Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

Талапкерлердің 75%-і қазақ тілінде ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген

Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев ҰБТ-ның алғашқы күнін қорытындылап, қазақ тілінде тест тапсырушылардың санын айтты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

“Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күнінде 12 772 баланың 11 361-і – қазақ тілінде, 1 411-і – орыс тілінде тест тапсырды. Жалпы Қазақстан бойынша ҰБТ қатысуға өтініш бергендердің 75%-і – қазақ тілінде, 25%-і – орыс тілінде. Мемлекеттік білім гранттары көлемін де осы өтініштерге қарай бөлдік: қазақ тілінде – 75%-і, орыс тілінде – 25%-і”, – деді БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры.

Ол талапкерлер жиі таңдаған пәндер туралы да айтты.

“Балаларымыздың арасында көбірек таңдаған пәндер – жаратылыстану пәндері. Олар – математика, физика, химия. Қыздар арасында биологияны таңдағандар саны көбірек. 3-4 жылдан бері техникалық, IT мамандықтарға грант көптеп бөлініп келеді”, – деп сөзін түйіндеді Тойбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Естеріңізге сала кетсек, ҰБТ-ның алғашқы күнінде 3,5 мың адамның шекті балл жинай алмағаны туралы хабарлаған едік.

Комментарий