары, “АЮА” Алматы заң палатасының, “Алматы қаласының жеке практикамен айналысатын заң консультанттары орталығының”, сондай-ақ, “Medikal Activ Group” ЖШС заңгерлері және бизнес-құрылым өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан судья-медиатор Баян Жусупбекова сотта татуластыру рәсімін қолдану кезінде туындайтын проблемалық мәселелерге және оларды шешу жолдарына, сонымен бірге, медиацияның артықшылықтарына, заң нормаларына әлемдік тәжірибеден мысал келтіре отырып кеңінен тоқталды. Әрі бұл тұрғыда қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

Бүгінгі таңда әлемде медиация ірі бизнес саласындағы даулардан бастап ажырасу барысында мүлікті бөлуге дейінгі түрлі жағдайларда қолданылады. Халықаралық статистика барлық даудың 30-40 пайызы медиация арқылы өтетінін және олардың 85 пайызында оң нәтижеге қол жеткізілетінін көрсетіп отыр. Баян Жусупбекова мұндай көрсеткішке жету үшін бізге де біріге жұмыс істеу қажеттігін айтып өтті.

Мамандар жиын барысында қозғалған мәселеге қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, адвокат Раушан Шоқатаева “Адвокаттың партисипативтік рәсімді жасасу кезінде сотқа қатысуы” және заңгер Назира Арғынбаева “Татуластыру рәсімі арқылы сотта дауларды шешудің артықшылықтары” тақырыбында баяндама жасады. Өз кезегінде сөз алған тараптардың өкілдері татуластыру рәсімдерінің талап қоюшылар мен жауапкерлер үшін де тиімділігін көрсетіп жатқанын жасырмады.

Судья-медиатор бейбіт жолмен келісу және істі аяқтау құқығы азаматтарда да, кәсіпкерлерде де әрқашан болғанын, бірақ, татуластыру рәсімдерінің толыққанды институтын енгізу, яғни, талапкерлер мен жауапкерлердің өзара бітімге келуі – ең алдымен бизнестегі сенімді серіктестік пен қаржылық ресурстарды сақтап қана қоймай, уақыт үнемдейтінін түсіндірді. Азаматтар да, заңды тұлғалар да медиацияға белсенді жүгінген кезде сот жүйесіне түсетін салмақты едәуір азайтуға, сол арқылы неғұрлым ірі және күрделі істерді шешу сапасын арттыруға болатынын уақыттың өзі дәлелдеуде.

Қазіргі уақытта Республика соттарында дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдер кеңінен қолданылуда. Мәселен, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты бұдан жеті жыл бұрын азаматтық сот істерін жүргізуде судьяның қатысуымен татуластыру рәсімдері (сот медиациясы) пилоттық жобасын енгізді. Осы жобаны іске асыруға арналған ереже Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі мен  ҚР Медиация туралы заңына сәйкес әзірленіп, онда судьяның (сот медиациясының) қатысуымен татуластыру рәсімдерін азаматтық сот ісін жүргізуге енгізу жөніндегі пилоттық жобаның мақсат-міндеттері мен жүзеге асыру тәртібі айқындалды. Бүгінгі күні Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында Алматы қалалық сотының төрағасы Асқар Смайловтың өкіміне сай, судья-медиаторлар болып Тұрсынәлі Төлегенов пен Баян Жусупбекова бекітілген.

Баян Бұланқызы жиынға қатысушыларға татуластыру рәсімдеріне қызығушылық танытып, қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдіріп: “Біз татуластыру рәсімдерін жүзеге асыратын судьяның көмегімен дауды реттеу арқылы талап қоюды қабылдау сатысында сот медиациясын азаматтық сот ісін жүргізуге одан да көбірек енгізу мақсатында сіздермен бірге ел игілігі үшін жұмыс істеуге әрқашан да әзірміз” деді.

 

Түймегүл Смағұлқызы,

журналист

Комментарий