Жаңалықтар | Новости

Қатаң карантин жарияланған жағдайда қанша адам жұмыссыз қалуы мүмкін?

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының өкілдері Қазақстанда қатаң карантин жарияланған жағдайда қанша адам жұмысынан айырылып қалуы мүмкін екенін есептеді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Орталық президенті Дәулет Арғандықовтың айтуынша, жалпы елімізде 8,7 миллион қазақстандықтың тұрақты жұмысы бар.

“Біріншіден, 4,1 миллион адамның тұрақты жұмысы болады, олар: ТҮКШ қызметкерлері, медицина қызметкерлері, өндірістік кәсіпорындар, ауыл шаруашылығы және тағы басқасы.

2,5 миллионға жуық адам мүмкіндігі мен біліктілік деңгейіне байланысты қашықтан жұмыс істеу режиміне ауысуы мүмкін – бұл білім беру саласы, мемлекеттік қызметкерлер, кеңсе қызметкерлері және тағы басқасы”, – дейді Арғандықов ОКҚ брифингінде.

Қалған екі миллионға жуық адам локдаун дәрежесіне байланысты жұмыс орнын сақтап қалуы мүмкін, олар: қызмет көрсету, сауда, көлік саласының қызметкерлері.

“165 мыңға жуық адам шектеу шаралары толық қабылданған жағдайда жұмысынан айырылып қалуы мүмкін. Біз мамандықтар, еңбек дағдылары бойынша тікелей жіктедік, барлық топ бойынша бағалау жүргіздік”, – дейді сарапшы.

Арғандықовтың сөзінше, былтырғы көрсеткіш бойынша, ел бойынша жұмыссыздың деңгейі 4,9 пайыз болған. Карантиннің Қазақстанға әсерін азайту мақсатында “Жұмыспен қамтудың жол картасы”, ” Еңбек” және тағы басқа мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.

Комментарий