Жаңалықтар | НовостиҚоғам | Общество

35 ЖЫЛ КЕШІККЕН МАРАПАТ

Желтоқсан мен Тәуелсіздік – егіз ұғым. Екеуін бір-бірінен ажыратып қарауға болмайды. Биыл отыз жылдығын атап өткелі отырған тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 1986 жылдың желтоқсанындағы қазақ жастарының ақ қар, көк мұзда жазықсыз төгілген қанымен келгеніне тарих куә. Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңда қаһармандық көрсетіп, абақтыға жабылған, түрлі қудалауға ұшыраған жігіттер мен қыздардың көпшілігінің сол бір ызғарлы күндерде көрсеткен ерліктері елеусіз қалып қойғаны жасырын емес.
Міне, әділдік салтанат құрып, 35 жыл бойы кешіккен марапат иелерін тапты. «Желтоқсан қаһарманы» медалі «Жас алаш» газетіндегі әріптестеріміз Нұрымжан Мауытов пен Сейсен Ұлықбековтің өңірінде жарқырады. Жақсылық жалқы болмай, Алматыға арнайы келген ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрі Аида Балаева қос қаһарманға «Ақпарат саласының үздігі» медалін де салтанатты түрде табыс етті. ҚР Журналистер одағының мүшесі, қалам ұстағандар арасында Жарлы Байғанин деген лақап атпен танымал белгілі журналист Мауытов Нұржан Керейұлының сексен алтының ызғарлы қысындағы сүреңсіз күндер туралы жазылған туындысын оқырман назарына ұсынамыз.

 

АЛМАТЫ, 1986 ЖЫЛДЫҢ ЖЕЛТОҚСАНЫ

Биылғы қыс қаһарына ерте мінді. Және өзі жылдағыдан өзгешелеу ме, қалай?! «Барыс жылы барың шаш, таба алмасаң тарыңды шаш» деген бабаларымыздың сөзін биыл оқуға түсіп, алғаш студент атанғанда басқаша сезінген секілді едік?! Желді тоқсанның үскірігіне үстімдегі былғары күртеше шыдас берер емес. Ішінен қанша қалың кисем де, бүрсеңдетіп барады. Қалыңырақ бірдеңе алуға қалта жұқа. Ол кезде ауылға салмақ салу – ардың ісі. Менсіз де үйде шиеттей бала-шаға. Жалақы алатын жалғыз әкем ғана. Шешейдің денсаулығы жоқ. Үйде үлкен әжем бар. Бір қызығы, әжем зейнетақы алмайды. Өзінің ұлы, яғни менің әкем Керей мен бауырына басқан жетім қайнысы Сәдуақас әжеміздің жасы келгенде зейнетақы тағайындатпапты. Екі бірдей қызметкер ұлы бар кемпірге үкіметтен ақша алып отыр деген «масқара атаққа» қалуға арланған. Әйтпесе, «Ойылдың Отамалысы» деген оймақтай ғана ой түйген мақаламның басты кейіпкері Құжаты марқұм (менің атам) – ұжымшар малын ақ бораннан аман алып қаламын деп арпалысып жан берген Азамат! Ойылдың Ақшатауында қабірі қалған атамның есімі ескерткіш-тақтаға да жазылған. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демекші, екінші дүниежүзілік соғыстан оқ жұлып кеткен кеңірдегін мыспен ауыстырып тірі келген атам ұжымшар малы мен қасындағы көмекші шопан, жас баланы аман алып қаламын деп жан берген. Міне, осы шалдан қалған жалғыз тұяқ – менің әкем. Менен кейінгі қызды босанғанда жапсырған аурудан соң жиырма жыл ауруханадан шықпаған анамызға дейін бағып-қағып, ақсақ, бүкір анасы екеуі жеті «жетімді» жеткізді. Өз қолым өз аузыма жетіп, енді көмектесер сәтте әкемнің айтқаны: «Ештеңеге алаңдама, балам, тек оқы!». Сонымен, Алматыға жол тарттым. Жолым болды. С.М. Киров атындағы ҚазМУ-ға оқуға түстім. Енді кері қайтуға болмайды!

«САЯХАТ» АВТОБЕКЕТІ
Кешқұрым. ГРЭС-ке қатынайтын №300 автобусты күтіп бүрсеңдеп тұрмын. Автобусқа міне сала артына қарай жүгіремін. Львовтың дарылдақ автобустарының моторы артында болғандықтан, артқы орындықтар ыссы, рахат. Аралық біраз жер болса да, тез жеттік. Осында күзет бөлімінде қызмет ететін үлкен ағам Ержан жатақханада тұрады. «Пятактан» ары қарай да тағы біраз жер жаяулатып келіп, есік қақтым. Есік ашқан әдеміше келген ұйғыр қызы менімен орысша амандасып, ішке өткізіп: «Ержан жұмыста, қазір келіп қалады», – деп бәйек болып жатыр. Мен бұйығып жатып, ұйықтап кетіппін. Олар тамаққа бір-ақ оятты. Ет асыпты. Тамақ үстінде үшеуміз әңгімелесіп ұзақ отырып қалыппыз.
– Таңертең 6-да тұрып кетуің керек, әйтпесе, сабаққа кешігесің. Жатып дем ал, – деп жеңешем өздерінің кереуеттеріне маған төсек салып берді. Ұйғыр жеңешем таң атпай тұрып, шайымды қойып, әлек боп жүр. Шай үстінде ағам: «Үстің жұқа ғой», – деді. Мен бірдеңе деп міңгірледім. Кетуге жиналған кезімде әскери бушлатын алды да, маған өзінің биыл ғана сатып алған қымбат шубасын кигізіп, жеңгем екеуі автобусқа дейін шығарып салды. Автобус күтіп әңгімелесіп тұрмыз. Тоңып тұрғаным жоқ. Үстімде қалың шуба. Тек қазір қайтадан шешетінім есіме түссе, жаурағандай боламын. Сол сәтте автобус та келе қалды. Ағам қалтасынан 10 сом алып маған ұсынды. Болмашы ғана қарсылық танытқандай болғаныммен, лып еткізіп қалтаға салып алдым.
– Болды, отыр автобусыңа! – дегенде шубаны шеше беріп едім, ағам: «Шешпе, оны сен кие бер, менің бушлатым бар ғой, сосын тағы көрерміз»,
– деді. Көзімнен ыршып кеткен жасты көрсетпес үшін автобустың артына қарай тұра жүгірдім. Кеудемді біртүрлі қуаныш билеп барады. Үстімде қымбат шуба. Қалтамда қызыл ондық. Түсім болмаса екен деп қоямын өзіме-өзім. Әншейінде отыра сала ұйықтап кететін ыстық орында бұл жолы көз ілмедім. Ол кезде қазіргідей кептеліс жоқ, лезде-ақ «Саяхат» автобекетіне келіп жеттік. «Саяхаттан» ҚазМУ қалашығына апаратын №32 автобусқа ауысып отырдым. Көңілім алып-ұшып келеді. Бойымды мақтаныш сезімі билегендей ме, қалай? Өз-өзіме бажайлап қарай бастағаным сол еді, енді байқадым, шубамның екі жеңі сәл қысқалау екен. Не болса да екі қолымды қалтамнан көп шығармауға бекіндім де, папкамды қолтыққа қысқан күйде аудиторияға кіріп келдім. Байқаймын, бәрінің көзі менде сияқты. Аудиториядағы самаладай жарыққа шағылысқан менің жаңа шубам құндыз шубадай мың құбылып көздің жауын алғандай. Білдірмей ғана шубамды шешіп жатып, курстас қыз Ұлбаланың сөмкесіне көзім түсе кетпесі бар ма?!
Тура менің шубамның түсі. Болды. Мәселе шешілді! Жатақханаға дейін қолымды қалтамнан шығармай бардым да, Ұлекеңнің сөмкесін жарып жіберіп, қоңыр былғарыдан жең жалғап ала қойдық. Тура «үкіметский» болып шыға келсін… Енді екі қолды қалтаға тыға бермесе де болады. Уақыт осылай өтіп жатты. Студенттік өмірдің қызығы басталып та кеткен. Қатал қыстың да мәселесін шешіп қойғандай болатынбыз. Тек, сол кезде алдымызда атышулы 16 желтоқсан күтіп тұрғанын ешкім ойлаған да жоқ-тын…

«САЯХАТ» САҒАТЫ
16 желтоқсан. Күн сейсенбі. Сенбі күні Ақшиге үйіме барғаннан сырқаттанып, дүйсенбіде сабаққа келе алмадым да, келесі күні таңғы автобуспен бірінші лекцияға кешікпес үшін ертелетіп жолға шыққанмын. Ол кезде «Саяхат» автобекеті жанында орналасқан мұнаралы сағат бар еді. Таңертең дәл осы сағаттың астында достарыммен асығыс қоштасып, №32 автобусқа қарай жүгіре жөнелдім. Бұл сағат ол кезде біздер үшін Кремль куранттарынан да қымбат болатын. Өйткені біз «Кездесетін орнымызды ешқашан өзгертуге болмайтынын» білетінбіз. Сол сағаттың түбінде талай табысып, талай қимай ажырасатынбыз. Бірақ сол жерде тағы бір кездесетінімізге еш шүбә келтірмейтінбіз…

ҚазМУ ҚАЛАШЫҒЫ
Байқаймын, автобуста да күбір-күбір әңгіме. «Жексенбілердің» жеккөрінішті назарын желкеммен сезіп келемін. Жолшыбай ҚазМУ-дің жанындағы дүңгіршектен 1-2 газетті ала сала аудиторияға келіп кірдім. Гу-гу әңгіме өрби бастады. Басты тақырып: «Қонаевты орнынан алған он тоғыз минуттық Пленум». Бәрі жасырын, бәрі құпия заманда Шәкәрім, Мағжан, Ахмет, т.б. ата-ағаларымыз туралы, саясат туралы даурығып дискуссия құру журфактықтар үшін үйреншікті дүние секілді көрінетін. Ал мына тақырыптың аясы үлкейіп бара жатты. Газет бетіндегі Колбин суретінің көзін ойып, маңдайына: «Кет!» деген жазуды ешкімнің ықтиярынсыз-ақ аудиториядағы студенттердің өзі жаза бастады. Міне, осы кезде «Жаңа алаңға халық
жиналып жатыр екен» деген хабар да жетті. Жалындаған жастар өре түрегелді. Бәрі емес, әрине. Қамқорлықпен курс кураторының: «Айналайындар-ау, арандап қаласыңдар ғой, ол жерде ешкімді де аямайды, тыңдасаңдаршы», – деген жалынышты үнінің өзіне қарсы дау айтып, тыңдамай кетсек те, бізді сатпаған ағайымыз да болды. Кейіннен біздің ит терімізді басымызға қаптаған, кеңесті жақтаған ағайсымақтар да болды. Ұстап бергендер, сатып кеткендер… Бәрі болды!.. Әп-сәтте әлемтапырық болып, дүние өзгеріп шыға келді… Міне, дүниені дүр сілкіндірген үш күндік Желтоқсан көтерілісі осылай басталған болатын. Біз сол көтерілістің бастан-аяқ жуан ортасынан табылдық.

НАМЫС
Ер сыналар күн туды. Үлкен лекция залы. Үлкен комсомол жиналысы. Әншейінде самаладай жарқырап тұратын фойенің шамдары да бүгін білте шамның түбіне түспейтін жарығындай өлеусірей қалған. Әлде әдейі жартысын жақпай қойды ма екен, кім білсін?! Біз кезегімізді күтіп таңертеңнен бері сыртта тұрмыз. Іштен естілген айқай және жазаланғандар мен оқудан шығарылғандардың жан даусы, жылағаны үрей бұлтын қоюлата түсуде. Байқаймыз, ешкімді ешкім аяп жатқан жоқ. Курстас қыз Тұрсынова Гүлжан мен Ұлбала жатақханаға жүгіріп кетті де, талғажау етерлік бірдеңелермен қоса менің іште ұмыт қалған тұмарымды алып келіп: «Тағып ала қойшы», – деп қиылды. Сол жерде тұрып қарбытып-қарбытып бірдеңелерді жегендей болғаным есімде. Бірақ не жегенімді білмеймін…
Кешке таман кезек біздің курсқа келді. Ішке кірдік. Қысылып, талып қалып жатқан қыздар да бар. Комсомолдан шығарамыз деп қорқытуда. Ол кезде комсомолдан шығу – бәрі бітті деген сөз! Осының алдында ғана: «Егер де біреумізді комсомолдан шығаратын болсаңыз, онда бәрімізді түгел шығарыңыз», – деп 50 шақты комсомол билетін жинап апарып үстеліне қойып, қыр көрсетіп жүрген қызбалардың басы салбырап кеткен. Мұны бастаған өзім едім. Бірақ бәрі дерлік қостаған!
– Кім бастағанын көрсетсеңдер, соны ғана жазалаймыз! Болмаса екі курстың комсоргі мен старостасы, бәрі кетеді! – деді «большой комсомол» үстелді жұдырықтап. Бірақ, бұл жерде ешкім ешкімді сатпады! Керісінше, Құстүтінова Гауһар деген қызымыз:
– Ағай, біз бала емеспіз ғой біреу жетектеп апаратын, әркім өз еркімен, өз аяғымен барған шығар, – деп жылап жіберді. Тұс-тұстан қолдаушылар да
табылып жатыр… Төмен қарап тұқырып отырған 50 студенттің ортасынан 18-ге әлі толмаған Ормаш (марқұм) орнынан тұрып: «Мен бастадым, мені жазалаңыз!» – десін. Одан ары шыдап отыру мүмкін емес болатын.
– Ол емес, бәрін мен бастап апардым, – деп орнымнан тұрдым… Сол кездегі Үлкен комсомолдың төрағасы Баяндаров маған қарай саусағын шошайтып:
– Мынадан шығады, мен білемін! – деді. Оның олай айтатын жөні бар. Екеуміз ескі таныспыз. Дайындық курсынан келген мені ол өткен жаздан бері қалалық студенттік отрядтан жақсы танитын. Екеуміз бірнеше мәрте сөзге де келген болатынбыз. Бір қызығы, сол кезеңде командааралық үш мәрте сайыс болды. Бірі – «Политплакат» («Саяси плакат») деген сурет салудан, екіншісі – «Кірпіш қалаудан» (студенттердің құрылыс отряды болғандықтан) және көркемөнерпаздар жарысы. Осы үшеуінде де еріксіз қолымды қысып тұрып, 1-орынды маған өзі тапсырған-тын. Бірақ, көпшіліктің көзінше тілін алмай, талай жерге қаратып едім (комсомол ғой), ұмытпапты. Оның үстіне алдында ғана комсомол билетін алдына апарып: «Егер біреумізді комсомолдан шығаратын болсаңыз, онда бәрімізді шығарыңыз», – деп қыр көрсетіп кеткенім бар. Сонымен, өз кінәмді мойындағаным үшін комсомолдық есеп кәртішкеме қатаң ескерту жаздырып, әзірге аман шықтық. Курс мәз. Жатақханада жайылған дастарқанның басында даурығып жатырмыз. Жаңа ғана неше мәрте өзі ескерту алса да, жиналыста шыр-пыры шығып бізді қорғаған факультет комсомол ұйымының жетекшісі Қосанов Әміржан келіп бізбен бірге отырып: «Жарайсыңдар! Бір-біріңді солай қорғай алсаңдар, сендерді ешкім жеңе алмайды», – деп ағалық ақылын айтып, тағы бір марқайтып тастады. Біз бұл кезде алдымызда абақты күтіп тұрғанын сезген жоқпыз… Иә, «Біздің тарих, бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа, бірақ-тағы!» – деп Қадыр ағамыз жырлағандай, бұл да бір қалың тарих, тек… Олай болса, өткен-кеткеннің бәрін жіпке тізгендей теріп отырмайын. Бұл туралы әлі толық жазыла жатар. Тек, сол Азамат сыналар тар кезеңде Арымды сақтап қалғаныма қуанамын. Керісінше, талайларға қамқор бола алдым деп ойлаймын. Араша түстім. «Менмін!» дей алдым! Қамалсам да, таяқ жесем де, ешкімді сатпадым. Сол кездегі журналистика факультеті деканының орынбасары Ыдырысов Әбілфайыз ағаның (абақтыда отырып келгеннен кейін, мені оқудан шығармақ болған кезде Әбекеңнің әкелік мейіріммен арқамнан сипап тұрып: «Мен тірі тұрғанда сені ешкім де оқудан шығар майды» дегенін ешқашан ұмытпаймын), журналистика факультетінің комсомол хатшысы Қосанов Әміржанның және көбісі 18-ге енді ғана толған өрімдей курстас достарым алдында бас иемін!

ШУБА
Сонымен, басы 15, аяғы 7 күнді арқалап, абақтыға кете бардық: Мен, Ұлықбеков Сейсен, Тастаев Ғазиз және марқұм Мырзағалиев Ормаш пен ортамызда он сегізге енді толған жалғыз гүліміз Гүлмира Сұлтанәлиева. Абақтының аузынан жасы 18-ге толмаған деп кері қайтарылған Ормашымыз жігіттерден мені бөлмеңіз деп, конвоирға жалынып жүр.
– Мен бәрібір кері кетпеймін, – деп қояды жарықтық! Сонымен, 10–12 адамға арналған тар қапаста 40 шақты «декабрист» отырдық. Камера іші тар. Барлық камерадағы жағдай осындай. Абақты аузы-мұрнынан шыға лық толды. Сасық. Түнге қарай конвойдағы қазақ жігіттерге жалынып, камераның есігін аштырып қоямыз. Түнде жатарда абақтыны басымызға көтеріп, қазіргі Гимнді шырқаймыз. Есімде қалғаны: бәріміз осы әнді шырқағанда, ескі абақтының есігі емес, керегесі дірілдейтін. Кейде кезекші жігіттер жүгіріп келіп: «Қазір іште комиссия жүр, ең болмаса, солар кеткенше айтпай қоя тұрыңдаршы», – деп те жалынатын. Күндіз әдейі конвоймен біраз жер жаяу айдап, поршень зауытына апарып жұмысқа салатын. Ол зауытта
да бірі жасырын, бірі ашық көмектескен азаматтар көп болды. Сырттай болса да, жанашырлық танытқан қаракөздерге де ықыласымыз ерекше. Сол абақтыда ағаш нардың үстінде астыма төсеуге қанша аясам да, амал жоқ, жамбасыма жаман тақтай батқасын еріксіз төсей салғаннан мыж-мыжы шыққан шубамды абақтыдан соң құрбым Ұлбала қарға көміп, қағып-сілкіп қайта кигізгенде, баяғыдай жылтырап тұрмаса да, жылуы бойында екенін
сезінгем. Содан бері арада қанша уақыт өтті. Одан кейін де қанша шуба көрдім, тіпті құндыз ішікті де. Бірақ мен ондай шубаны енді кезіктірмесімді ұқтым…

ЖАН ҚҰРБЫ
Жас жиырмаға келгенше, жігіт болғасын бірді-екілі камераның «дәмін татып» көргендіктен, бұл абақтыдағы ахуалдың өзгешелігін өзгелерден бұрынырақ ұққаным рас. Бұл жерде де өмір бар… Қарын қатты аша қойған жоқ…Оның үстіне сөмкесінен жең жасап беретін Жан құрбым қысқы демалысқа кетпей қалып, жатақханада жалғыздан-жалғыз жатып, өзі ішерге тамағы жоқ болса да, тиын жинап, бізге неше күн тамақ тасумен болды. Қазір де жанымда қалғаны – жалғыз сол Жан құрбым. Қалғаны жадымда! Және де мен ешкімді ұмытпаймын! Әсіресе, гүлі мен шампанын құшақтап,
қос таксимен шуылдап абақтыдан шығарып алуға келген курстас құрбыларымның шовинист менттердің ашу-ызасын туғызғаны өз алдына бөлек әңгіме. Осындай қиын-қыстау сәттерде бір-біріне пана болған, бірін-бірі қорғай алған, азаматтық ар-намысын сақтай білген барлық адамға және ҚазМУ-дың журналистика факультетінің 101–102 группасының қаһарман студенттерінің алдында басымды иемін! Ел аман болсын, достар! Бәріміз де аман болайық!
Р.S. Осы бір кішкентай ғана жан жылытып, жан жылатар әңгімемде Атамның, Әкемнің, Ағамның және өз арамыздағы ұрпақтар үндестігін үзіп алғым келмегендіктен, үлкен әңгімеден үзіп-үзіп қана келтіріп отырмын. «Саяхат» сағаты да, жан достар да, сол кездегі қарапайым адами қатынастар да – үлкен дәуірдің үзік сыры ғана… Шуба да солай, қайдағы бір қу дүниеге бола қайғыру емес, «Аштықта жеген құйқаның дәмі» ғой ауыздағы. Арада отыз бес жыл уақыт сырғып өте шығыпты. Яғни, отыз бес Желтоқсан! Аяз бидің ала шапанындай босағаға іліп қоймасам да, ағам берген сол шуба әлі күнге менің жанымды жылытып келеді!..

Жарлы БАЙҒАНИН 

Комментарий