Жаңалықтар | Новости

Алматы күрес түрлерінен Азия құрлығының астанасына айналды

Алматыда грек-рим күресі, еркін күрес және әйелдер күресінен Токиода өтетін Олимпиада ойындарының құрлықтық іріктеу турнирі өтіп жатыр. Үш күнге созылатын бұл спорт додасынан кейін, 12 сәуірде Біріккен әлем күресінің (UWW) Азия құрлығы бас ассамблеясының сайлау конгресі өтеді.

Онда 2017 жылы Үндістанның Жаңа-Дели қаласында өткен конгресте Азия күрес кеңесінің президенті болып сайланған отандасымыз, даңқты палуан Дәулет Тұрлыханов өз қызметін қайта жалғастыру үшін өз кандидатурасын екінші рет ұсынып отыр. Ал келесі күн грек-рим күресі, еркін күрес және әйелдер күресінен Азия чемпионаты басталады.

18 сәуірге дейін созылатын бұл спорт додасы да жоғары деңгейде өтетініне зор сенім бар. Оны 8 сәуірде өткен баспасөз мәслихатында UWW президенті, Халықаралық олимпиада комитетінің Атқару комитетінің мүшесі Ненада Лалович да айтты. Оның сөзіне қарағанда, Біріккен әлем күресінің құрлықтық спорт додаларының ішінде биылғы жылы тек Азияда ғана барлық жарыстар алдын ала жоспарланған күнтізбе бойынша өтіп жатыр. Бүгінгі таңда UWW Халықаралық олимпиада комитетінде ең беделді спорт конфедерацияларының қатарында тұр. Сол себепті Алматыны ғана емес, бүкіл Қазақстанды қазір күрес түрлерінен Азия құрлығының астанасы боп тұр деуге толық негіз бар.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, журналист.

Комментарий