Жаңалықтар | Новости

ҚАРЖЫ МЕН ИНВЕСТИЦИЯ САУАТТЫЛЫҒЫН ҚАЛАЙ АРТТЫРАМЫЗ?

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасында инвестор, ментор Ерік Шыныбековтің «Қаржы сауаттылығы және инвестиция» тақырыбында тренингі өтті. Оған маңғыстаулық кәсіпкерлер қатысты. Бір күн бойы болған дәріс барысында іскерлер инвестиция, қаржылық өсім, несиеден құтылу жолдары, бизнесті өркендету тармақтары бойынша білім алады. Шараға 40 шақты кәсіпкер қатысып, қаржылық сауаттылығын арттырды.

«Білімдерін толтырып, заманға сай ең қажетті ілім алған іскер жандардың ризашылығында шек жоқ. Бұл маманмен бір қазақстандық әлеуметтік желіде танысып, берген кеңестерін оқып, өзім жекесіне шықтым. Көп жылдардан бері өзі инвестор, үлкен тәжірибе жинаған Ерік мырзаның пайдалы ақпараттарымен бөлкені тәнті етті. Оның үстінде тренинг тек қазақша контентке өтетіні мені қатты қызықтырды, өйткені аудандардан көп сұраныс болатын еді. Ана тілімізде тренингтер болса, сауатымызды арттырып, пайдалы ақпарат алсақ деп өтініш білдірген. Ал дәл осы тақырыптар ауылдың әйел кәсіпкерлеріне маңызы зор екенін біліп, өтінішті жеткіздім. Ысырапшылық, үнемшілік, отбасы бюджеті, қарыз, инвестиция, сақтандыру – осының бәрі әр отбасына, соның ішінде оның үйтқысы болып отырған әр әйелге өте қажет. Іскер адамдар бір-бірін жылдам түсінеді, кездесу сәтті өтті»,- дейді ІӘК төрайымы Сәуле Салихова.

«Дәріс беруші қандай болу керек? Ол міндетті түрде тәжірибелі болуы керек. Яғни алдына келген адамдарға үйрететін стратегияларын, әдістемелерін өзі қолдана білуі қажет. Неге десеңіз, өзі жетістікке жету арқылы ғана адам өзге адамға үздікке жету жолын үйрете алады. Міне бүгін осындай өз тәжірибесімен бөліскен дәріскерден көп пайдалы ақпарат алып, қаржыға деген біршама көзқарасты өзгертіп дәріс алдық. Тренинг ауылдан келген қыз-келіншектерге пайдалы болды»,- дейді кәсіпкерлер.

Бизнес тренер адамның мақсат қою методикасы, уақыт пен ақшаның құны, инфляция, күрделі пайыз, акция және облигация, еліміздің зейнеткерлік реформасы, сондай-ақ бүгінгі таңдағы ең актуалды тақырыптардың бірі жылжымайтын мүлік, басқарма инвестициялық компаниялары, тиімді депозиттер жайлы кеңінен жіктеп түсіндірді. Өлкеміздің түкпір-түкпірінен келген қыз-келіншектер ең бастысы қазақ тілінде өтетін осындай пайдалы тренингтер жалғасын тапса деген тілекпен тарқасты.

Комментарий