Жаңалықтар | Новости

“Шыдам танытайық” – министр қазақстандық вакцина туралы

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов коронавирусқа қарсы қазақстандық QazVac вакцинасының өндірісі туралы айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

“Жұмыс жүргізіп жатырмыз. Барлық процесс бекітілген трафикке сәйкес жүреді. Мұнда ешқандай проблема жоқ. Сонымен қатар, әріптестеріміз вакцинаның 50 мың дозасын өндіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта биологиялық бақылау аяқталды. Осы кестеге сәйкес, сәуірдің соңында құжаттарды Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз. Олар ұсынылған құжаттардың нәтижелерін талдай отырып, одан әрі шешім қабылдайды. Шыдам танытып, ғалымдарымызға қолдау көрсетейік”, – деді министр ОКҚ-да өткен онлайн-брифингте.

Аймағамбетовтың айтуынша, ғалымдар QazVac вакцинасынан бөлек жануарларға да вакцина әзірлеуді жоспарлап отыр.

“Ғалымдар вакциналарды бес платформада дайындайды. Сынақтарды аяқтадық, клиникалық зерттеулер жүргізуге рұқсат беруін күтеміз. Сонымен қатар, ғалымдар жануарларға арналған вакциналар жасауды жоспарлап отыр. Олар коронавирустың “ұлыбританиялық”, “Оңтүстік Африка” штамдарын зерттеу бойынша жұмыс істейді. Штамм анықталды, зерттеулер жүргізіліп жатыр”, – деп қосты ол.

Айта кетейік, коронавирусқа қарсы QazVac вакцинасының 50 мың дозасын сәуірде өңірлерге жеткізу жоспарланған.

Бұған дейін Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Спутник V” вакцинасын салдыруына қатысты пікір білдірген болатын.

Комментарий