Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ЖҮЙКЕНІ ЖҰҚАРТҚАН ЖОЛАҚТАР

Жол сақшылары автобус жолағына шыққан көліктерді бақылау үшін жиі рейд жүргізеді. Алайда бақылау қарапайым жүргізушілердің көңіл-күйіне ғана емес, қалтасына да теріс әсер еткен. Себебі, «Сергек» секілді бақылау құрылғысы жылдамдықты асырып, «стоп» сызығынан асқандар мен автобус жолағына шыққандарға шетінен айыппұл арқалатып жатыр. Жол үстінде жүйткіп, жолаушылар көлігінің алдына кесе-көлденең шығатын жүргізушілерге айыппұл салынса артық емес дейтініміз рас. Керісінше, көлік тізгіндеген тентектерді тезге салатын соңғы технологиялардың көптеп қолданысқа енгізілгенін қалар едік. Алайда, көңілге қонымды іске көңілі толмай жүрген жеке жүргізушілердің өз уәжі бар.

Қаладағы көлік иелерінің 90 пайызы таксистер. Оның ішінде индрайвер мен яндекс қосымшасы арқылы отбасын асырап жүргендер қаншама!? Күні бойы тапқан тиын-тебенінің 9 пайызын индрайвермен, 20 пайыздан астамын яндекспен бөлісетін таксистердің азын-аулақ ақшасы айыппұлпен қағылса қайтпек керек? Қазір кез келгеніміздің арамызда таксилетіп күн көріп жүрген жақындарымыз жетерлік. «Алатыным елу мың. Жетіскеннен емес, жетпегеннен кейде такси тоқтатып тұрғандарды қажетті жеріне жеткізіп, нан мен сүтке ақша жинайын дейсің ғой. Енді көлік тоқтатып тұрған адамға екінші жолақта тұрып есік ашпайсың. Сондай кездері 5 теңге артық табамын деп 5 мың теңге айыппұл төлеген кезім көп. Автобус жолағын салған екен, жолаушылар мен таксистердің де жағдайын қарастыру керек еді. Өйткені, жолаушылар көрінген жерден қол соза береді. Амалсыз олар тұрған жерге біз де тоқтаймыз. Сол үшін автобус жолағында такси жолаушыны ереже бұзбай алып кететін арнайы орындарды дайындау қажет», – деп ашынады Ринат есімді таксист жігіт.
Тамақтың тоқтығынан емес, жұмыстың жоқтығынан жолаушы тасып жүрген таксистердің уәжі әбден орынды. Өйткені, таксопарк көліктерінен өзге жеке такси жүргізушілерінің көбі «ай сайын айыппұл төлеуден көз ашпайтын болдық» деп ашынады. Бір айдың өзінде ғана жұмысынан беретін айлықтан екі есе көп айыппұл арқалаған Жандос автобус жолағына тоқтауға жүрексінетін жағдайға жетіпті. «Өткен айда ғана 100 мың айыппұл төледім. Соның тең жартысынан көбі автобус жолына түсіп клиент алғаным үшін тағылды. Айыппұл салуды қатыратындар жолаушыны автобустың жолағына шықпай, қалай алып кетудің жолын да үйретсе болар еді», – дейді Жандос. Биыл Алматы қаласы ПД-нің бастығы Қанат Таймерденов «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенінің тағы 362 камерасы орнатылатынын айтты. Айтуынша, жолкөлік оқиғасының азаюына септігін тигізген
«Сергек» камералары ең алдымен автобус жолақтары бар көшелерде пайда болмақ. Бұл деген таяу күндері таксистердің қалтасы жұқарғанымен, үкіметтің қаржысы көбейе түсетінін көрсетеді. Өйткені, автобус жолағына шыққандарға тағайындалған айыппұлдардың өзі бюджетке жыл сайын миллиондап емес, миллиардтап пайда әкеледі. Мәселен, Елорданың өзінде бір жылда салынған айыппұл көлемі – 1667477544 теңге. «5.9, 5.10.1 – 5.10.3 белгілерімен белгіленген маршрутты көлік құралдарына арналған жолағы бар жолдарда басқа көлік құралдарының жүруіне және тоқтауына
тыйым салынған. Егер 5.9 белгісімен белгіленген жолақ қалған жүріс бөлігінен үзікүзік таңбалау сызығымен бөлінген болса, онда бұрылыстар кезінде көлік құралдары оған қайта кіруі тиіс. Сондай-ақ, мұндай жерлерде бұл жолаққа жолға кірген кезде және көлік жүретін бөліктің оң жақ шетінде жолаушыларды отырғызу және түсіру үшін, егер бұл маршрутты көлік құралдарына кедергі келтірмейтін болса, кіруге рұқсат етіледі. Осы талаптарды
бұзу ӘҚБтК-нің 601-бабының 1-бөлігінде көзделген. Оған 4585 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады. Егер дәл сол жағдай қайталанса, сол баптың 2-бөлігі бойынша 29170 теңге айыппұл қарастырылған. Мәселен, биыл екі айда көлік құралдарының жүргізушілері тарапынан машрутты көлік құралдарының басымдығы талабын бұзғаны үшін 73 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – дейді Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметкері Меруерт Молдалы. Алматы қаласында да жолаушы жеткіземін деп жүріп қалтасы қағылғандар көп. Айталық, өткен жылы автобус жолағы бойынша 392 717 құқық бұзушылық тіркелген. Ал биыл екі айдың өзінде ғана 52 048 айыппұл салынған.
«Сергек» компаниясында істеген әріптесіміз Жадыра Мырзахмет те айыппұлдан көз ашпағандардың бірі. «Биылдың өзінде біраз айыппұл төледім. Былтыр осы компанияда істеп жүргенде өзіміз қыс кезінде стоп-жолақтар, BUS LINE-лар қардың астында көрінбейтін болғандықтан, айыппұл алынып тасталады деген едік. Өйткені, шынында да бір жолақтан екінші жолаққа ауысқан кезде тұтас сызықтар қардың астында көрінбейді. Бір жағынан, қыста жол тарылады, жолдың екі жиегінде қар жиналады. Табиғаттың қолайсыздығына қарамастан камераның артында отырған полицейлер айыппұлдарды аямай салып жатыр. Күзден бері 80 рет айыппұл төледім, соның барлығы стоп-жолақ пен автобус жолағының сызығын басқаным
үшін ғана. Болмаған соң бұрын істеген «Сергектің» қызметкерлеріне хабарласып, ақ-қарасын сұрасам, олар камераның артында отырған полиция қызметкерлеріне құқығымды дәлелдеуге болады дейді. Ішкі істер министрлігіне сұрау салдым, олар 30 күннен кейін жауап берді. Оның өзінде жауаптары сұйық. Тағы да сауал жіберсем, бір ай созатынын сездім. Ол аралықта менің картамды сот орындаушылары бұғаттап тастайды. Амалсыздан барып айыппұлды төлеуге тура келді. Өзім сол компанияда істеп жүріп айыппұл арқалап жүрдім. Сол кезде бастығым «Жұмысқа
автобуспен кел» дейтін. «Сергектің» көздеген мақсаты да сол, халықты автобусқа отырғызу екен, ендеше басқа елдердегідей халыққа қолайлы жағдай жасауы тиіс қой. Ал бізде автобустарды сағаттап күтесің, жолағына шықсаң айыппұл төлейсің», – деп ашынады Жадыра Мырзахмет.

Бауыржан ТОҚЖҰМАНОВ, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:
– Бағдаршамның тыйым салынған белгісін ескермеген, жылдамдықты асыра пайдаланып, рұқсат етпейтін жолаққа шыққандар «Сергектің» қырағы көзінен тыс қалмайтынын айтады. «Былтыр қоғамдық көлік жолағымен жүрген автокөлік жүргізушілеріне 317 211 айыппұл салынды. Ал биыл екі айдың ішінде 21245 жүргізушіге айыппұл тағайындалып, 106235663 теңге төленді. Автокөлік жүргізушісінің көлігі автобус жолағында келе жатып бұзылып қалған жағдайда бұл жолаққа кіруге тыйым салынады. Егер көлік жүргізушісі екінші қатарда келе жатса, үшінші қатарға өтпей өз жолында тоқтауы тиіс. Бұзылып қалғанын көрсететін белгілерді қойып іс-әрекетке көшуі керек. Ал автобус жолағында орын алған жол-көлік оқиғасы кезінде арттағы көлік жүргізушісі жол ережесіне сәйкес, сол жақпен өтуі қажет. Екінші жолақта жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда, бірақ 3-ші жолақ бос болмаса автобус жолымен жүруге болады. Бейнежазбада нақты сол дерек анық дәлелденсе, айыппұл алынып тасталады. Екінші мәселе, егер қар жауып, жолақ көрінбей, бояуы кетіп қалса айыппұл салынбайды, салынған жағдайдың өзінде айыппұл қысқартылады.

Жадыра МҮСІЛІМ. 

Комментарий