Талқыдағы тақырып

Мұндай жағдайда министр де, әкім де, президент те елмен бірге болуы тиіс

Баяғыда Зайсанда жер сілкінгенде қатты дүрлігу болғаны есімде. Күнде телевизордан жаңалық қарайтын әке-шешем. Ол Кеңес өкіметінің кезі. Ал тәуелсіздік алғаннан бері мұндай масштабтағы оқиға есімде жоқ. Қызылағаш ауыл еді, Құлан да аса үлкен емес еді. Ал Арыс деген қала ғой! Қырық мыңнан астам адам тұратын қала. Және осы қаланы тұтас эвакуация жасау керек деген міндеттеме қойылды. Басында жарылыс болды дегенде “ойбуй…” дедік те қойдық. Шөкеевтің қаланы тұтас эвакуациялау туралы тапсырмасынан кейін ғана жағдайдың қиын екенін түсіндім (өз басым). Кімнің қайда қалғаны, халықтың тұтас шыққан-шықпағаны әлі де толық анық емес. Қырық мың адамды поголовно түгендеген ешкім жоқ қой әлі. Мұндай жағдайда министр де, әкім де, президент те елмен бірге болуы тиіс. Солай болуы заңдылық. Ал бізде экстраординарный оқиға сияқты. Кеше кешкілік біраз жұрт Тоқаевқа ода айтудан жарысқа түсіп кетіпті. Тіпті, қызды-қыздымен “бұған дейін қашан президент мұндай кезде ұшып барып еді?” дегенге көшіпті. Біреулер “түннің жарымы болса да, әкім мен президент әлі жүр” деп сүйінші сұрапты. Неге жүрмеуі керек?! Бұл кісілер осы мемлекетке, халыққа қызмет етуге міндеттеме алған, ант берген лауазымды тұлғалар емес пе. Сол үшін ақы-пұл алады әрбірден соң. Жеке басының, әрі кетсе отбасының алдында ғана жауапты қарапайым адамдар оқиға болғаннан бастап түннің жарымына дейін жарғақ құлағы жастыққа тимей, су тасып, жоғалғандарды іздеп жатыр. Сондай жағдайда әкім мен президент ұйықтап жатса, ұят қой. Жұртты сабырға шақырып, бәрін реттеуге тапсырма беріп жатқан Тоқаевқа да, өзі басы-қасында жүрген (жүруі тиіс) Шөкеевке де рахмет. Бірақ енді шіли ода айту керек емес шығар.
#Арыс
#қызықхалықпыз

Жұлдыз Әбілдә

Фейсбуктегі парақшасынан

Комментарий