Жаңалықтар | НовостиСаясат | Политика

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: БАРЛЫҚ МӘСЕЛЕНІҢ БАСЫ – БАСПАНА

Қазақстанда қазіргі уақытта 14-35 жас аралығындағылар саны 5,9 миллионды құрайды, бұл ел халқының үштен бірі. Сондықтан жастарды мемлекеттік қолдау елеулі ресурстарды, ойластырылған жүйелі шараларды талап етеді. Әрине, жастарды қолдау жөніндегі бағдарламалар бар. Алайда, шешілмеген мәселе де жетерлік. Соның бірі – баспана. Жас отбасылар табысы жеткіліксіз болғандықтан «7-20-25» бағдарламасына қатыса алмайды. Бұл бір. Жастар жылын қорытындылағанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмысшы жастарды қолдау үшін еліміздің 3 мегаполисінде жыл сайын арнайы жалдамалы 3 мың пәтер беруді тапсырған болатын.
Соған орай Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жыл сайын 3 мың пәтер бөле отырып, жұмыс істейтін жастарға бес жыл жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бірақ соған қарамастан 2020 жылы барлығы 1 мың пәтер ғана берілген. Бұл бұрнағы жылдан 2 мың пәтерге аз. Алматыда 2017 жылы Жастар жылы аясында алғаш рет 35 жасқа дейінгі жас отбасыларға пәтер сатып алу үшін несие берілді. Ол «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы. Бағдарлама өзін жақсы жағынан көрсетті, алайда бұл тәжірибе белгісіз себептермен назардан тыс қалды. Тек осы жылы ғана астанада «Елорда жастары» бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Яғни, 17 өңірдің тек екеуінде ғана жас отбасыларды қолдау жобасы бар. Студенттік жатақханалар бойынша да мәселе жеткілікті. Елімізде 80 мың студентке жатақханадан орын жетпейді. Елбасының 2022 жылға дейін студенттерді қосымша 75 мың жаңа орынды жатақханамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы да толық орындалмады. 3 жылдың қорытындысы бойынша жатақханаларда барлығы 12 мың жаңа орын қаралған. Қалған 10 айда 58 мың жаңа орын салу қажет. Алдыңғы тәжірибені ескерсек, бұл тапсырма да орындалады деп үміттену қиын. Баспананың жоқтығынан жастар арасында дәстүрлі отбасылық құндылықтардың әлсіреуі байқалады. Мәселен, 2015–2019 жылдар аралығында ажырасу саны 8 пайызға өсті. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 120 мыңға жуық адам некесін бұзды, олардың әрбір екіншісі, яғни 60 мыңнан астамы 18-35 жас аралығындағы жастар. Ажырасудың көп бөлігі 30-34 жас аралығындағы жас отбасыларға тиесілі. Бұған өз кезегінде Жастарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастырудағы қиындықтар да ықпал етуде. Бүгінгі күні жастар жұмыссыздығы 3,6 пайызға жетіп отыр. NEET жастарының үлесі (жұмыс істегісі, білім алғысы келмейтін жастар) 7 пайызға жуық, сондай-ақ, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық арасында жастар 25-тен астам баллды құрайды. Осы үш көрсеткіш жастар жұмыссыздығының нақты көрінісі мүлдем басқаша және пандемия кезінде ол өсе түсті деген тұжырымды дәлелдейді. Бұл жерде Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі қандай жолмен есептелетініне назар аударған жөн. Жас қазақстандықтардың едәуір бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жатқызылған. Бір қызығы, азаматты Қазақстандағы жұмыссыздар қатарына жатқызу үшін ол тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына немесе «электрондық үкімет» порталы арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін жүгінуі тиіс. Сондай-ақ, негізгі мәселелердің бірі NEET жастарының үлесін анықтау болып табылады. Мәселен, «Жастар практикасы» жобасына 10 жыл ішінде 190 мыңға жуық жас қатысты. Осылайша, жыл сайын практикадан
өткен қатысушылардың саны туралы ғана есеп бар. Бұл статистика жобаның тиімділігін толық көрсетпейді. Сондықтан жастар практикасынан өткеннен кейін жұмысқа орналасқандар бойынша қосымша статистика болуы тиіс. Мысалы, бір ұйым жыл сайын осы жоба бойынша практиканттарды қабылдауға өтінім береді, бірақ оларды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етпейді. Яғни, бұл ұйым жоба қатысушыларын тегін жұмыс күші ретінде пайдаланады. Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП зерттеулерінің қорытындысы бойынша жоғары оқу орындары түлектерінің 35 пайызы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Көптеген әлеуметтік зерттеу нәтижелері көрсеткендей бұл проблема Қазақстанда өткір тұр. Осы ретте жұмысқа орналасуға бөлінетін ақшаны жас кәсіпкерлерді грант, субсидия түрінде қолдауға бағыттаған жөн секілді.

Дайындаған А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий