Жаңалықтар | Новости

Бомба туралы жалған хабар таратқан ер адам ұсталды

Ақтөбеде 31 жастағы ер адам “бомба қойылды” деп екі рет жалған ақпарат берді. Ол бұл қылмысты мас күйінде жасаған. Бұл жөнінде облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға 6 сәуір күні болған. Алдымен ер адам Ақтөбе қаласының полиция бөліміне хабарласып, Мұғалжар ауданының Ақкемер кентіндегі теміржол вокзалына бомба қойылғанын айтады. Бірнеше минуттан соң тағы қоңырау шалып, Қарғалы ауылындағы дүкендердің біріне жарылғыш зат қойылғанын хабарлайды. Арнайы бөлімше саперлері нысандарды тексеріп шыққан. Бірақ ер адам айтқан екі аумақтан да жарылғыш зат табылмады. Көп ұзамай арнайы қызметті әбігерге салған “әзілкештің” кім екені анықталды. Ақтөбе облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында Мұғалжар ауданының 31 жастағы тұрғынын ұстады. Ішімдік ішкен ер адам полиция бөлімшесіне жеткізілді. Одан заттай дәлел ретінде ұялы телефон тәркіленді. Ер адамға қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 273-бабы(Дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрнеу жалған хабарлау ) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бап бойынша, күдікті 5 000 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Комментарий