Жаңалықтар | Новости

ҚОС АУЫЛ ҚҰМ ҚҰРСАУЫНДА ҚАЛАТЫН ТҮРІ БАР

Маңғыстау облысында қос ауыл құм құрсауында қалатын түрі бар. Құм көшкіні елді мекен іргесіне жақындап қалды. Көпшілік күні- түні үрейленіп отыр. Кейбірі қоныстарын тастап, көшіп кеткен. Билік бұл мәселемен жақсы таныс. Тіпті құм тоқтату жобасын жасақтауға 430 млн тг бөліп те қойған. Бірақ нақты жұмыстар қолға алынбай, шағылды тоқтатуға асықпайтын сыңайлы.
Ақтау қаласынан 210 шақырымда орналасқан Жарма ауылында қазір 20 түтін, 100 шақты тұрғын бар. Әуелде құм ауылдан 1 шақырым алыс жатқан. Енді іргеге таяп қалды. Ауылдың шеткі үйлерінің ауласын құм басып, қорасы қирап қалған. Шамасы келгендер техника жалдап, құмнан тазартып алады, бірақ жел тұрса жағдай бәз-баяғыдай.
«Мен 100 мың теңге, бір тай бердім. Екі күн бойы қорамның айналасын тазалап берді. Менің өзім солай істедім. Елдің не бергенін білмеймін. Сондай жұмыстар жасатты әр жерден шамасы келгендер»,- дейді ауыл тұрғыны Алдаберді Ақшабаев.
Ал, ауыл тұрғыны Тиын Балмұрзаева: «Мал қамап отырған тас қорамды құм үйе-үйе гүрс етіп құлап қалды. Мал қамайтын жеріміз құлап қалды. Көршім екі жылдан бері қыста Қарақұдыққа кетіп қалады. Ал жазда малының жайына келеді. Бұлардың мында қорасында, тіпті сарайында құлатып кетті. Мынау оның қорасы, оның бәрі құмның астында қалды. Қиындық болып отыр. Жолдарда қиын. Үй айналасын көміп тастайды. Бүгін келген машина ертең келе алмайды. Сондай қиындықтарымыз бар»,-деді.
Мұнда құмды дауыл көз аштырмай борайтын кезі жиі болады. Тиісті шаралар қолға алынбаса, ауыл құм астында қалады деп қауіптенеді тұрғындар. Атқамінерлер халықтың үдере көшіп кетпеуі үшін бар амалды жасаймыз дейді. Басқа жол жоқ. Өйткені мәселе Жарма ауылында ғана емес, көрші Сазды елді мекеніне де ортақ.
Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Талғат Қыланов:
-Жарма мен Сазды аулында осы мәселе бар. Ұштаған округіне қарасты екі елді мекен. Ол жөнінде біз табиғат қорғау басқармасына ұсыныс айтқанбыз. Халықтан осындай сұраныс бар деп. Ауылды құм басып қалу қаупі бар деп. Табиғат қорғау басқармасы қазір ол жерге 430 млн теңгеге проект жасақтаған. Сол жобаны қазір бюджетке ұсынып отыр. Сол бюджеттен қаржы қаралған жағдайда, сол құм тоқтату жұмысы осы екі ауылда да жалғасын табады деп күтудеміз.
Құм көшудің салдары мынада. Кен орындарына жер асты сулары құбырмен мөлшерден тыс айдалып, су деңгейі түсіп кетті. Өсімдік тамырларына тіршілік нәрі жетпей, қурап қалды. Құм жалаңаштанып, жылжи бастады. Туған жерден үдере көшу оңай емес. Жергілікті тұрғындар бұған дейін құм астында қалып, кейін мәселесі оң шешілген Ұштаған, Сенек, Тұщықұдық ауылдарына жасалған әдісті пайдалануды қалайды. Жергілікті билік қос ауылдың аумағына құмды тамырларымен байлап тастап, көшкінді тоқтататын жүзген, сексеуіл өсімдіктерін тез арада егуді сұрап отыр.
Жазира Қуанышбекқызы

Комментарий