Жаңалықтар | Новости

ЖАЛҒАН МӘЛІМЕТ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ БАР

Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес алдыңғы орында тұр. Қай құрылымды алсаңыз да жегіқұрттың етек жаймауы үшін кешенді іс-шаралар қолға алынуда. Мәселен, сот саласын алайық. Отандық сот сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында барлық тетіктерді қолға алуда. Жағымсыз жағдайдың алдын алу үшін сенім жәшіктері орнатылып, сенім телефондары белгіленген. Оған азаматтар өзіне белгілі болған кез келген мәліметті қалдыра алады. Ал сот өз кезегінде әрбір мәліметті тексеріп, одан нәтиже шығаруға күш салады.
Сонымен бірге соттың арнайы сайттарында, әлеуметтік желідегі парақшаларында да азаматтардың ой-пікірін қалдырып, сұрақтарына жауап алуына мүмкіндік қарастырылған. Мұндай ашық алаңның орнығуы сот пен халық арасындағы байланысты нығайтып, жұмысты ілгерілетуге зор ықпалын тигізері күмәнсіз.
Ашық қоғам, жемқорлықтан таза орта қалыптастыру мақсатында қолға алынған тиімді шаралар аз емес. Соның бірі бүгінде тиімді нәтижесін көрсетіп те үлгерді. Ол – сыбайлас жемқорлық деректері туралы ақпарат берген азаматтарды ынталандыру тетігі. Бұл бастамаға мемлекеттен қомақты қаржы бөлінген. Шараның ең негізгі мақсаты – азаматтарды кеселмен күреске жұмылдыру, сонымен бірге қарапайым халықты айналасында орын алып жатқан кемшіліктерге бейжай қарамауға үйрету. Өйткені, біздің тұрғындар құзырлы орындарға хабарласып, өзі бетпе-бет келген кемшілік туралы айтуға құлық таныта бермейді. Соның кесірінен парақорлар жазасыз қалады. Ал жазасыздық жаңа қылмыс тудырады. Дегенмен, қазіргі кезде мемлекеттің ақпарат берушілерді ынталандыру мақсатында бөлген қаржысын иеленгендер қатары өсіп келеді. Халықтың белсенді әрекеті мен жіті
бақылауының арқасында сыбайластық деректері әшкереленіп, жауаптылыққа тартылғандар баршылық. Әрине, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, ынталандыру тетіктерін де теріс мақсатта пайдаланатындардың кездесіп қалатынын айтпай кетуге болмайды. Кейде өз атын көрсетпей, нақты тексерілмеген ақпаратты ұсынатын азаматтар да бар. Сонымен қатар, біреудің беделіне қасақана нұқсан келтіруді көздеп жала жабатындар да табылып қалады. Осы ретте, сыбайлас жемқорлық жайлы құқық бұзушылықтарға көпе-көрнеу жалған мәліметтер бергені үшін жауапкершілік барын ескергеніміз жөн. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 439-бабына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін органға сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы жалған ақпарат хабарлау – жеке тұлғаларға ескерту жасауға немесе 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Осы іс-әрекет әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған жағдайда жеке тұлғаларға 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Гүлнар ЕСЕНБАЕВА,
Алматы қаласы Жетісу аудандық №2 сотының
кеңсе меңгерушісі

Комментарий