Жаңалықтар | Новости

ШҚО-да жол қызметтерінің 80 басшысы жауапқа тартылды

Шығыс Қазақстан облысында жол қызметтерінің 80 басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары облыс көшелері мен жолдарындағы қауіпсіздікті бақылау үшін 450-ден астам тексеру жүргізді. Соның нәтижелері бойынша жол қызметтерінің 80 басшысы мен теміржол өткелдерінің 11 иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 2 млн 600 мың теңгені құрады.
«Бұл ретте үш лауазымды тұлғаға 131 265 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Қазіргі уақытта тек әкімшілік шаралармен жол қауіпсіздігінің жоғары деңгейіне қол жеткізу мүмкін емес. Ол үшін жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және жол қозғалысын ұйымдастыру деңгейін арттыру қажет», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, жергілікті атқарушы органдардың қолдауы мен ПД ұсыныстарының арқасында соңғы жылдары көшелер мен жолдарда бірқатар нысандар салынған. Оның ішінде Өскеменде 2 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі бар. Сондай-ақ апаттық-қауіпті учаскелерде солға бұрылуға тыйым салатын қосымша белгілер орнатылды. Бұдан бөлек, 30 жаңа бағдаршам қойылып, жұмыс істеп тұрған 70-іне реконструкция жүргізілді.
«Жол қозғалысын ұйымдастыруды жақсарту бойынша осындай жұмыстар биыл да жүргізілетін болады. Мәселен, Семейде жаңа мешіт ауданында екі жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі мен 13 бағдаршам салынып, 4 000-нан астам жол белгісі ауыстырылады», – делінген ақпаратта.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Шығыс Қазақстан облысы

Комментарий