Жаңалықтар | Новости

Тергеу изоляторында «Мен оқыған шығарма» тақырыбында іс-шара өтті

«Оқымаса ой тоқырайды» деген сөз бар. Адам өмір бойы оқып, өзін жетілдіруге үнемі көңіл бөліп жүруі тиіс. Өмірде кітап оқудың адамға берері көп. Шындап келгенде, əр кітап бір-бір тəжірибелі ұстазға, ақыл қалтаға ұқсайды. Басқалардың қанша жылғы білген-түйген нəрселерін, ізденісін біз сол кісінің жазған кітабын оқу арқылы-ақ үйрене аламыз. 2021 жылғы 08 сәуірде Қызылорда облысы ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/1 мекемесінде қызметкерлердің қатысуымен «Мен оқыған шығарма» тақырыбында шара өтті.
Алғашқы болып, сөз алған әділет аға лейтенанты А.Мырзалы өзінің бала күннен әдебиетке жақын екендігін айта келіп, С.Торайғыровтың “Қамар сұлу” романы туралы қысқаша баяндап берді. Мекеменің бас есепшісі М.Смайлова М.Шахановтың “Бақыт геометриясы” өлеңін жатқа оқыды. Бұдан басқа бірнеше поэмаларын атап, ақын шығармаларынан хабардар екендігін білдірді. Одан соң, Арнайы есепке алу бөлімінің қызметкері, әділет аға сержанты Б.Қазбеков халық қаһарманы Б.Момышұлының “Москва үшін шайқас” романының негізгі мазмұнын қысқаша түсіндірді. Сонымен қатар, батыр бабасының батылдығы, ерлігі жайлы тебірене толғап, өр рухты тұлғасын үлгі тұтатындығын айтты.
Ал, кеңсе бөлімінің мұрағатшысы Абсалямова Қарлығаш жастайынан, нағашы атасы Асқар Тоқмағанбетовтың өлеңдерін жаттап өскен. Кітапқұмарлығы содан оянса керекті.Бір түнде Ш.Мұртазаның “Ай мен Айша” романын қайта оқып, көпшілікке көркем тілде жеткізе білді.
Медицина бөлімінің санитар дәрігері Азиза Қайрбаева жергілікті жазушы Ө.Яшкүрқызының “Боямасыз өмір” жинағынан “Қаңғыбас”,әңгімесін айтып берді.Бүгінгі қоғамдағы ерік-жігері әлсіз, заман ағымына ілесе алмай, тағдыр тәлкегіне ұшыраған боркемік ер-азаматтың көшедегі қаңғыбасқа айналғандығы жөніде айтты.Бұл шығарма төңірегінде қызу пікірталас туындады.
Бірі қиындыққа қарсы тұра алмаған жігіттің өзін кінәласа,біраз қатысушылар жетімді есіркемеген адамдар, мейірімділігі аз қоғам кінәлі деген ой түйді.
Әділет лейтенанты Тулеева Ләйла Дайрабайқызы қазақ балалар әдебиетінің атасы Ы.Алтынсариннің ” Үш ұры” әңгімесінің бүгінгі күнмен өзектілігін тілге тиек етті. Мекеменің ең жас қызметкері Орынтаева Назым орыс тілінде жазылған М.Булгаковтың “Собачье сердце ” шығармасын оқығандығымен ерекшеленді.
Осылайша, әр бөлімнен қатысқан 7 қызметкер де, ҚАЖ саласы жұмысының қауырттығы мен қиындығына қарамастан , уақыт тауып көркем туындылар оқып жүретіндігін танытты.
– “Кітап – өмірдің ұстазы. Сондықтан жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс. Кітап оқымай, өмірді білу, білім алу мүмкін емес “,-деп С.Қожамқұлов ағамыз айтқандай, Сіздердің оқып келген шығармалардың тәрбиелілік маңызы зор. Сол шығармалардың саналарыңызға серпін беріп, рухани азық болатындығына сенімдімін»,- деді департаменттің мемлекеттік тілде аудармашысыД.Достанова.

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті

Комментарий