Судья мінбері | Судебная система

Жол еркелікті көтермейді!

Бұрын көлік жүргізушілері жүргізуші куәлігі өзімен бірге болмаса әкімшілік жауапкершілікке тартылатын. Биылдан бастап Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігі және көлік құралын тіркеу туралы куәлікті жүргізушінің өзімен бірге алып жүруге міндеттейтін нормаларды алып тастау заң жүзінде реттелді. Заманауи ақпараттық технологиялардың көмегімен көлік құжаттары ішкі істер органдарының дерекқорында бар және қажет болған жағдайда полиция қызметкерлері олардың бар-жоғын дерекқорға қосылу арқылы тексере алады. Дегенмен бұл көлік жүргізушілерін жауапкершілігін жоғарылату үшін жасалып отырған шара екенін ұмытпауымыз керек.
Көлік жүргізушісін қажетті жағдайда көлік жүргізуші куәлігін тек сотпен айыра алады. Осы орайда көлік жүргізушісі қандай жағдайда жүргізуші куәлігінен айырылып қалатынына тоқтала кетсек және бұл жүргізушінің жауапкершілігін жоғарылату үшін қолданылатын бұл жазаның маңызы зор екенін байқаймыз.
Мынадай жағдайларда инспектордың жүргізуші куәлігін алып қоюға құқығы бар:
• Егер бұл жол жүрiсi қағидаларында тыйым салынған жағдайларда, жолдың жүру бөлiгiнiң қарсы бағытта жүруге арналған жағына, оның ішінде кері бұрылып немесе бұрылыс жасап шықса (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 596 бабы 3 тармағы);
• Көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару, сол сияқты мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiн (белгiсiн) сәйкестендіруге кедергі келтіретін не олардың түрін өзгертетін немесе жасыратын құрылғылар мен материалдар қолданыла отырып жабдықталған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқарса (590 бап, 4 тармақ);
• Апаттық жағдай жасағаны үшін әкiмшiлiк жаза қолданылып, сондай жағдай бір жыл iшiнде қайталап жасалса (606 бап, 2 тармақ);
• Темiржол өтпелерiнен тыс жерден темiржолды кесiп өту, шлагбаум жабық тұрған немесе жабылып жатқан кезде не бағдаршамның немесе өтпе жолдағы кезекшiнің тыйым салатын сигналы берілген кезде темiржол өтпелерiне шығу әрекетін бір жыл ішінде тағы қайталап ұсталса (607 бап, 2 тармақ);
• Көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқарса және көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына берсе (608 бап);
• Көлік жүргізу кезінде адам денсаулығына зиян келтірсе (610 бап);
• Жол-көлік оқиғасы болған жерден қашып кетсе – кінәлі ол ма, әлде басқа қатысушы ма, бұл маңызды емес (611 бап, 2 тармақ);
• Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтарса (613 бап);
• Көлiк құралдарын пайдалану кезінде абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiрсе (ҚР ҚК 345 бап, 1 тармақ);
• Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалса (ҚР ҚК 347 бап)
Мінекей, осы заң бұзушылықтар жүргізуші куәлігінен айыру қаупін тудырады. Тек осы әрекеттер жасалып, хаттама толтырылғаннан кейін көлік иесіне уақытша куәлік беріледі. Бұл әкімшілік кодекстің 795 бабы, 8 тармағында жазылған. Жалпы көлік жүргізуші рөлде жауапкершілікті екі есе сезініп, барынша абай болғаны жөн. Өйткені жол еркелікті көтермейді, керсінше қырағы, жауапкершілігі зор көлік жүргізушісі ғана жолды оңай бағындыратынын ұмытпауымыз керек.

Р.Б.Жамалбеков, Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

Комментарий