Судья мінбері | Судебная система

Заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы

Қазақстанның қылмыстық заңнамасында заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылық институтының болмауы, бұл проблема біздің елде жоқ, тек шетелдік заң шығарушыға ғана тән дегенді білдірмейді. Себебі, ҚР Қылмыстық кодексі жобасының бірінде біздің елде де заңды тұлғаға жаза қолдану туралы ұсыныс енгізілген-тін.

Алайда, біздің елімізде заңды тұлға жасайтын іс-әрекеттері үшін заңды жауаптылықта болу керек дегенде заң шығарушылар әлі күнге дейін бір пікірге келе алмауда. Өйткені, кейбірі бұл идеяны қолдағанымен, кейбірі тек жеке тұлға ғана қылмыстық жауапкершіліктің субъектісі бола алады деген ойда. Олар латын формуласында көрсетілген белгілі: «Societas delinguere non potest» (ұжымдық субъект қылмыс үшін жауап бере алмайды) заңды постулат қағидасын қолдайды, ал ол өз кезегінде неғұрлым әйгілі: «Nulla poenasine culpa» (кінәсіз қылмыс жасалмайды) деген постулатқа негізделген. Бұл идея бірқатар елеулі қарсылықтарға әкеліп соқтыруда. Олардың негізгілерінің бірі: дәстүрлі кінә (қылмыстық-құқықтық мағынада) тұрғысынан заңды тұлғада жасалған құқық бұзушылық әрекетке психикалық көзқарасы бар деуге келмейді, яғни, заңды тұлғаны қылмыстық әрекетке кінәлі дей алмаймыз.

Сол себепті, кінә — біздің қылмыстық заңнамамыздың ең үлкен кедергісі. Көптеген ғалымдар негізінен осыған назар аударады. Мысалы, Қайыржанов Е.И. былай деп жазады: «Қылмыстық реакция тек ойлануға, сезінуге және тілек білдіруге қабілетті жеке тұлғаға қатысты болуы мүмкін… Ал заңды тұлға бұндай қасиетке ие емес».

Алайда, кінә — бұл тек психологиялық ұғым емес, сонымен бірге қоғамдық-саяси ұғым. Бұл адамның қылмыстық заңмен қорғалған, қалыптасқан қоғамдық қатынастарға деген теріс қатынасын білдіреді. «Жеке тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін» жақтаушылар мұны заңды тұлғаның «жалғандығын» көреді. Жалпы, бұл екі субьектілік проблемасы тек қылмыстық заңда ғана емес, басқа құқық салаларында да толық шешілмегендігін атап өту керек.

Жоғарыда келтірілген дәйектерді заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін жақтаушылар «жалғандық туралы» тезистермен бірдей жоққа шығарады, ал бұл дәлелдер негізінде заңды тұлғаның азаматтық-құқықтық жауапкершілігінен бас тартуға болатынан да білдіреді, өйткені азаматтық-құқықтық жауапкершілігік те кінәні қажет етеді.

Атап айтқанда, 1994  жылғы 27 желтоқсанда қабылданған ҚР Азаматтық кодексінің 359-бабы кінәні мінез-құлық тұрғысынан: құқық бұзушы міндеттеменің бұзылуын болдырмау үшін барлық іс-шараларды қолданбауы деп, заңды тұлғаның кінәсі ретінде оның қызметкерлерінің жұмысы барысында жасаған құқық бұзушылығына кінәсін көрсетеді. Сол себепті, заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін кез-келген басқа жауапкершілікпен, нақтысын айтқанда азаматтық құқықтық жауапкершілікпен  ауыстырып аламыз деу негізсіз деп ойлаймын.  Себебі, заңды тұлғаның жауаптылығы — қылмыс жасау нәтижесінде заңды тұлғаға пайда келуінен көрініс табады, және ол әрекет оның басшысымен не оның өкілімен жасалуы тиіс.

Заңды тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тарту арқылы біз оны бір немесе бірнеше нақты жеке тұлғаның — оның басшыларының әрекеттері үшін жауапкершілікке тартамыз деген ой болуы мүмкін. Алайда, егер зиянды салдар көпшілік дауыспен қабылданған шешімді орындау нәтижесінде туындаған болса, неге қылмыстық әрекет үшін жауапкершілік қабылдаған шешіммен келіспеген заңды тұлғаның қалған  азшылық мүшелеріне де таралуы керек? Бұл басты принциптің бұзылуы болып келеді. Қол астындағылардың әрекеті үшін заңды тұлға басшысы жауапты болуы. Бұл тұжырым назар аударуды қажет ететіні сөзсіз.

Әлі күнге дейін заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы негізінен англо-саксондық қылмыстық құқығының ерекше белгісі болып табылады. Және олардың құқық жүйесі үшін бұл институтты енгізу сот практикасының рөлі үлкен болғандықтан көп қиындық туғызбайды. Алайда, заң жүйесі романо-германдық топқа жататын елдерде жеке жауаптылық және кінәлі жауапкершілік принципі күшті болғандықтан классикалық қылмыстық құқықты елдерде бұл мәселені шешу айтарлықтай қайшылықтарға әкеліп соқтырады. Сол себепті бұл мәселе көп талқылануда болса да, неше отырыстар өткізілсе де өз шешімін таба алмауда. Ал оның себебі мына заңнамада туындауы мүмкін мына қайшылықтарда:

Негізгі қайшылық — жеке жауапкершілік принципімен және қылмыстық жауапкершілік пен жазаны дараландыру принципімен байланысты. Заңды тұлғаны қылмыстық жауапкершілікке тарту арқылы біз оны бір немесе бірнеше нақты жеке тұлғаның — оның басшыларының әрекеттері үшін жауапкершілікке тартамыз. Егер салдары көпшілік дауыспен қабылданған шешімді орындау нәтижесінде туындаған болса, неге қылмыстық әрекет үшін жауапкершілік көпшілік қабылдаған шешіммен келіспейтіндігін білдірген заңды тұлға мүшелерінің азшылығына да таралуы керек? Бірақ ол техникалық сипаттағы проблеманы — қылмыстық жауаптылықтың ауырлығын бөлу проблемасын тудырады.

Екінші қайшылық, өзінің қызметін қылмыстық іс-әрекет анықталған кезде атқарып жатқан басшыны, өзінен бұрын қызмет атқарған басшы жасаған қылмыстық іс-әрекет үшін жауапкершілікке тарту мәселесі. Бұл да мүлде дұрыс емес. Сонымен қатар, жәбірленуші жеке тұлғалардың (айыппұлдар мен сот шығындарын өндіріп алу кезінде мемлекеттің) мүдделері тұрғысынан басқарушы қызмет атқаратын жеке тұлғалар  келтірілген зиянды өтеу үшін жеткілікті дәрежеде төлем қабілетті бола бермейді. Яғни, осы тұрғыда заңды тұлғалардың жауаптылығы олардың экономикалық әрекет қабілеттілігі тұрғысынан өте тиімді болып көрінеді.

Үшінші қайшылық, заңды тұлғаларды жазалауға қатысты. Жазаның қолданылу мақсаты — адамның санасы мен психикасына әсер етуге бағытталған мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы. Ал дәстүрлі жазаларды заңды тұлғаларға қолдану пайдасыз. Алайда, заңды тұлғаларға жаза қолдану арқылы мемлекет оларды жазалап, түзетіп, қорқытады деп ойлау дұрыс емес.

Заңды тұлғаның қылмыстық жауаптылығын жақтаушылар бас бостандығынан айыру секілді кейбір дәстүрлі жазалардың заңды тұлғаларға қолданыла алмайтындығын айтады. Бірақ бұл ұйымдастырушылық және практикалық сипаттағы проблема болып табылады. Бас бостандығынан айыру жазасын қоспағанда, басқа санкциялардың көпшілігін қолдануға болады. Барлық дәстүрлі мүліктік санкциялар заңды тұлғаға қолданылуы мүмкін — жаза заңды тұлғаның қызметімен байланыстыруға болады  (қызметтің кейбір түрін жүзеге асыруға тыйым салу немесе рұқсат етілген түрлерін шектеу); сонымен қатар, жаза заңды тұлғаның беделіне қатысты болуы мүмкін (сот шешімін жариялау немесе жарнамалау).

Басты принциптің бұзылуы қол астындағылардың әрекеті үшін заңды тұлға басшысы жауапты болуы. Бұл ереже ерекшелік болып табылады. Жалпы, бұл екі субьектілік проблемасы тек қылмыстық заңда ғана емес, басқа құқық салаларында да толық шешілмегендігін атап өту керек.

Яғни, заңды тұлғаның қылмысқа жауаптылығы — қылмыс жасау нәтижесінде заңды тұлғаға пайда келуінен көрініс табады, және ол әрекет басшысымен не оның өкілімен жасалуы тиіс.

Бұл көбінесе — мүліктік пайда, бірақ ол заңды тұлғаға басқа «пайда» келмейді дегенді білдірмейді. Сонымен қатар, заңды тұлға пайдакүнемдік мақсаттарды көздемейтін террористтік әрекеттерге де жауапты бола алады, бірақ бұл террористтердің саяси, діни және өзге де мақсатымен байланысты болуы мүмкін. Бұл сондай-ақ кейбір мемлекеттік қылмыстарға, яғни кодексте қамтылған қылмыстарға қатысты (әскери мемлекет құру мақсатында шетелдік ұйыммен немесе шетелдік мемлекетпен байланысу).

Міндетті шарты — бұл әрекетті оның басшысы немесе өкілі жасауы болып табылады. Заңды тұлғаның пайдасына жасалған қылмыстық іс-әрекет, бірақ оны басқа адамдар жасаса да ол адамдар ол әрекет үшін жауапкершілікте болмайды.

Жоғарыда айтылғандардан заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығы біздің елімізде өте даулы және күрделі мәселе екенін аңғаруға болады. Бұл аталмыш институтты енгізуді балық дамыған елдер мойындап, заңды тұлғаны қылмыстық құқық субъектісі ретінде тану дұрыс қана емес, оны қылмыстың субъектісі ретінде тану қажеттілігі – бұл келе жатқан уақыттың суранысын, дамушы қоғамның муддесі үшін жасалуы керек жәйт. Бұл заңды тұлғаларды қылмыстық құқық субъектісі ретінде тану институтты дамыған елдердің көбісі мойындағанымен, біздің қылмыстық құқық заңды тұлғаларды қылмыс субъектісі ретінде танымауымен түсіндіріледі. Бұндай түсінік біздің Қазақстан Республикасының қылмыстық занамасының шетелдік мемлекеттер заңнамасымен салыстырғанда әлде де болса бірсыпыра қалыңқырап бара  жатқанымызды білдіреді деп ойлаймын.

Әрине, ұзақ уақыт бойы қылмыстық саясат оның негізінде жүзеге асырылып келе жатқан теориялық қағидаларды өзгерту өте қиын. Бірақ бүгінгі күнгі еліміздегі әлеуметтік-экономикалық ахуал және экологиялық жағдай кейбір ережелерді қайта бағалауға итермелейді.

Заңды тұлғалармен жасалатын қоғамға қауіпті әрекеттермен күрес саласындағы қылмыстық заңнаманы жетілдірудің қажеттілігінің  бірнеше орынды себептері бар. Мысалы, қазіргі уақытта заңды тұлғалардың табыстарына тиісті деңгейде бақылау жоқ, заңды тұлғалардың қоғамымызға және айналадағы қоршаған ортаға тигізіп жатқан зиянды әрекеттері өте көп зардаптарға әкеліп соқтырып жатыр, сонымен қатар кәсіпкерлік қызметтің көптеген жақтарының құқықтық реттелмеуі, заңсыз баюға жағдай жасап жатыр.

Біздің қоғамымызда қазіргі уақытта мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар экономика саласындағы қылмыстарға қарағанда көшедегі қылмыстарға көп көңіл бөледі.  Бірақ тұтынушыларды алдау және заңды тұлғалар тарапынан жасалатын заң бұзушылықтар зардабына қарағанда көшедегі қылмыстардың тигізетін зардабы әлдеқайда аз. Осындай жетіспеушіліктер мен кемшіліктер қоғамымызда заңды тұлғалар тарапынан орын алып, көрініс тауып отырған кейбір құқық бұзушылық әрекеттердің бас көтермей жабылып қалуларына көп әсер етіп отыр.

Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде төмендегідей қорытындылар жасалды:

  1. Заңды тұлға-оқшауланған мүлкі бар, айналымға өз атынан қатысатын және жеке мүліктік жауаптылыққа тартылатын ұйым. Сондықтан заңды тұлғаларды қылмыстық занамаға құқық субъектісі ретінде енгізіп, тану үшін, ұйым аталған ұжымның еркінің бірлігі мен мақсатын қамтамасыз етуі керек.
  2. Азаматтық және әкімшілік құқық бұзушылықтар қылмыстық-құқықтық тәртіппен жазаланатын әрекеттерден көп айылмашылығы бар. Мысалы, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 1-бабына сәйкес тауар-ақша қатынастары және қатысушылардың теңдігіне негізделген өзге де мүліктік қатынастар, сондай-ақ мүліктік қатынастарға байланысты мүліктік емес жеке қатынастар азаматтық заңдармен реттеледі. Осылайша азаматтық құқық азаматтық қатынастарды реттеуге бағытталған.
  3. Заңды тұлғаны азаматтық-құқықтық тәртіппен тарату тек мүліктік сипаттағы шаралардың кешеі болып табылады (мысалы, жұмысшылармен және несие берушілермен есеп айырысу, т.б.). Заңды тұлғалардың тек әкімшілік жауапкершілікпен азаматтық жауапкершілікке ғана тартылуы заңды тұлғалардың құрамында қылмыстың белгілері бар әрекеттерінен туындаған зардаптардың ронын толтыра алмайды. Егер қылмыстық заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастар бұзылатын болса, онда азаматтық-құқықтық шаралардың бұл жерде еш қатысы болмауы керек.
  4. Адамдардың денсаулығына және қоршаған ортаға зардап келтірген (мысалы, жануарлар өлімі, ормандарды жою және т.б.) әрекет және бұл әрекет абайсызда болса да, адам өліміне әкеп соқса, онда ол үшін жауаптылық тек қылмыстық-құқықтық тәртіпте туындауы керек. Өйткені осындай орын алған құқық бұзушылықтар үшін тек азаматтық және әкісшілік жауапкершілікке ғана тартатын болсақ заңды тұлғаларды, онда заңды тұлғалар тарапынан жасалынған, заңды тұлғаның жұмыс жасау барысында туындаған қылмыстық заңмен реттелетін әрекеттермен әкімшілік және азаматтық заңмен реттелетін әркеттер шеңберлері жанасып, қауіптілік дәрежелері теңестіріліп кетуі орын алуы мүмкін. Ал бұл өз кезегінде дұрыс емес.
  5. Қылмыстың тікелей орындаушыларын ғана жауаптылыққа тарту болашақта осы заңды тұлғаның басқа орындаушылар арқылы қылмыс жасамайтындығына кепілдік бермейді. Сондықтан да тікелей орындаушыларын ғана емес, сонымен қатар жанама орындаушыларында қылмыстық заңмен қудалау қажет.
  6. Заңды тұлға қылмыс субъектісі болып танылса, басқа субъектілер сияқты белгілі бір белгілерге жауап беруі керек. Сондықтан қылмыс субъектісі болып тек азаматтық заңнамаға сәйкес заңды тұлға болып табылатын ұйым танылуы тиіс. Бұл жерде бір ескеретін жәйт заңға қайшы мақсаттар үшін құрылған заңды тұлға қылмыс субъектісі болмауы керек. Ал жауаптылыққа оны құрған жеке тұлғалар тартылуы тиіс.
  7. Заңды тұлғамен жасалатын қылмыс ретінде заңды тұлғаның атынан немесе заңды тұлғаның мүддесі үшін жасалған қоғамға қауіпті әрекет танылады.
  8. Заңды тұлғаның қылмыстық жауаптылығы жеке тұлғаның қылмыстық жауаптылығын жоққа шығармайды.
  9. Заңды тұлғаның кінәлілігі оның атынан өзінің қызметтік міндеттерінің шеңберінде заңды тұлғаға пайда түсіру үшін қылмыс жасаған нақты жеке тұлғаның кінәлілігімен анықталады. Басқаша айтқанда заңды тұлға өзінің қызметкерлерінің құқыққа қайшы және кінәлі әрекеттеріне өз әрекеттері ретінде жауап береді.
  10. Заңды тұлғаларға қылмыстық-құқықтық санкциялар тек қоғамға қауіпті әрекеттің нақты орындаушылары анықталғаннан кейін ғана қолданылуы мүмкін.
  11. Заңды тұлға қылмыстық заңда қылмыс ретінде көрсетілген әрекеттер үшін ғана жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
  12. Заңды тұлға қылмыс субъектісі ретінде танылады, егер:

а) заңды тұлға заңмен тікелей көзделген міндетті орындамағаны үшін және заңмен тыйым салынған әрекетті орындағаны үшін кінәлі болып табылса;

б) заңды тұлға құрылтай құжаттарына және белгіленген мақсаттарына сай келмейтін қызметті жүзеге асырғаны үшін кінәлі болса;

в)  жеке тұлғаға, қоғамға немесе мемлекетке зиян келтірген немесе қауіп төндірген қоғамға қауіпті әрекет заңды тұлғаның мүддесі үшін жасалса немесе заңды тұлғаның органы немесе басқарушылық функцияларды жүзеге асыратын тұлға тарапынан бекітілсе, жіберілсе және қолдау тапса.

  1. Біздің ойымызша Қазақстан Республикасында заңды тұлғаларға төмендегідей жазаларды қолдануға болады:

—        айыппұл;

—        белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан шектеу;

—        заңды тұлғаның қылмыс деп танылған әрекетті жасау кезінде пайдаланылған барлық кәсіпорындарын жабу;

—        мүлкін тәркілеу;

—        заңды тұлғаның қызметін тоқтата тұру;

—        заңды тұлғаны тарату.

  1. Заңды тұлғаларға оның банктік шоттарына тыйым салу және банктік шоттарға билік етуін шектеу сияқты бұлтартпау шараларын қолдануға болады.
  2. Бүгінгі күні біздің өмір сүріп отырған қоғамымызда орын алып отырған аса ауыр қылмыстың бір түрі, яғни ұйымдасқан қылмыс кең етек алып, сонымен қатар құқықтық нысанға айналып бара жатылғандығын ескерсек, онда Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексімен қылмыстық заңнамаға заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын енгізу, өз кезегінде қылмыстық ұйымдардың заңсыз әрекеттерін белгілі бір дәрежеде шектеуге көмектеседі. Сонымен қатар бұндай жобаны жетілдіріп, қылмыстық заңнамамызға енгізу Қазақстан Республикасы мемлекетін келешекте басқа да шетел мемлекеттері секілді құқықтық саламыздың дамып, өзге мемлекеттер арасында да Қазақстан Республикасы мемлекеті туралы жақсы пікірлерінің қалыптасуына үлкен ықпалын тигізеді. Яғни тек қана Қазақстан Республикасындағы тіркелген заңды тұлғалар мен мемлекеттік ұйымдарға ғана қатысты емес, сонымен қатар шетелдік заңды тұлғалардың да құқыққа қайшы әрекеттерін, құрамында қылмыстың белгілері бар әрекеттерінің алдын алып, оларды болдырмауға әсерін тигізіп қана қоймай, бұдан ары қарай бұл саланың одан әрі дамып, жетіле түсіп үлкен институт болуына өте үлкен ықпалын тигізеді.

Осылайша, егер заңды тұлғаларды қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін десек, онда қылмыс субъектісінің анықтамасын өзгерту керек. Дәлірек айтқанда, аталған ұсыныстарды іс жүзінде іске асыруды Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 9-бабын толықтыру арқылы жүзеге асыру қажет деп есептеймін. Бұл – заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын енгізу, мүдделеріне қауіпті зиян келуі мүмкін азамат, қоғам, мемлекет және ұлттық қауіпсіздік қылмыстық заңмен қорғалатындығының белгісі деген сөз.

Жолмурзаева Турсунай Сақтапбергенқызы, Сулейман Демирель Университетінің «Құқықтану» факультеті магистранты

Комментарий