Жаңалықтар | Новости

ШҚО-да өзін коммуналдық мекеме қызметкері ретінде таныстырған алаяқ ұсталды

Шығыс Қазақстан облысында өзін коммуналдық мекеме қызметкері ретінде таныстырып, зейнеткерді алдап соққан алаяқ ұсталды.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «102» жедел арнасына 86 жастағы қарт кісі хабарласқан. Оның айтуынша, белгісіз ер адам пәтеріне келіп, өзін «Өскемен жылу жүйелері» АҚ қызметкері ретінде таныстырған. «Ыстық су пломбасын ауыстырамын» деген ол ішке кіріп, зейнеткердің ақшасын жымқырып кетті.
«Жедел-іздестіру шараларын жүргізген тәртіп сақшылары «Сергек» бейнебақылау камерасының көмегімен күдіктіні қолға түсірді. Ол 1986 жылғы Алматы облысының тұрғыны болып шықты. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын мөлшері анықталуда», – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Қазіргі уақытта ер адам Өскемен қалалық ПБ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Шығыс Қазақстан облысы

Комментарий