Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

ТАРБАҒАТАЙ МЕН ТҮРКИЯНЫ БАЙЛАНЫСТЫРҒАН БАЛА

Саналы ұрпақ – жарқын болашақ кепілі. Тұғылда 1 сыныпта оқитын Байжігіт есімді балақай Түркия Президентінің назарына ілігіп, арнайы сыйлығын алды. Бұған оның Режеп Тайып Ердоғанға Абай өлеңін оқу эстафетасын жолдағаны себеп болған.

«Бірде Ләйлім Рысқали деген оқушы қыздың Абай өлеңін жаттап, эстафетаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдағанын Байжігіт көріп қалады. «Бұл қалай?» деді маған ойлы кейіпте. Түсіндіріп бердім. Тыңдап алды да «Мен де эстафета жолдаймын. Абай атамның өлеңін жаттаймын» деді. «Кімге жолдайсың?» деп сұрағанымда, сәл-пәл ойланып «Түркия Президентіне» деп жауап қатты. Оның бұл батылдығына риза болып, қолдау таныттым», – дейді баланың әкесі Дулат Байкубенов. Сөйтіп, хакімнің өлеңі жатталды, видео түсірілді, желіге жүктелді. Ауыл тұрғындары әкелі-балалы екеуінің бұл ісіне күлді де қойды. Ешкім де Байжігіттің сәлемі Түркия басшысына жетеді деп ойламаған-тұғын. Бірақ тағдырдың жазып қойған сыйы бар екен.
«Арада 1 жарым жылдай уақыт өтті. Сенімге селкеу түссе де, үміт үзілмеген. Кенет Анадолы еліндегі TRT AVAZ телеарнасында біз жайлы сюжет көрсетілгенін естідік. Басында сенбей, әзіл шығар дедік те қойдық. Сөйтсек, рас боп шықты. Осыдан кейін жан-жақтан ұсыныстар түсе бастады. Наурыз айының ортасында Түркияның Қазақстандағы елшілігі хабарласып, ұлым екеумізді Нұр-Сұлтан қаласына шақырды. Келесі күні ұшаққа отырдық та, елордаға тартып кеттік. Жол шығынын елшіліктің өзі көтерді», – деді Дулат Байкубенов. Аттанар алдында олар Тұғыл ауылындағы тігінші Әлия Нұрахметоваға барып Байжігітке арнайы киім тіктірген екен. Жоспар бойынша елшілікте Байжігіт Режеп Тайып Ердоғанмен Zoom арқылы тікелей байланысқа шығуы керек еді. Алайда Президенттің шұғыл жұмыстары шығып, бұл ойлары іске аспай қалыпты. «Бізді Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Экинджи мырза қабылдады. Ерекше ықылас танытып, шынайы ризашылықтарын жеткізді. Түркия Республикасы Президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчудың арнайы хаты, ipad mp3 player және Түркия туы бедерленіп, «Байжігіт» деген жазуы бар алтын білезікті сыйға тартты. Бұдан бөлек, Тарбағатай ауданының әкімдігіне Түркия туралы кітапты, Ақжар ауылындағы Байжігіт баба мешітіне Құран Кәрім кітабын бізге аманат етіп тапсырды. Ұлым мектеп бітірген соң Түркиядағы кез келген университетке грантқа оқуға түсе алатынын, мамандықты өзі таңдайтынын жеткізді. Түрік тілін меңгерсе, сол елде жұмысқа орналасуға көмектесетіндерін айтты. Қуанышымызда шек болмады!» – деді Дулат.
Байжігіт өскенде кәсіпкер болғысы келеді екен. Не үшін деп сұрағанда, «Көп ақша тауып, жағдайы жоқтарға көмектесемін. Балалардың бәріне телефон алып беремін», – депті. Осыдан-ақ оның көлдей көңілін, өзгеге деген жанашырлығын аңғардық. «Жұбайым Гүлайым екеуміз 4 бала тәрбиелеп отырмыз. Байжігіт – тұңғышымыз.
Ержігіт, Жанжігіт есімді екі інісі мен Кербез атты қарындасы бар. Ауылымызға оралғаннан кейін жергілікті әкім мен білім бөлімінің басшысы келіп құттықтады. Мектепте кездесу ұйымдастырылды. Тағы бір айта кетерлігі, Анадолы жеріндегі белді компаниялардың бірі Тарбағатайға қайтарымсыз инвестиция бөліп, сүт өңдеу цехын салмақ. Бір шарттары дайын өнімнің атауы «Байжігіт» болуы керек. Бұл да туған жеріміздің дамуына қосылған титтей де болса үлес», – деді Байжігіттің әкесі.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ,
«Заң газеті»
ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Комментарий