Бас тақырып | Тема дняЖаңалықтар | НовостиҚұқық | Право

ЖЕТІ ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН ДАУ

Кәсіпкер мен Ұлттық парк «итжығысы» қашанға дейін жалғаспақ?

ӘДЕТТЕ, ДАУҒА КЕЗІККЕН АДАМ СОҢҒЫ ҮМІТІН АРҚАЛАП, СОТҚА БАРАДЫ. ҮШІНШІ БИЛІКТЕН ДЕ ҮМІТІН ҮЗГЕН ЖАН, АМАЛ ЖОҚ, РЕДАКЦИЯЛАРДЫ ЖАҒАЛАЙДЫ. ӘРИНЕ, БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНДА СОТТЫҢ ШЕШІМІН ЖОҚҚА ШЫҒАРАТЫН НЕМЕСЕ ӨЗГЕРТЕТІН, БАСШЫЛАРДЫҢ БҰЙРЫҒЫН БҰЗАТЫН ҚҰЗЫРЕТ ЖОҚ. ДЕГЕНМЕН, ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚ ПЕН ЖОҒАРЫ ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРДЫҢ АРАСЫНДА «АЛТЫН КӨПІР» ҚЫЗМЕТІН АТҚАРУҒА ҚАУҚАРЫ ЖЕТЕДІ. МІНЕ, ӘДІЛДІК ІЗДЕГЕН АДАМ ОСЫ МҮМКІНДІКТІ ПАЙДАЛАНУҒА КЕЛІП ЖАТАДЫ.

Жуырда бізге, өзін жәбірленуші санап жүрген бір азамат келді. Аты-жөні – Сұлтан Садықов. «BALNUR» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысы. Кәсібінің бағыты – туризм саласы. Әуелі оның арызда көрсеткен уәждеріне құлақ түріп көрелік. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкердің жұмысына заңсыз араласуға тыйым салды. Кәсіпкер мен инвесторлар құқығы заңмен қорғалуы тиіс. Осыны басты бағыт етіп ұстануды тапсырған Президент, соның қатарында, Ұлттық парктерде экотуризмді дамытуды да айрықша атап көрсетті. Алайда, «Сайрам-Өгем» ұлттық паркінде жағдай мүлдем басқаша. 2011 жылы менің басқаруымдағы «BALNUR» ЖШС Сайрам Өгем МҰТП-нан туризм және реакрация мақсатында 7 га жерді 49 жылға жалға алған болатын. Осы кезге дейін 7 рет келісімшарт түзіліп, 2 рет сот арқылы бұзылды. Жалпы, сот процесі 7 жылдан астам уақытқа созылды. Соңғы сот 2016 жылы басталып, 3 жылдан астам уақытымды алды. Сот барысында Ұлттық парк басшылары жалған құжат, яғни түпнұсқасы жоқ ксерокөшірмені негізге алып, (заңда ешқандай ксерокөшірме негізге алынбаса да) барлық сот инстанцияларында жеңген болатын.
Мен парк басшылығына құжаттың жалған екендігі жөнінде бірнеше рет ескерту хат жіберген болатынмын. Бірақ парк басшылығы бұл уәжіме құлақ
асқысы келмеді. Келісімшартқа отырғалы бері жалға алынған жерді игеру үшін 300 000 АҚШ долларынан астам инвестиция құйып, көпір, жол салдым. Электр желісін, су жүйесін тартып, ұлттық бизнес рейтингі бойынша республикада 14-орында, салық төлеуден алтын жүлдегер иесі болғанмын.

Осы атқарылған жұмыстарға қарамастан, парк басшылығы ауысқан сайын кәсіпкерлікпен алаңсыз айналысуыма мүмкіндік бермей келеді. Алдыңғы басшылардың құйтырқылығын қазіргі басшы да қайталап отыр. Ол да сол кездегі жалған құжатты негізге алып, жерді жалға алу құқымнан айыру мақсатында жұмыс жүргізуде. Негізсіз хаттар жіберіп, жерді кері қайтаруымды талап етуде. Тіпті, Қазақстан заңдарын өрескел бұзғандығымен қоймай, жоғары тұрған ведомство, дәлірек айтқанда, Экология министрлігі орман және жануарлар әлемі шаруашылығы комитеті басшылығының жазбаша нұсқауларын елемейді де. Өткен жылдың желтоқсан айында облыстық прокуратурада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті және Кәсіпкерлік палатасы қызметкерлерімен бірлескен дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылып, осы жайт жан-жақты талқыға түсті. Осы отырыста да парк басшылығы кезекті бір жалған құжатты көрсетіп, шатастыруға тырысты. Заңсыз іс-әрекеттер осылай жалғаса берсе, әрі қарай қалай жұмыс істерімізді де білмейміз. Бұл әрекетке байланысты қылмыстық іс ашылып, парк басшылығының жасаған жалған құжаты экспертиза қорытындысымен дәлелденді және барлық заңсыз сот актілерінің күші жойылды. Парк басшылығы баяғы іске аспаған жоспарларына биыл тағы да кірісті. Осы уақытқа дейін парк әр хатында келісімшартты біржақты бұзамын деумен келеді. Парк басшылығы Түркістан облысы Табиғат қорғау прокуратурасын жеке мүддесі үшін екі рет алдады. Неге десеңіз, прокуратура тексергенде, «BALNUR» ЖШС-на қатысты құжаттардың ұсынылмауына байланысты толыққанды зерделеу жұмыстарын жүргізе алмаған. Сонымен қатар, прокуратура ұсынысына қолданылған шара ретінде «Сайрам-Өгем МҰТП» РММ-нің серіктестікке ескерту хатында келісімшарттың 3.13-бабын әдейі бұрмалап, прокуратураға жалған ақпарат берген.
26.11.2020 жылы парк басшысы міндетін атқарушы орынбасарының қол қойған хатын жіберді. Бұл хатта да келісімшартты біржақты бұзатындығын көрсеткен. Осы хатта «BALNUR» ЖШС-не 12.03.2020 және 07.09.2020 жылы хаттар жолданғанын көрсетеді. Бірінші хатты алмағанмын, өйткені, бұл кезде еліміз бойынша төтенше жағдай енгізіліп, бекеттер қойылған болатын. Осындай форс-мажор жағдайда мені кінәлап, өз мақсаттарына жетпекші. Ал, екінші хатты алғаннан кейін паркке кемі 10 мәрте бардым. Хат жаздым, қосымша шарт жасау туралы ұсыныс бердім. Олардың жауап хатында қосымша шарттың нұсқасы дайын еместігі және келісімшартқа қол қойып, мөр басатын басшының жұмысқа келмей жүргендігі айтылған.
18.09.2020 жылғы хатыма заңда белгіленген мерзімде жауап берілмеді. Неге уақытылы жауап берілмегендігін сұрап барғанымда, С.Қынтаев ешқандай қосымша шарт жасалмайтындығын және сот арқылы жердің қайтарылатындығын айтқан болатын. С.Қынтаев 07.09.2020 жылғы №482
санды хатында келісімшарттың 3.12- бабы бойынша қосымша шарт жасалу керектігін атап көрсетіп, жылына 420 мың теңге төлену тиістігін жазған. Енді №355 санды 26.11.20 жылғы хатымен ешқандайда қосымша келісімшартсыз 2.12.20 жылға дейін аталған қаржыны арнайы есеп шотқа төлемесең келісімшарт біржақты бұзылады деп отыр. 2016 жылға дейін келісімшарттың осы 3.12-бабы бойынша жыл сайын қосымша шарт жасалып, жылына 100 мың теңгеден астам парктің арнайы есепшотына төлеп келген болатынмын. Парк басшылығы ҚР заңында келісімшарттар заңды тұлғалар арасында жасалса және міндеттер 1 жылдан асатын жағдайлар туындататын болса, міндетті түрде қосымша шарт жасалатындығынан және Әділет органында тіркелетіндігінен бейхабар.
22.10.2020 жылы «Сайрам-Өгем МҰТП» РММ-ci «BALNUR» ЖШС-не ескерту хат жолдап, келісімшарттың 3.13-тармағы талаптарының орындалмауына байланысты 28.01.2011 жылы жасалынған келісімшарттың бұзылып, тоқтатылатындығын хабарлайды. Ескерту хатында «BALNUR» ЖШС-не өз мiндетiн қисынды мерзiмде орындауға мүмкiндiк бермей отыр. Яғни, хатта 60 күн ішінде 8 коттеджді салып бітіруім керектігі көрсетіліпті. Былайша айтқанда, әлі СЖТ, жұмыс жобасы, экспертиза қорытындылары, ГАСКтен, парк тарапынан рұқсат алынбаған құрылысты аяқтауды сұрайды.
Келісімшартта жер пайдаланушы бір жылда салынатын нысандардың жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу және үш жыл ішінде объектіні салу туралы мерзімі мүлдем көрсетілмеген. «Сайрам-Өгем МҰТП» ОҚО, Төлеби ауданы, Біркөлік шатқалында орналасқан №10 орамның № 6, 21, 22,23
телімдерінен 7 га жерді туристік, рекреациялық мақсаттағы жер телімдерін конкурсқа шығарғанда, конкурстық құжаттамада, газет бетіне жарияланған хабарламада осы конкурсты жеңіп алатын қатысушы бір-екі жыл ішінде осы жер телімдеріне 10 коттедж салуға міндетті деп көрсетпеген. «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ-мен түзілген 28.01.2011 жылғы №2 санды келісімшартта «BALNUR» ЖШС он коттедж, бір асхана, бір қойма, бір спорт алаңын салып беремін деп міндеттеме алған емес. Сонымен қатар, ҚР Үкіметінің 07.12.2006 жылғы №1181 санды Қаулысымен бекітілген Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристiк және рекреациялық мақсаттағы объектiлердi салуға конкурстар өткiзу ережесiнде тек конкурсты өткізу тәртібі қарастырылған, ал құрылыс нысанын салу, келісімшартты бұзу немесе жер телімін қайта алу процедурасы мүлдем көзделмеген. Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің 05.07.2012 жылғы №910 санды Қаулысымен аталған ереженің күші жойылған. «Cайрам-Өгем» МҰТП-нің бас жоспары 2008 жылы «Терра» ЖШС тарапынан жасалынған екен. Бұл құжатпен мені ешкім таныстырмаған. Бұл бас жоспар 10 жыл мерзімге жасалады. Қолдану аясы 2 жыл бұрын, яғни 2018 жылы біткен, құқықтық мәртебесі жоқ құжатты негізге алып сотқа бермекші. Парк басшылығының
айтуынша, 2020 жылы жаңадан бас жоспар бекітілген. Бұл бас жоспар бойынша мен 150 миллион теңге инвестиция салуым керектігі көрсетілгендігін айтады. Осыған байланысты мен парк басшылығына заңның талабына сәйкес қосымша шарт жасалуы, демалушылардың заманауи сұранысына сай кейбір құрылысқа рұқсат етілуі керектігін және бұл бас жоспар бізбен келісіп жасалмағандығын ескерттім. Менің 15.09.2020 жылғы хатыма әдейі жауап бермей отыр. Парк басшылары сотқа беру үшін ескерту берілгеннен кейін келісімшартты бұзу үшін 60 күннің өтуін күтіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында және Nur Otan партиясының соңғы съезінде «бизнеске кедергі келтіру және заңсыз араласу ауыр қылмыс қатарына енгізілсін» деген болатын. Ал, «Cайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «BALNUR» ЖШС-не жұмыс істетпей, негізсіз, әртүрлі әкімшілік кедергілер жасап, жылжымайтын мүліктерін арзан бағамен алып қоймақшы». Арызданушының осы уәждерінің қаншалықты рас екенін білу мақсатында біз «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи парк директоры Қанат Пилалов мырзаның қабылдауында болдық. Ол кісі өзінің жұмысқа жаңадан келгендігін, бұл жағдай бойынша мәліметтерден бейхабар екенін және осы жағдай бойынша комитеттен арнайы тексеру жүргізіліп жатқанын айтып, тексеру қорытындысы шыққанға дейін күте тұруымызды өтінді. Біз мұнымен келістік. Комитет тарапынан жүргізілген тексеру қорытындысын парк басшылығынан емес, арызданушыдан алдық. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Е.Мұратов қол қойған хатта жағдайдың сараланғаны айтыла келе, «Комитет Ұлттық парктің Төлеби филиалына қарасты Біркөлік шатқалының туристік және рекреациялық аймағынан барлығы 7,0 (жеті) га жер учаскесінде рекреациялық және туризм мақсатындағы объектілерді салуға және ұзақ 49 жыл мерзімге жалға беру туралы 28.01.2011 жылғы №2 келісімшартпен көзделген міндеттемелер «BALNUR» ЖШС тарапынан тиісінше орындалмауына байланысты Ұлттық паркпен келісімшартты мерзімінен бұрын бұзу жөніндегі әрекеттерін құқылы деп санайды» деп қорытындыланған екен. Бірақ, арызданушы бұл қорытындымен де келіспейтінін білдірді. «Хаттың шығыс нөмірі жоқ, қай күні екендігі көрсетілмеген. Мен шағымымда тексерудің міндетті түрде менің қатысуыммен жүргізілуін ерекше сұрағанмын. Бұл тексеру менің қатысуымсыз жүргізілді. Бес күнге тағайындалған тексеруде комитет қызметкерімен тек 2 сағаттай ғана бірге болдық. Сондықтан да бұл комиссия тексеруін заңсыз деп есептеймін. Хатта баяндалғандай, тексеру тек біржақты болған және тек Ұлттық
парктің жалған уәждері ғана негізге алынған. Орман және жануарлар әлеміне тиісті заңдылықтарды қадағалайтын екі бірдей – Қызылорда және Түркістан облыстық аумақтық инспекцияларының қорытындыларын назарға алмай, өз беттерінше шешім шығарып отыр. Екі мекеме де Ұлттық парктің негізге алған Түркістан облысы экология прокуратурасының ұсынысында кемшіліктер кеткендігін, атап айтқанда, заңда көрсетілмеген біржақты бұзу процедурасының заң талабына қайшы екендігі нақты көрсетілген. Келісімшарттың 5,3- тармағында келіспеушіліктер сот арқылы шешіледі делінген. Ал бұл даулы мәселе сотта қаралып, нүкте қойылған», – дейді С.Садықов.
Бұл дауға өз кезегінде «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлік палатасы да араласқан болатын. Таразының екі жағында тұрған тараптардың қайсысының уәжі дұрыс екенін білу мақсатында осы палатаның қызметкерімен де хабарласқан едік.
– «Сайрам-Өгем» ұлттық паркі мен «BALNUR» ЖШС арасындағы негізгі дау туристік мақсатта салынуы тиіс 10 үйге қатысты болып
жатыр, – дейді Түркістан облыстық Кәсіпкерлер палатасының бірінші дәрежелі эксперті Әсел Нарымбетова.
– Негізі, 2011 жылы екеуара жасалған келісімшартта 10 үй салу керек деген талап болмаған. Бірақ, бас жоспарда көрсетілгенге ұқсайды. Кәсіпкер бас
жоспарды жалған құжат деп есептейді, ол сотпен де дәлелденген дегенді айтады. Ал парк басшылығы оны мойындамай, келісімшартты біржақты бұзуға әрекет етуде. Келісімшарт біржақты бұзылмайды. Бұл туралы біз прокуратура органдарына да жазғанбыз. Алайда, әзірге нақты жауап жоқ. Жалпы алғанда, бұл келісімшартта әу баста шикіліктер көп болған. Міндеттемелер нақты көрсетілмеген. Сол себепті қазір дау туындап отыр. Біздің палата бұл іспен өткен жылдың қыркүйек айынан бері айналысып келеді. Ұлттық парк, прокуратура мен кәсіпкердің басын қосып, дөңгелек үстел отырысын да өткіздік. Сол жерде мәселе талқыға түскенімен, әлі шешім қабылданбады. Дау созыла бермес үшін, кәсіпкер өзі айтып жүрген құжаттардың жалған екендігін сот арқылы дәлелдеп, соңғы нүктені қойдыруы тиіс деп ойлаймын. Әйтпесе, жұмыс істеу қиын. Әрине, соңғы нүктені сот қоятыны түсінікті. Дегенмен, Президенттен бастап барлық деңгейдегі лауазым иелері, оның ішінде Бас прокуратура да түрлі мекемелер
тарапынан кәсіпкерге жөнсіз тиісіп, жұмысына кедергі жасап, тосқауыл қойып жатқанда, облыстық прокуратураның бұл іске қатысты нақты шешім қабылдауға неге құлықсыздық танытып отырғаны түсініксіз. Әйтпесе, кәсіпкердің Ұлттық паркпен соттасып жүргеніне бақандай жеті жыл болған екен. Дау қашанға дейін жалғаспақ? Мұндай кедергілермен кәсіпкер кәсібін қалай жүргізеді?
Шадияр МЕКЕНБАЙҰЛЫ
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ

Комментарий