Жаңалықтар | Новости

Ақтөбеде заңсыз ойын бизнесімен айналысқан қылмыстық топ мүшелері сотталды

Ақтөбе соты заңсыз ойын бизнесін жүргізіп келген қылмыстық топтың мүшелеріне қатысты үкім шығарды. Сотталушылар бас-аяғы 5 ай ішінде 171 миллион теңгеден астам кіріс түсірген.

Ақтөбе қаласының №2 сотында Әліби Әубәкіров, Зейнұр Әміржанов, Айнұр Дүймұханова, Асқар Бекназаров, Талғат Ізбағанбетов, Жәнібек Еспамбетов, Аманғали Матаюпов, Кайрат Сағынтаев, Азамат Таржанов, Рүстем Шағыровқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Тергеу органдары сотталушыларға Қылмыстық Кодекстің “Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру” және “Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және соларға басшылық ету, оған қатысу”баптары бойынша айып таққан еді. Сот материалдарына қарағанда, қылмыстық топ Ақтөбе қаласында заңсыз ойын бизнесімен айналысқан. Электронды казино “Stavkabet.kz” ЖШС –нің букмекерлік кеңсесі арқылы жүргізілген. Кассалалық кітапшадан сотталушыларға 2018 жылдың маусымы мен қараша айлары аралығында 171 734 447 теңге кіріс кіргені анықталды.

-Сот үкімімен Асқар Бекназаровқа, Талғат Ізбағанбетовке, Жәнібек Еспамбетовке, Азамат Таржановқа, Рүстем Шағыровқа 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Айнұр Дүймұханованың кәмелет жасына толмаған үш баласы бар. Оның біреуі- жаңа туған сәби. Әліби Әубәкіров,Зейнұр Әміржанов, Аманғали Матаюпов, Қайрат Сағынтаев қылмыстық істің ашылуына үлестерін қосып, өз істеріне өкінді. Барлығының кәмелет жасына толмаған балалары бар. Сот осыны ескеріп, оларды 2 жылға бас бостандығынан айырды, -деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Комментарий