Жаңалықтар | НовостиСаясат | Политика

ҰЛТ ТАЗАЛЫҒЫН ҰЯТ САҚТАЙДЫ

Ақпарат шекараға бағынбайтын бүгінгі заманда ұлттық құндылықтарға үлкен қауіп төніп тұр. Рас, тәуелсіздік алған жылдар ішінде оларды сақтау бағытында аз жұмыс істелген жоқ. Руханият саласында жүзеге асырылған жобалар аясында өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды. Алайда, ол жеткіліксіз. Өйткені, қазіргі таңда батыс елдерінің кейбір теріс идеологиялық технологияларымен күресу әлдеқайда қиын және ол көзге көрінбейді.
Мәселен, ҚР Жоғарғы Сотының шешіміне сәйкес мемлекетімізде экстремистік, террористік бағыттағы 22 ұйым анықталып, қызметіне тыйым салынған. Олар Қазақстанның қоғамдық өміріне араласып, іріткі салып, ішкі тыныштықты, халық бірлігін бұзу үшін жұмыс істеуге тырысты. Шетел
саясаткерлері арасында шындыққа жанаспайтын сепаратистік пиғыл танытып жүрген жеке адамдар да аз емес. Жаһаннан жетіп жатқан осындай келеңсіздікке өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды қарсы қоюымыз керек. Күні кеше Парламент Сенатында өткен дөңелек үстел әлемдік өркениет көшінен өз орнын табуға талпынған еліміз үшін осы мәселелердің өзектілігін алға шығарып, оны шешудің жолдарын айқындаған сындарлы диолог алаңына айналды. «Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі» тақырыбына арналған бұл парламенттік
тыңдауда ұлттық құндылықтың негізі – тіл, діл, жер тағдыры, ұрпақ тәрбиесі әңгіме өзегіне айналды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жалпы елімізде жүйелі жаңғыру жұмыстары қолға алынған шақта ұлттық құндылықтар маңызының арта түскені, оны дәріптемей жаңғыруды толыққанды
іске асыру мүмкін емес екені жайлы сөз сабақтады. Жаңғырудың ең негізгі мақсатының бірі жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікті сақтап, жан-жақты даму екені белгілі. Бұл тұрғыда білім беру бағдарламасын түсіндірумен шектелмей, оның тәрбиемен қатар жүруі маңызды. Соған орай Әшімбаев оқу бағдарламасына ұлттық құндылықты дәріптеу сабағын қосып, оны жаңаша жасақтау туралы ұсынысын білдірді. Тақырыптың өзектілігін сенатор Бақытжан Жұмағұлов та атап өтті. Халық қалаулысы бұл істі жүзеге асырудағы білікті, кәсіби мамандардың рөліне тоқталды. Өйткені, ұлттық құндылықты қалыптастыратын да, дамытатын да осындай кадрлар. 2024 жылдан бастап он екі жылдық жаңа білім беру жүйесіне көшетінімізді еске салған Жұмағұлов қалған аз уақытты тиімді пайдаланып, қоғамдық-педагогикалық талқылаудан өткен ұлттық оқу бағдарламалары мен оқулықтарына ұлттық құндылықтарды енгізу қажет деген ойын ортаға салды.
Келешекте осының бәрін ескере отырып, «Білім және ғылым кодексін» қабылдау керек деген тұжырымын жеткізді. «Тұран» университетінің ректоры,
Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанұлы шетелдік озық университеттерде білім алу, солардың арқасында
кажетті маман дайындау бағытынан таймау қажеттігін алға тартты. Соңғы жылдары Білім және ғылым министрлігі бакалавриат сатысын Болашақ бағдарламасынан алып тастап, магистратура мен докторантурада оқитындар санын ұлғайтуға, тағылымдамаға мұғалімдер мен ғылыми қызметкерлерді жіберуге бет бұрды. Саланың осал тұсы көп. Елімізде мысалы сертификациядан өткізетін зертхана тапшы. Соған орай Рахман Алшанұлы осы мәселені шешу үшін неге Болашақ бағдарламасын пайдаланбаймыз деген сауалын тастады. Қазақстан Жазушылар одағының
төрағасы Ұлықбек Есдәулетов қоғамды алаңдатып тұрған жер мен тіл мәселесі жөнінде елдің жанайқайын ортаға салды. Сөзін «Жеріміздің тұтастығы, тіліміздің мәртебесі, еліміздің бірлігі – біздің еліміздің бүгіні мен болашағы. Біздің үкілі үмітіміз де, салмақты сеніміміз де, барлық арман, мақсат, тілеуіміз де осы үшеуінің үстінде» деп бастаған ол Парламент мүшелерінен Мемлекет басшысының «жер ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды» деген мәлімдемесінің заң жүзінде тиянақталуын өтініп сұрады. Осыған дейін латифундистердің шеңгеліне түсіп
кеткен жерлердің мемлекет пен халық игілігіне қайтарылуын, заң жүзінде ауылшаруашылық жерлерімен қатар өндірістік маңызы, пайдалы қазбалары бар және табиғаты әсем, туристік маңызды жерлер де шетелдіктерге сатылмайтын, жалға берілмейтін категорияға енгізілуі қажеттігін шегелей айтты. Ал руханият, тіл тағдырына қатысты «Біздің қоғамда көп жағдайда мемлекетшілдік деген түсінік өте кемшін. Мәселен, Қаржы министрлігі ұлттық дүниеге қатысты іс-шараларға, ауқымды жобаларға қаржы бөлу мәселесіне келгенде салғырттық танытады немесе үрке қарайды. Көптеген
жобалар әлеуметтік эффектісі жоқ деген желеумен кесіліп отыратынына да өзіміз куәміз. Руханиятқа, әдебиет пен мәдениетке, ұлттық құндылықтарды сақтауға бөлінген қаржы бірден нәтиже бермейтіні белгілі. Ол уақыттың еншісінде, жылдар бойы айналымға түсетін, уақыт өте келе жемісін беретін дүние. Осы тұста Парламент тарапынан әдебиет пен мәдениетке, рухани салаларға бөлінетін қаржыға бақылау жасалса деген ниетімізді баса айтқым келеді» деді.
Тіл тағдырын шешетін заңнамалардың ең негізгілері – дүбара күйінде, тілге қатысты комитеттер мен орталықтар дайындап ұсынған әжептәуір қаулы-қарарлар жобасы жиі күзеп-түзеуге ұшырайтынын да ашына айтты. Бұған бағдарламалар мен қаулылар жобасын қабылдар алдында сараптан өткізетін министрліктер мен Үкіметтің, қала берді, Президент Әкімшілігі заңгерлерінің қатарындағы қазақ тілін білмейтін мамандардың әрекеті түрткі
болуда. «Тілдің заңын ойдағыдай түземей жатып, тілдің қамын жеу – бос әурешілік» дей келіп, бүгінде тілге бөлініп жатқан қыруар қаржының орасан бөлігі Қазақстанда тұратын өз отаны бар, мемлекет қамқорлығына дәл қазақ тіліндей зәру емес, көптеген этникалық топтар мен ұлыстардың тілін дамытуға, олардың жексенбілік мектептерінің мүддесін көздеуге жұмсалып жатқанына қынжылыс білдірді. Келешектегі ішкі тұрақтылығымызға сенімді болу үшін Тіл заңын қайта қолға ала отырып, ерте-кеш деместен туған республикамызды таяу жылдарда тұтастай мемлекеттік тілге көшіру қажеттігін мәлімдеді. Бүгінде тілімізге төнген қауіптің бірқатары жайлы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова айтып, олардың алдын алу мүмкіндіктерін ортаға салды. Фазылжанова ханымның айтуынша, тілімізге калькалану, яғни орыс, ағылшын тілдерінің әсерімен тоқыраудан, постиндустриалдық қоғам талаптарына сәйкес жаңғырудан зиян көп. Бұған жол бермес үшін алдымен қоғамның мемлекеттік тіл туралы түсінігін кеңейту керек. Федеративті елдерде, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, екі және одан да көп мемлекеттік тілдің
болуы орынды. Ал құрамында саяси мәртебесі, дербес әкімшілік-аумақтық құрылымы жоқ, Қазақстан сияқты біртұтас елде билік органы бір, азаматтық біреу, армия біреу, мемлекеттік тіл де біреу болады. Сол себепті жиі көтеріліп жүрген «Мемлекеттік тіл туралы» заңды қабылдайтын уақыт жетті. Жалпы, ұлттық құндылықтардың негізі отбасында қаланатыны белгілі. Бүгінде жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, олардың шынайы бағбаны болуда әке, ақсақалдар тәрбиесі жетіспей тұр. Кеңес одағы тұсында еркек пен әйел тең құқылы деген ұран, егемен ел атанғанда енген гендерлік саясат әкенің абырой-беделін құлдилатып жіберді. Жиында бұл тақырып та әңгіме өзегіне айналды. Мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев осы ретте әкелер институтын дамытудың маңыздылығына назар аудартты. Қазақ қоғамында бұрын әкенің беделіне ешқашан сызат түспегенін, қай кезде де әкенің айтқаны, үкімі, тапсырмасы бір демде орындалып отырғанын айтқан профессор:
– «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп айтылған тәмсіл әр ата-ананың өзіндік орнын айшықтап тұрғанын көреміз. Кешегі қызыл империяның отаршылдық жүйесі қазақтың осы тамаша мектебін тас-талқан етті. Қазақ әйелінің ерін сыйламай тайраңдауы кең етек алды. Нәтижесінде қызтеке, ынжық ұл, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен бозөкпе балалар пайда болды. Ендігі мақсат – әкелер статусын қазақ шаңырағына қайтару керек, – деп сөзін қорытты. Тоқетерін айтқанда, бұл басқосу құндылықтарды құнды істерге айналдыруға ой салған келелі отырыс болды. Енді айтылған сөз нақты іске айналса құба-құп.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий