Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ҒАРЫШҚА ҒАШЫҚ АЗИЗА

Биыл адамзаттың ғарышқа ұшқанына 60 жыл. 1961 жылдың 12 сәуірінде Қазақстандағы Байқоңыр космодромынан тұңғыш ғарышкер Юрий Гагариннің басқаруындағы «Восток» ғарыш кемесі орбитаға ұшырылған болатын. Содан бері осынау теңдессіз оқиға қанша баланың жүрегіне үміт отын жағып, алыс армандарға жетеледі десеңізші! Арманын аспан әлемімен байланыстырып жүрген өрендердің бірі – Нұр-Сұлтан қаласындағы №66 мектеп-лицейдің 8 сынып оқушысы Азиза Елеусін.


Он төрт жасар өрен «Халықаралық ғарыш агенттігі NASA-да қызмет ететін алғашқы қазақ қызы болғым келеді» деген жүрек түкпіріндегі арманын аялап қана қоймай, оған қарай батыл қадам жасап келе жатыр. Өзі қатарлас жасөспірімдер әнші немесе блогер болуға ұмтылып жүргенде, қаршадай
қазақ қызының осынау биік мақсатқа қол созуына не түрткі болды екен? Азизаның өзінен сұрап көрейік. «Ата-анам «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда оқығандықтан, інім Әлихан екеуіміз ағылшын бастауыш мектебінде білім алдық. Брайтон қаласындағы «Moulsecoomb» бастауыш
мектебіндегі алғашқы Science сабағында «Ғарыш» атты тарауды талдадық. Кэролайн ұстаз жұлдыз бен ай-күнді, алыс-жақын ғаламшарларды түсіндіріп әлек. Сол сәтте топ алдына шығып, әлемге аты танылған талай ғарышкерлер менің елімнің топырағынан аттанғанын айтқым келген. Native балалардан қысылдым ба, әлде сыныпқа жаңадан қосылғаным еске түсті ме, әйтеуір, Байқоңыр туралы айтудың сәті түспеді.


Алайда ғарыш әлемінің менің ажырамас бөлігіме айналғанын сол күні түсіндім. Сол сәттен бастап NASA-да қызмет ететін алғашқы қазақ қызы болам деп өзіме серт еттім», – дейді арманшыл қыз. Кездейсоқтық па әлде сәйкестік пе, әйтеуір, дәл сол уақытта Англияның кинотеатрларында көрсетіліп жатқан «Hidden figures» атты кинофильмге барғаны есінде. Ғарышқа ғашық қыздардың мақсатқа жету жолындағы жанкештілігі Азизаны одан әрмен қанаттандыра түсті. Лондондағы Гринвич паркінде орналасқан «Нольдік меридиан» обсерваториясына саяхаты да ерекше есте қалды. Екі жылдан кейін елге оралғанда, қос бірдей ғарышкермен кездесіп, қолтаңба алудың сәті түсті. Олардың бірі қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров болса, екіншісі – екі рет ғарышқа самғаған американдық ғарышкер әйел Мэри Эллен Вебер. Кездесулер мен ғарышкерлер әңгімесінен алған ерекше әсерімен бөліскен Азиза Тоқтар атасының берген батасы әлі жадында екенін айтады.

2020 жылы екі мәрте ғарышқа ұшқан, NASA-ны 10 жыл басқарған Чарльз Болденнің қазақ жастарымен кезде сетінін естіп, хат жаздым. Ол хаттың
оған жетпеуі мүмкін екенін білсем де, мені мазалаған ой, арман-мақсатымды тіздім. Сенесіз бе, Болден мырза эфирді менің хатыммен бастағанда, арманның орындаларына күмәнім қалмады, – дейді жанары жарқылдаған жасөспірім. Бүгінде Азиза Чарльз Болден сияқты даңқты досының бар екенін мақтан тұтады. Алыстағы айға қолын созған Азизаның арманының орындалуына күмәнмен қарайтындар айналасында жетерлік. Тек әкесі Әлібек пен анасы Айнұр ғана тұңғыш қызының мақсатына жетуіне жан-жақты қолдау көрсетуде. Тіпті, Азизаға арнап сонау Англиядан заманауи жетілдірілген телескоп та алдырыпты. Жоғары оқу орнында қызмет ететін әкесінің қолы қалт еткенде қала шетіне шығып, телескоппен айдың бедерін көзбен сүзеді, жұлдыздардың көк жүзінде көрінер сәтін күтіп, рахаттана бақылайды. Сөздің құдіретіне сенетіні соншалық, қоштасарда міндетті түрде ай-жұлдыздарға қарап: «Ғарышта кездескенше!» деген арманын арқалап қайтады екен.

Талабы таудай қыз арманына жақындатар жолдың бірі шет тілін үйрену деп біледі. Ана тілінен бөлек орыс, ағылшын, француз тілдерін жетік меңгерген Азиза еліміздегі Еуропалық Одақтың, ЮНИСЕФ Қазақстанның өкілдерімен, Бельгия және Швейцария елшілерімен еш қысылмай, өзге тілде еркін сұхбаттасады. Арманын бейнелеген графикалық суреті Еуро Одақ жариялаған балалардың сурет байқауында жеңімпаз атанды. Сонымен қатар ол ағылшын тілінде шағын әңгімелер жазады. TED платформасындағы өзімен жасты балалардың ағылшын тіліндегі бейнежазбаларының мазмұнын қазақ тіліне аударып, инстаграмм желісіндегі @astro_aziza парақшасына жүктейді. Таяуда Қазақстанның білімге ұмтылған жастарын қолдап, оларды ізденіс пен дамуға ынталандыру мақсатында «DAULETTEN қайырымдылық қорының» елімізге танымал жандармен бірлесіп ұйымдастырған «БІЛІМНІҢ ЖҰЛДЫЗЫ» жобасы жеңімпаздарының қатарынан табылып, 100 мың теңге көлеміндегі шәкіртақы иегері атанды.

Аталған жобаға қатысуға 3000-ға жуық өтінім түскенін ескерсек, үздік жүздіктің бел ортасынан ойып тұрып орын алудың оңайға түспегені анық. Ғарышқа баруды армандаған Азиза секілді оқушылардың жолы Байқоңырдан басталғаны жөн. Десек те, анасының айтуынша, әлемдегі жалғыз ғарыш айлағына саяхат жасау қомақты қаржыны талап етеді екен. Тіпті, бұл сомаға Еуропаға барып-қайтуға болатынын тілге тиек еткен Айнұр мемлекет тарапынан талапты балалар үшін тегін саяхат ұйымдастырылса деген тілегін жасырмады.
Айгүл АХМЕТОВА,
«Заң газеті»
Сурет kipyat.com сайтынан алынды

Комментарий