Жаңалықтар | Новости

«Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі»

Сот қызметіне тың серпін беретін тағы бір заң ол «Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі».

Заңда көрсетілгендей, сот алдағы уақытта әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, олар ұсынған дәлелдермен, дәлелдемелермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қалмайды. Атап айтқанда, әкімшілік істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттеуге құқылы.

Бұл заң аясында судьяға жаңа өкілеттіктер мен құқықтар беріліп отыр. Яғни, судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы. Бұрынғы заң бойынша судьяға ондай құқық берілмейтін. Судья іске байланысты өз пікірін айтуға тиіс емес болатын. Тағы бір жаңашылдық. Сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинай алады. Сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді жүзеге асырады.

Заңда «Татуластыру рәсімдері» кеңінен қолданылады. Егер тараптар дауды татуласу, медиация не партисипативтік жолмен шешуге тоқтаса, онда келісім жазбаша түрде жасалады. Оған екі жақ немесе олардың өкілдері қол қояды. Судья тараптардың татуласуы үшін қажетті шаралар қабылдай алады, дауды процесс барысында реттеуге көмектеседі.

Татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім бойынша келісім не оның шарттары заңға қайшы келген жағдайда, сот оны бекітпей тастайды. Сондай-ақ, адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын келісімдерге де жол берілмейді.

Дауласушы тараптар өзара татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсімге келісім бермесе немесе сот келісімнің шарттарын бекітпесе, әкімшілік істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі.

Заң тараптардың өзара келісімге келуін, бір-бірімен татуласуын басты шарт ретінде қарастырады. Бұл мысалдар жаңа Заңның гуманитаралық бағытын, заңнаманы одан әрі ізгілендіру ісінің нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Тұлғалардың (жеке және заңды тұлғалар) құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғауды қамтамасыз ету.

Әкімшілік әділет органында шағымды қарау нәтижесіне шағымдану. Бұл сот органдарының процесті жүргізудің түбегейлі жаңа әдісі.

Соттың белсенді рөлі-әкімшілік процестің азаматтық процестен маңызды айырмашылығының бірі. Сот дәлелдерді жинау бойынша бастаманы көтереді, барлық қажетті құжаттарды арыз берушіден емес, мемлекеттік органдардан талап ету мүмкіндігіне ие болады.

Дәлелдеу жүктемесі әкімшілік актіні қабылдайтын әкімшілік органга салынады.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі «әкімшілік орган» түсінігін бекітті, оған мемлекеттік органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен қатар құрамына әкімшілік актіні қабылдауға, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) жасауға уәкілеттік берілген мемлекеттік заңды тұлғалар, басқа ұйымдар кіретін болады. Осылайша сотта әкімшілік орган немесе өкілетті тұлға жауап беруші болады.

Кәсіпкерлік субьектілері үшін маңызды жаңашылдықтардың бірі-әкімшілік актіде байланысты бір сот өндірісінде арнайы аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сотта әкімшілік іс-әрекетке (әрекетсіздікке) байланысты жауапкерден келтірілген залалды өтеуді талап ету мүмкіндігі.

Сонымен қатар кодекс егер берілген әкімшілік актімен келіспеу жағдайында жоғары тұрған әкімшілік органга шағым түсіруді қарастырады.

Осы ретте әкімшілік органда немесе өкілетті тұлғада егер ол қолайлы әкімшілік актіні қабылдаса, шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын әкімшілік іс-әрекетті жасаса, шағымды жоғары тұрған органға жібермеу мүмкіндігі бар.

Бір айта кетерлік жайт, осы кодекс 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Т.М.Беккалиев, Жәнібек аудандық сотының бас-маманы

сот мәжілісінің хатшысы 

Комментарий