Жаңалықтар | Новости

Семейде 3 көлікті өртеп жіберген ер адам ұсталды

Семей қаласы тұрғынының көлігін айдап кетіп, кейін өртеп жіберген 24 жастағы ер адам ұсталды.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «102» жедел арнасына хабарласқан 29 жастағы азамат 5-8 наурыз аралығында үй ауласында тұрған «ВАЗ» көлігін белгісіз біреудің айдап кеткенін айтқан. Осының салдарынан келтірілген материалдық шығын 1 600 000 теңгені құрады.
«Патрульдік полиция қызметкерлері бірден «Тосқауыл» жоспарын жариялады. Көп ұзамай Әуезов полиция бөліміне бейтаныс ер адамның 3 көлікті өртеп жібергені туралы хабар түскен. Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, 24 жастағы күдіктіні ұстады. Тергеу кезінде анықталғандай, жергілікті тұрғын автокөлікті айдап кетіп, үш көлікті қасақана өртеп жіберген. Күдікті өз кінәсін мойындап отыр. Тиісті сараптама жұмыстары тағайындалды», – деді ШҚО ПД бастығы Сағат М2диев.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 200-бабы 1-бөлігімен және 202-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Шығыс Қазақстан облысы

Комментарий